Билердің ой-толғам құндылықтары
…Билердің шығармашылығында халықтың наным-сенімдері мен этикалық-адамгершіліктік құндылықтары жетекші рөл атқарды. Философияның негізгі категориялары зұлымдық пен мейірімділік, жауыздық пен кешірімшілдіктің мәндері, қарама-қарсы ұғым-түсініктердің ара-қатынастары диалектикасы бағамдалғанын көреміз. Басқаны бақытты сезіндіру деген ұғымды дәстүрлі қазақ философиясында билер шығармашылықтарынан бағамдаймыз. Билер институтының атқарған қызметін Қазақ даласындағы еркіндіктің жарқын көрінісі деуге болады. Сондықтан да, таңдау еркіндігі адамға берілген үлкен сый. Еркіндікті адамның бақытты сезіну шақтарымен шендестіруге болады.
Қоғам дамуының әр кезеңі адам болмысының дамуы арқылы болады. Адам өзін-өзі жетілдіре отырып, қоғамды жетілдіреді. Адамдар өздерінің іс-әрекеті арқылы қоғамның алға жылжуына тікелей қатынасады. Сондықтан, қазақ хандығы тұсындағы билер атқарған ұлы істер адамды рухани жетілдіруге бағытталғандығымен құнды деп есептейміз. Ата-бабаларымыздан келе жатқан архаикалық құндылықтардың да атқарар қызметі аз емес.
Қазақ халқының тағдырын шешуде көш бастаған көсемдері, сөз бастаған шешендері мемлекеттік істерді реттеп отырды. Солардың ішінде ерлікке лайық батылдық пен ер жүректік көрсеткен мәмлегеріміз Қаздауысты Қазыбек би. Оның даңқы мемлекеттік мәселелерді шешуде іскер мәмлегер дәрежесіне дейін көтерілді.
Б.СӘРСЕМБЕКОВ,
ҚР Халық қаһарманы Рақымжан
Қошқарбаев атындағы Балқаш техникалық колледжінің оқытушысы.