Рухани жаңғыру

Би туралы фильм түсірілуде

    Мұқым қазақтың ұлы биі, қоғам және мемлекет қайраткері Қазыбек би туралы деректі фильмнің түсіру жұмыстарын бастады. Деректі фильмнің мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында ұлттық санамызды жаңғырту және төл тарихымызға тың серпіліс әкелу, бидің өмірі мен қоғамдық қызметі туралы кеңінен насихаттау.

Айтулы фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы қолға алып, белгілі драматург, режиссер Ғазиз Насыров пен әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай түсірілім жұмыстарына кірісіп кетті. Авторлар бұған дейін шығармашылық бірлестікте «Мәди Бәпиұлы» және «Тәттімбет Қазанғапұлы» атты деректі фильмдері арқылы ел ықыласына бөленген. Бұл жолы да байыпты қадам жасаған сценарий авторы әрі фильм режиссерлерінің бірі Ерлан Төлеутайдың айтуынша, Қазыбек би бабамыздың табанының ізі қалған жерлер қамтылып, тарихты терең ұғындыру мақсатында зерттеу жұмысын әрі қарай жалғастыруда. Қаздауысты Қазыбек бидің өмірі мен қоғамдық қызметін зерттеген ғалымдармен сұхбаттасқан.

Бір айта кетері, Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша, Қазыбек бидің 350 жылдығына арналып түсіріліп жатқан деректі фильмде Қазыбек биді танымал театр және кино актері Қайрат Кемалов сомдайтын болады. Сонымен қатар, фильмнен белгілі қоғам қайраткері, антиядролық қозғалыстың белсенді мүшесі, суретші Кəріпбек Күйіковті де көре аласыздар. Жоспарға сәйкес, би өмірі арқылы, қазақтың өткен тарихы мен салт-дәстүрлерін, мәдениетін көрсететін дүние көрермен назарына қыркүйек айында, Қазыбек биге арналған Халықаралық ғылыми-танымдық конференцияда ұсынылмақшы.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button