Білім ошақтарындаОблыс әкімі

Білім күнімен құттықтады

Қарағанды облысының 489 мектебінде жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталды. Партаға 209 мың оқушы отырды.

Оқушыларды Білім күнімен өңір басшысы Жеңіс Қасымбек құттықтады. Ол облыс орталығындағы Пришахтинск шағын ауданының №51 қосымша білім беру мектеп-орталығында болды.

– Бүгін облыста 20 мыңнан астам бірінші сынып оқушысы мектепке барды. Барлық оқушыларға сәттілік тілеймін. Біз бір жарым жыл карантин жағдайында өмір сүріп, жұмыс істеп келеміз, барлығы мектепті сағынды. Біздің ұстаздарымызға үлкен рахмет – қиын жағдайға қарамастан, олар балаларға сапалы білім беруде, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі бірінші сынып оқушыларына «Әліппе» және «Букварь» сынды алғашқы кітаптарын табыс етті.

51-ші мектепте бағдарламаға сай оқытудан басқа 12 бағыт бойынша тегін үйірмелер жұмыс істейді. Директор Өрікбай Ариновтың айтуынша, онда көрші мектептердің оқушылары да айналысады. Үйірмелерге барлығы 500-ден астам балалар мен жасөспірімдер келеді.

Сонымен қатар, мектеп инклюзивті болып табылады. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Мектеп ауласында облыстағы алғашқ сенсорлық бақ құрылды.

– Біз табиғи материалдарды – құм, қиыршық тастар, конустар және басқаларын қолдандық. Сенсорлық бақ балалардың айналаны қабылдау деңгейін және ұсақ моторикасын дамытады. Бұл экотерапияның қуатты құралы болып табылады. Сонымен қатар, ашық түстер жағымды эмоциялар тудырады, балаларда эстетикалық талғам дамиды, – деп атап өтті жобаның бастамашысы, биология мұғалімі Саида Шералиева.

Бақшаны құру үшін мемлекеттік қаражат жұмсалмады. Идеяны мұғалімдер, балалар және ата-аналар бірлесіп жүзеге асырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button