Білім берудің жаңа биігі

    Қыркүйек айында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ профессорлық-оқытушылық құрамы Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау аудандарында аймақ мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсету мақсатында іссапарда болды.

Мұндағы мақсат ағымдағы оқу жылында еліміздің барлық білім беру ордаларының 5-7 сыныптарына енгізіліп отырған жаңартылған мазмұндағы пәндер бойынша оқу бағдарламаларының мұғалімдер тәжірибесінде жүзеге асырылуын бақылай отырып, талдау жүргізу. Сондай-ақ, оқу жылы басталысымен мұғалімдердің көңілдеріне жинақталып қалған түрлі сауалдарға жауап беру, тәжірибеде кездесіп жатқан қиындықтарды бірлесе отырып шешу, кеңес беру.

Аталған аймақ мұғалімдері мұндай мақсаттағы әдістемелік топтың келуін асыға күткендіктерін көрсетті. Оған дәлел – әр қалада ұйымдастырылған семинарға жиналған мұғалімдер санының көптігі. Айтар болсақ, бастауыш сынып, қазақ және орыс тілі, математика, физика, биология және химия пәндері бойынша 400-ге жуық мұғалім қатысты.

Аталған іс-шара аясында «Өрлеу» БАҰО» Қарағанды филиалының тренерлері жергілікті жерлердегі мұғалімдердің сабақтарына қатысып, жаңартылған мазмұндағы сабақтардың өту барысымен танысты. Сабақ соңынан мұғалімдермен бірге тәжірибеде кездескен артық-кем тұстарды, ұтымды немесе олқы тұстарын айта отырып, оны жақсарту жолдары бойынша өзара пікір алмасты. Тренерлер мұғалімдермен бірлесе отырып, тәжірибені жақсартудың басым бағыттарын анықтады. Оқытуда деңгейлік және жаңартылған бағдарламаларды кіріктіру идеясы, жұмыс мазмұны мен әдістерін іріктеу оқушылардың білім алудағы белсенділіктерін арттыратындығын айтып өтті.

Әдістемелік десант соңында тренерлер жетекші және қосалқы мектеп үйлестірушілермен кездесіп, онда әдістемелік күннің қорытындысы бойынша шешімдер шығарылды. Десант қорытындысы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен мұғалімдердің мектепте білім беру сапасын арттыруға  бағытталған  инновациялық тәжірибені табысты жүзеге асыра отырып, жоғары деңгейде алға ілгерілеп келе жатқандығын көрсетті.

Н.АКУЛЬБЕКОВА,

«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды

облысы бойынша ПҚ БАИ тәрбие және тұлғаны әлеуеттендіру кафедрасының аға оқытушысы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.