Руханият

«Би бабам» деп мен жаздым сөз басына

    Бұл өлең – қасиетті баба Қаражігіт бидің мүрдесін Ұлытаудан Жаңаарқаға әкеліп қайта жерлеу туралы даулы әңгімеге нүкте қойған аталы сөздің басы болды. Авторы – Алтын Досжанова  – Жамбыл облысы, Сарысу ауданында тұрады. Алыстан жеткен аманат-жырды ықшамдап, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Елдің бірлігін, ағайынның татулығын мұрат еткен кейуананың пікірі ел арасындағы алауыздыққа тосқауыл болардай  екен. «Тектінің тұяғы, асылдың сынығы» деген сөз қыз да болса, осындай жандарға арналса керек-ті. Ендеше, қаз-қалпында жарияланған қанатты қағиданы бірге оқып көрелік…

Ұқсатып биік шыңның тұлғасына,

«Би бабам» деп  мен жаздым сөз басына.

Батыстан бастап келген Кіші жүзді

Күн туған шақта сонау ел басына.

 

Баба рухы – ұрпақтың алдаспаны,

Жөн болар сабақтасып, жалғасқаны.

Өр рухы бабамның жебеп тұрса,

Ашық болар елімнің мәңгі аспаны.

Көмескі тартып бүгін барады үміт,

Ұрпағымыз танытып дарақылық.

Кіші жүзге би болып, пір болғанмен,

Бар қазақтың қасиеті – Қаражігіт.

 

Би бабамыз айналған піріне елдің,

Бабасына сыйынса, сүрінер кім?!

Көр қазып, сүйек сүйреп күлкі болмақ,

Бұл ісіне не дерсің тірілердің?!

 

Болсын десең өзгеден бағың басым,

Ойыңыздан жамандық табылмасын.

Бабаның сүйегіне тиіспеңдер,

Ұлы бесік Ұлытауда дамылдасын.

 

Ашық аспан, төксін нұр таңда арайын,

Басына белгі қойды аз ағайын.

Кие тұтып, бабаны құрметтеген,

Ниетіңнен бауырлар, айналайын!

 

Алтын ДОСЖАНОВА.

 

ЖАМБЫЛ облысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button