Білім ордасында – бірегей акция

Сәрсенбі күні Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде аталған білім ордасы басшылығы мен Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «National bookdating» акциясы өтті.

Шараға қатысушылар қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының, Ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, студенттер және БАҚ өкілдері болды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бары белгілі. Міне, аталған акция да осы жобаны талқылау аясында өткізіліп отыр.
Ел дамуы жолында маңызды құжатқа айналған бұл мақаланың жарияланғанына биыл – бір жыл. Яғни, жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға да есеп берер кез келді. Бұл ретте, өткен аптада елордамыз – Астана қаласында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша тәржімаланған алғашқы кітаптардың таныстырылымы өткен еді. Сөйтіп, философия, дінтану, антропология және журналистика салалары бойынша 18 кітап пен оқу құралы жарық көргені туралы естіп-білдік. Мұндағы әр оқулық 10 мың данамен таралып, бір айдың көлемінде жоғары оқу орындары мен кітапханаларға жеткізіледі. Мұнымен қоса, оқу бағдарламасына да енгізіледі.
Он сегіз кітап өңірімізге әлі жол тарта қоймағанымен, студенттерді қызықтыру, әрі, тың туындылар туралы құлағдар ету шаралары басталып кеткен. Оған – осы шара куә.
Кітапхана кіреберісінде арнайы кітап көрмесі де ұйымдастырылыпты. Алғашында, аударылған он сегіз кітап келіп үлгерген екен деп аңтарылғанымызбен, біле келе, бұрыннан бар кітаптар екенін түсіндік. Еліміздегі жоғары оқу орындар қауымдастығы аталған білім ордасына 71 кітап ұсынған екен. Техника, есеп-қисап, математика салаларына қатысты бұл кітаптар кілең қазақ тілінде басылып шығыпты. Барлығы дерлік шетел авторлары. Бір қызығы, бұл кітаптар орысша аудармасынан емес, шет тілінен тікелей аударылғанын білдік. Яғни, орысша баламасын кезіктіре қою қиын.
Сөйтіп, игі шараны университеттің әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қосман Әбілов ашып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының қоғамдық сананы жаңғырту бағытындағы рөліне, соның ішінде, «100 жаңа оқулық» жобасының өскелең ұрпаққа білім беру ісіндегі маңыздылығына тоқталып, орамды ойларымен бөлісті.
Бұдан әрі, шараға арнайы ат басын бұрған спикерлер қатысушыларды әлемнің ең үздік кітаптарымен таныстырып, Елбасы бастамасымен қолға алынып жатқан бұл аударма жұмысы қаншалықты маңызды болса, соншалықты қиын екенін де тілге тиек етті.
Рауан Қабидолдин.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.