Басты тақырыпОблыс әкімі

Билік пен зиялы қауым кеңесті

   Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде облыстың зиялы қауымы атап айтқанда, Қарағанды облысындағы жоғары оқу орындарының басшыларымен, ғалымдарымен және оқытушыларымен кездесіп, аумақтың ғылыми және инновациялық әлеуетіне қатысты ашық әңгімеге тартты.

Аймақ басшысы алдымен аталмыш оқу орнымен танысты. Айта кету керек, бірқатар оқу орындарымен салыстырғанда, Кеңес Одағынан бері атағынан ат үріккен Қарағанды экономикалық университеті қазір де оқ бойы алда. Цифрлық әлем, озық технология туралы сөз жүзінде ғана қалдырмай, университеттің күнделікті өмірін де соған сай ұйымдастырған оқу орнында студенттер үшін барлық жағдай жасалып, заманауи технологиялармен толық жабдықталған. Қазақстандағы тұңғыш электронды мұражай да осы оқу орнында. Шетелдіктердің өзі қызығушылық танытқан бұл мұражайда оқу орнының тарихы цифрландырылып, барлық құжаттар мен суреттер электрондық нұсқада көрсетіледі. Облыс басшысы да зиялы қауым өкілдерімен алғашқы кездесуін осы жерде бастады.

Қарағанды облысы қай кезде болсын қазба байлығымен қатар, білімі, мәдениеті, әдебиеті болсын, басқа облыстармен салыстырғанда көш ілгері. Жер асты байлығы облыс тұрмақ, бүкіл Қазақстанның экономикасын көтеруде қомақты үлесті еншілеп отыр. Төртінші революциялық дәуірге аяқ басқан кезеңде бар дүниені ашкөздікпен пайдаланбай, технологиялық прогресс жаңалықтарымен ұштастыра отырып, екі-үш есе пайда табу арқылы экономиканы одан әрі өркендете түсу мүмкіндігі болады дейді кездесуге келген ғалымдар. Бұған «Қазақмыс» болмаса жұмыссыздық жайлау қаупі бар Жезқазған өңірін қосуға болады. Жезқазғандық ғалымдардың айтуынша, әлі де зерттеуді, игеруді талап ететін бұл өңірде талай буынды жұмыспен қамтамасыз етуге қабілетті кен орындары баршылық. Қынжылтатыны – варварлықпен игеріліп, арзанға сатылып жатқан иен байлықты қазіргі кезде танымал болған нано-технологияларын қолдану арқылы сол жерден шығатын мыстан мыс жіптері мен мыс ұнтағын шығарып, оны шетелге қымбат бағамен сату, тіпті, елімізде пайдалануға қабілетті бола тұра, қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдаланбау. Бұл орайда Жезғазған оқу орнының ғалымдарының әзірлеген ғылыми жаңалықтары да жоқ емес. Бірақ, жоғарыда атап өткеніміздей, ғылым мен өндіріс саласындағы байланыстың жоқтығы ғалымдардың да қолын байлауда.

Бір түйір топырағының өзін қасиетті жаратқан Қарағанды жерінен шығатын, сапасы төмен деген көмірдің де құрамында Менделеев кестесіндегі элементтердің біразы бар. Бірақ, шашылып, далада қалған ен байлық. Әлеуеті жоғары деген ғалымдар көмір құрамындағы металды алу жолын да ойластырғанымен, айналысатын өндіріс жоқ. Осы орайда Елбасы айтқан прагматизм мәселесі де бой көтереді. Яғни, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көрегенділікті көрсетеді делінген. Олай болса, Президенттің тапсырмасы мен болашаққа көрегенділікпен көз салған қарағандылық ғалымдардың ойлары бір жерге тоқайласқан.

Тағы да Елбасы осы мақалада «…туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі» – деп айтқан болатын. Генетикалық код демекші, ғалымдардың айтуынша – жер астында кен қазып, домна пешінде металл қорытқан, ашаршылықты, елінің басындағы қиындықты көрген ұрпақ өкілдерінің бойында қалыптасқан, санасында сіңіп қалған код – еңбеккерлік, жанашырлық, ұлтының мүддесі үшін еңбек ету қабілеті қарағандылықтардың қанында сақталған және ол жәй құбылыс емес. Ұлт ұясы атанған Ұлытау өңірінде де әлі талай құпиясы ашылмаған дүниелер жеткілікті. Бұл ұлттық бірегейлікті сақтаудың бірден-бір жолы болмақ дейді пікірлерін білдірген ғалымдар.

Кейінгі жылдары алаңдатушылық туғызып, елдің үрейін алып келе жатқан су тасқыны мәселесін де ғалымдармен ақылдаса отырып шешуге болады екен. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың жас ғалымдарының айтуынша, цифрлық технологияны қолдану арқылы тасқынның алдын алуға да болады. Жас ғалымның пікіріне қызығушылық танытқан Ерлан Қошанов алдағы уақытта қарағандылық жас ғалымдармен тағы бір мәрте кездесу ұйымдастырып, ой-пікірлерін тыңдауға уәде етті. Келісіп пішкен тонның келте болмасы анық. Халықтың санасына дұрыс жеткізе алатын да осы зиялы қауым. Облыс басшысы зиялы қауым өкілдеріне жер-жерлерге, әсіресе, ауылдық жерлердің мектептеріне шығып, әлемде болып жатқан жаңалықтар, инновациялар туралы, ғылым жаңалықтары туралы лекциялар оқу, оқушылармен кездесулер ұйымдастыру арқылы әркімнің өзінің туған жеріне деген үлесін қосуға болатынын айтты. Бұл орайда латын әліпбиіне көшу мәселесіне де тоқталмай кету мүмкін емес. Халық арасында екі жақты пікірдің пайда болуы, дұрыс түсінбеушіліктің болуы да оқытушылар тарапынан алаңдатушылық тудыруда. Сол себепті, жер-жерлерге шыққанда, осы мәселеге қатысты дұрыс насихат жүргізуде. Бұл – туған жерге тағзым етудің бір парасы.

Кездесу барысында жоғары оқу орындары ғалымдарының жаңалықтарын өндірісте пайдалануға қатысты кеңес беру-сараптамалық орталығын құру туралы ой айтылды. Жоғары оқу орындарының оқытушыларынан, өнеркәсіп қызметкерлерінен, өндіріс басшыларынан тұратын кеңес құрып, ортақ шешімге келу арқылы Елбасының биылғы, Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»

атты Жолдауында, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған мәселелерге сай орайластыру үшін жиналыс жасап отыру қажет деген шешімге тоқталды.

Бұл Ерлан Қошановтың жоғары оқу орнындағы бірінші кездесуі. Ендігі кездесуді ҚарМУ мен Қар­­­МТУ-да өткізуді жоспарлап отыр.

Кездесуде ғалымдар ашық пікірлерін айтты, билік тарапынан оларға оң баға берілді. Ендігі міндет – келелі мәселелерді бірлесе шешіп, Елбасы тапсырмасын орындау жолында жұмыла еңбек ету.

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетов өз кезегінде облыс басшысына алғысын айтып, осындай кездесулер арқылы ғалымдардың көкейінде жүрген біраз мәселенің де түйіні тарқатылатынын айтты.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button