Биік мінберде – біздің ел

      Ширек ғасырлық Тәуелсіздік тұғырын айқындаудың бірнеше бағыты бар. Соның бірі – қазақ елін әлемдік қауымдастыққа танытудағы Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын қалыптастыру мен дамытудағы ел Президенті және дипломатиялық корпустың қызметін көрсету.

     Егеменді Қазақстанның сыртқы саясаты мен дипломатиясының қалыптасуына және оның дамуына, сыртқы саясатты жүргізуші кәсіби дипломаттарды таңдауда, отандық дипломаттарды әзірлеуде Президенттің еңбегі зор. 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Республикасы БҰҰ-на 168-ші мүше болып қабылданды. Қазақстан үшін бұл тарихи күн саналады. Осы күннен бастап, әлем мемлекеттері қазақ мемлекетін ресми түрде таныды. Еліміздің көкбайрағы алғаш рет БҰҰ ғимаратының алдында желбіреді. Нью-Йорк қаласында Қазақстанның Тұрақты өкілдігі ашылды.

     Нұрсұлтан Назарбаев Президент ретінде БҰҰ алдында өзіне алған халықаралық міндеттемелерді мүлтіксіз орындау арқылы Қазақстанды жауапты әріптес ретінде танытып келеді. БҰҰ-ның Жарғысында мазмұндалған мақсаттар мен қағидаттарды іске асыруда Қазақстан үнемі белсенділік көрсетті. Оның ең алғашқысы 1992 жылғы Президент Н.Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамлеясында сөйлеген сөзі және тарихи маңызы бар ұсыныстар жасады. Бірінші ұсыныс арқылы Президент Н.Назарбаев БҰҰ-ға мүше-мемлекеттерді өздерінің қорғаныс бюджетінен ерікті түрде 1 пайыз жарна аудару арқылы «бір+бір» формуласы бойынша БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігер қорын қалыптастыруға шақырды. Екінші ұсынысы – Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңесті шақыру (АӨСШК). Бүгінгі күні Қазақстан Президентінің бұл бастамасы, яғни, АӨСШК Азия құрлығында қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруда маңызды құрылымға айналды.

     БҰҰ мінберінен Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қауымдастықтың назарын Семей және Арал проблемаларына аударды. Президент Семей ядролық полигонының қазақ даласына әкелген экономикалық, экологиялық және әлеуметтік зардаптарын дәлелдеді. Қазақстан басшысы «ядролық қарудан бас тарту – өркениетті құтқарудың бірден-бір дұрыс жолы» деді. Осы жолда атқарылған көптеген іс-шаралардың нәтижесінде 1991 жылдың 29 тамызында тарихи құжатқа қол қойылып, Қазақстанда ядросыз саясаттың негізі қаланды. БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстан бас­тамасын қолдап, өзінің 64-ші сессиясында 29 тамыз күнін «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» деп жариялады.

     Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан БҰҰ шеңберіндегі үлкен шаралардың тағы бірі – 2000 жылы өткен ұйымның Бас Ассамблеясының 55-ші мерейтойлық сессиясы. Осы сессияның шеңберінде БҰҰ-ның Мыңжылдық саммиті өтті. Саммитте Н.Назарбаев «жаңа мыңжылдық адамзат өміріне үлкен өзгерістер әкеліп, бетбұрыс кезеңнің басталғандығын білдіретіндігін» айтып, қауіпсіздік мәселесіне тоқталды. Сонымен қатар, 2002 жылы Йоханнесбургте өткен тұрақты даму жөніндегі БҰҰ Бүкілдүниежүзілік саммиті жұмысына да қатысып, сонда сөйлеген сөзінде «БҰҰ-ның жаһандық экологиялық проблемаларды ауқымды инвестицияларды тарту арқылы шешу жөніндегі нақтылы ұсыныстары бар Реестр жасау керектігін» айтты. Сонымен бірге, «тұрақты даму – бұл жай ғана айтыла салған сөз емес, адамзаттың аман қалып, өмір сүру формуласы» екендігін мәлімдеді.

    Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылғы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші мерейтойлық сессиясының пі­кір­­сайысында сөйлеген сөзінде де жаңа идеялар мен ұсыныстар жасады. Бұлар – БҰҰ экономикалық және әлеуметтік кеңесін жаһандық даму кеңесіне айналдыру, 2016 жылы БҰҰ-ның халықаралық құқықтың арқаулық қағидаттарын бекітуге арналған жоғары деңгейдегі халықаралық кон­ференциясын шақыру, халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құру, БҰҰ-ның ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларациясын қабылдау, БҰҰ-ның штаб-пәтерін Азия құрлығына көшіру, жаңа әлемдік валюта енгізу, «Жаһандық стратегиялық бастама – 2045» жоспарын әзірлеу». Президенттің ұсыныстарын туралы әлем елдеріндегі ресми баспасөз орталықтары қолдап, өз пікірлерімен бөлісті.

