Ұрпақ болашағы — білімде

Жасыратын несі бар, мұғалім қоғамға ең қажетті мамандық екеніне қарамастан, кейінгі кезде оның беделі күрт төмендеп кетті. Қоғам құрметінің кемуі, жартымсыз жалақы білім саласында білікті кадрдың тапшылығына тап қылды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы білім мәселесі — ұрпақ тағдыры, ал, ұрпақ тағдыры — Ұлт тағдыры екенін ұқтырды.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің онлайн форматта өткен отырысында ең бір нәзік әрі «тұзы жеңіл» білім саласына байланысты келелі әңгіме қозғалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта қандай нақты қадам жасау керектігін қадап айтты. 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаржы көдемі 6 есеге өседі. Сондай-ақ, бұл салада бірқатар түбегейлі реформа жасалады.

Президент Тіл комитетін Білім және ғылым министрлігінің қарамағына берудің маңызына тоқталды. Үкіметке баланы мектепке дейін дамытудың толыққанды моделін әзірлеуді жүктеді. Білім және ғылым министрлігіне сапасыз оқулық дайындаған адамның жауапкершілігін заңнамалық тұрғыда бекітуді тапсырды. Білім берудегі алшақтықты азайту үшін ауыл мектебін білікті кадрмен қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.

Ұстаздардың әлеуметтік ахуалын жақсарту мәселесі де назардан тыс қалмады. Кеңесте мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін арттыру қажеттігі айтылды. Мемлекет басшысы бұл мәселені шешуде Еуропа елдерінің тәжірибесіне назар аудару керек екендігін атап өтті.

Қайрат СМАЙЫЛОВ,

№16 жалпы білім беретін

 орта мектеп директоры.

СӘТБАЕВ қаласы.