    Президент осы саммитте ресми түрде алты-ақ тілде сөйлейтін БҰҰ мінбесінен қазақ тілінде сөйледі. Бұл қазақ халқы үшін үлкен тарихи оқиға. Қазақ халқының тәуелсіздігін армандаған Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ халқы «олжалы жерде үлестен», «ордалы жерде орыннан», «жоралы жерде жолынан» қалмауы керек деп айтқан сөзі тәуелсіз Қазақстан жағдайында дәлелденгендігінің мысалы. Қазақ халқының 25 жылдың ішінде бүкіләлем танитын ел деңгейіне жеткендігінің, ұлттың ұлылығын көрсетудің бір үлгісі болып, тәуелсіздіктің тұғыры осындай көрнекті іс-шаралармен бекітіліп келеді.

    Тәуелсіздіктің тұғырын нығайту жолында Қазақстан Президентінің сыртқы саясат бағытындағы атқарған жұмыстарын Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде талқылап, оны одан әрі жалғастыруда – қазақ дипломаттарының ролі зор. БҰҰ және Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға үлес қосқан дипломаттардың бірі – Ақмарал Хайдарқызы Арыстанбекова. Оның есімі 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіз мемлекет пайда болған кезден бастап, тікелей БҰҰ-мен байланысты. Н.Назарбаев А.Арыстанбекованы 1991 жылы 20 желтоқсанда Нью-Йоркке Қазақстанды БҰҰ-на қабылдау мәселесімен айналысу үшін арнайы жібереді. Таңдаудың А.Арыстанбековаға түскен, себебі, ол екі жылдай Сыртқы істер министрлігін басқарған және 1990 жылы қыркүйек-қараша айларында БҰҰ Бас Ассамблеясының 45-ші сессиясында жұмыс істеп, тәжірибе жинаған болатын.

    А.Арыстанбекова ұйымға Елші ретінде барған төртінші елші әйел болды. Сол уақытта 176 мүше-мемлекеттің ішінде, тек, төрт әйел-елші, ал, оның үстіне А.Арыстанбекова Азиядан шыққан жалғыз елші әйел болды. Азия елдерінің әйелдері атынан құрметті де жауапты қызметті А.Арыс­танбекованың атқаруы Қазақстан тәу­елсіздігі тұғырының нығайып келе жат­қандығының көрінісі еді.

    А.Арыстанбекованың деректері бойынша БҰҰ-ның қазақстандық өкілдігіндегі шағын топ халықаралық ұйымның қарарларының талқылауларына қалмай қатысып, пікірін білдіріп, солардың бәрінің дауыс беруіне қатысқан БҰҰ-на мүше 20-25 мемлекеттің қатарында тұрған. ТМД елдерінен бұл құрметті тізімге кірген екі мемлекет – Қазақстан мен Ресей ғана болды.

    БҰҰ-дағы Қазақстанның беделін нығайтуда Қасым-Жомарт Тоқаевтың да есімін ерекше атаған жөн. Қ.Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының бірнеше сессиясында сөз сөйледі және онда әлемдік саясат пен халықаралық қатынастардың өзекті мәселелері бойынша Қазақстанның пікірлерін жеткізді. Мысалы, 1995 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 50-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Қ.Тоқаев барлық азиялық елдерді БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясының жоғары мінберінен Президент Н.Назарбаев айтқан идеяны іске асыруға өз үлестерін қосуға шақырып, БҰҰ реформалау туралы көзқарасын білдірді. Қазақ дипломаты өзінің осы ойлары мен көзқарастарын және жаһандық өткір мәселелер жөнінде БҰҰ Бас Ассамблеясының кейінгі сессияларында да айтты. Сонымен бірге, Қ.Тоқаев БҰҰ ЭСКАТО-ның 60-шы сессия жұмысының төрағасы болды.

    Қ.Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болып тағайындалған тұңғыш қазақ азаматы, біздің отандасымыз. Ол бұл қызметке 2011 жылы тағайындалды. Бұған қоса, Қ.Тоқаев БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің директоры және Қарусыздану бойынша конференцияның бас директоры қызметін атқарды. Қ.Тоқаевтың мұндай қызметке тағайындалуы қазақстандық өкілдің биік кәсіби және саяси деңгейін айғақтаумен қатар, қазақ елінің беделін де көрсетеді. Осындай әлемдік деңгейде күрделі саяси мәселелерді шешуге қатысудың өзі тәуелсіз Қазақстанның әлемдік аренадағы беделінің өскендігін көрсетеді.

    БҰҰ мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың дамуына БҰҰ жанындағы Қазақстан өкілдігі барынша қызмет көрсетіп келеді. Қазіргі кезде осы игі шараларды жалғастырушы – Қайрат Құдайбергенұлы Әбдірахманов. Ол Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдың ішіндегі қол жеткізген табыстары мен жеткен жетістіктерін насихаттауда үлкен істер атқаруда.

   Қазақстан дипломатиясының сыртқы саясатта атқарған жұмыстары – Тәуелсіз Қазақ елін Мәңгілік Елге айналдырудың ең басты ұстанымдарының бірі болды. Олай болса, Ұлы Даланы мекендеген бабалар армандаған азаттық, Мәңгілік Ел идеясы бүгінгі күні Қазақстанның ұлттық идеологиясына айналуы – еліміздің сыртқы саясаттағы қол жеткізген табыстарының бірі.

Г.СМАҒҰЛОВА,

Е.Бөкетов атындағы

ҚарМУ-дың тарих

факультетінің деканы.

Н.БЕЙСЕНБЕКОВА,

Е.Бөкетов атындағы

ҚарМУ-дың «Тұлғатану»

ғылыми-зерттеу орталығының директоры.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.