Жаңалықтар

Бес жылда бағындырылған биік

Бейсенбі күні облыстық мәслихаттың кезекті IV сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібінде облыстың 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының орындалуы, 2020 жылға арналған облыстық бюджеттің орындалуы, аймақта дене шынықтыру мен спорт саласын дамыту және тағы да басқа мәселелер қарастырылды.

Сессия отырысына облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК, облыстық мәслихат депутаттары, облыстың басқармалары мен департаменттерінің басшылары, қалалар мен аудандар әкімдері, қоғамдық кеңес мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Сессия жұмысына облыстық мәслихат депутаты Қадиша Оспанова төрағалық етті. Былтырғы жылға арналған облыстық бюджеттің орындалуы бойынша облыстың қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина баяндама жасады.

2020 жылға арналған облыстық бюджет облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 12 желтоқсандағы ХХXIV сессиясында 332,8 млрд. теңге көлемінде бекітілді. Есепті мерзім ішінде коронавирус инфекциясының таралуының тежеу мақсатында жарияланған төтенше жағдайға және Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға сәйкес, бюджетке тиісті өзгертулер енгізілді. Індетпен күресті күшейту мақсатында шығындар қысқарды. Республикалық бюджеттің, Үкімет қорының мақсатты трансферттері сомасы өзгерді. Сәйкесінше, жыл бойы бюджетке 8 нақтылау мен 16 түзету енгізілді. Нәтижесінде, жоспарланған сома 424 млрд. теңгені құрап, бекітілген бюджеттен 27,4 пайызға артты.

Бюджеттің кіріс бөлігі 418,3 млрд. теңгені еңсеріп, жоспар 100,6 пайызға орындалды. Трансферттер мен бюджеттік несиелер төлемдері толық көлемде түсті. Шығыс бөлігіне келер болсақ, мұндағы орындалу көрсеткіші 421,5 млрд. теңгені көрсетіп, жоспардың 99,4 пайызын құрады.

Игерілмеген қаржы сомасы – 184,1 млн. теңге. Мұндағы қаржының басым бөлігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен білім басқармасына тиесілі.

Былтыр облыста 215 бюджеттік бағдарлама жүзеге асырылды. Бұл бағдарламалар бойынша 1736 көрсеткішке қол жеткізу көзделді. Алайда, еңсерілген көрсеткіш көлемі 1591-ді құрады. Салалық тұрақты комиссияларда бағдарламаларды іске асыруда тиісті нәтиже көрсете алмаған администраторлар бойынша мәселелер егжей-тегжейлі пысықталды.

Бекітілген жоспардың орындалмауына төтенше жағдайдың ерекше ықпал еткенін айта кету керек. Тиісінше, облыстық бюджетке дағдарысқа қарсы шараларды дер кезінде қолға алу үшін жедел түрде толықтырулар мен өзгертулер енгізу қажеттілігі туындады. Іс-шаралар көлемінің азайып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысушылардың жоқтығынан үнемделген қаржы кезек күттірмейтін мәселелерді шешуге бағытталды.

Десек те, пандемия да бюджет орындалысы мен бюджеттік бағдарламалар көрсеткішін төмендетуге сылтау емес. Кінәлілер жазасын алуы тиіс. Бұл ретте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының 2 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, мұндай жазаға облыстағы 6 қала мен 6 аудандағы 19 лауазымды тұлға ілікті. Тізімде 2 әкім, 5 жергілікті әкім орынбасары, 12 бөлім басшысы бар.

Тексеру комиссиясының төрағасы Аян Әбдікәрімов облыстық бюджет параметрлері орындалғанын атап өтті. – Тексеру комиссиясы қорытындысының негізгі түйіндері салалық тұрақты комиссияларда қаралды. Бюджет орындалуында бекітілген жоспарлардың маңызды көрсеткіштері игерілді. 2019 жылмен салыстырғанда кіріс көлемі 1,5 есеге өсті. Бұрынғы жылдардағыдай былтыр да кіріс көлемінің басым бөлігі республикалық бюджет трансферттерінен құралды. 75 пайыз, – деді Аян Болатұлы. Күн тәртібіндегі екінші мәселе – облыстың 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының орындалуы бойынша облыстың экономика басқармасының басшысы Азамат Ибрагимұлы Мұқанов есеп берді.

Даму бағдарламасы облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 11 желтоқсандағы XL сессиясы шешімімен бекітілген-ді. Бес жыл ішінде бағдарламаны жүзеге асыру жоспарында 1 трлн. 36 млрд. теңге көрсетілді. Алайда, іс жүзінде барлық қаржы көздерінен 1 трлн. 651 млн. теңге жұмсалды. Басқарма басшысының айтуынша, бюджет қаржысының толық игерілмеуіне бюджетті нақтылауда қаржының бөлінбеуі, жобаларды тапсыру мерзімінің келесі жылдарға шегерілуі, мердігер компаниялардың жұмыс кестесінен кешігуі, мемлекеттік сатып алулардағы үнемдеу, қосымша қаражаттың бөлінуі себеп болған.

Бағдарлама аймақтың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етті. Көлік, инженерліккоммуникациялық инфрақұрылым жақсарып, баспанамен қамту және әлеуметтік нысандар құрылысы мәселелерін шешуге оң септігін тигізді.

Өңірлік жалпы өнім көлемі жан басына шаққанда бес жыл ішінде 68,3 пайызға өсті (2016 жылы – 2682,6 мың теңге, 2020 жылы – 4514,7 мың теңге).

2016 жылмен салыстырғанда өнеркәсіптік өнім 149,8 пайызды құрап, 2917,5 млрд. теңгеге жетті (2016 жылы – 1 947,7 млрд. теңге).

Өңдеу өнеркәсібі өнімінің физикалық көлемінің орташа жылдық индексі 3,1 пайыз деңгейінде тұрақтады. 2019 жылмен салыстырғанда индекс өсімі 3,6 пайызды құрады.

Мұның ішінде, өсім түсті металлургияда – 4,5 пайыз, қара металлургияда – 8,6 пайыз, фармацевтикада – 3 есе, резина және пластмасса бұйымдарын жасауда – 9,8 пайыз, тамақ өнімдерінде – 14 пайыз, басқа бейметалл минералдық өнімдер өндіруде – 2,2 пайыз.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 399,2 млрд. теңгеге жетті. Қолданыстағы бағамен алғанда өсім 2016 жылға – 73,8 пайыз (2016 жылы – 229,7 млрд. теңге).

Негізгі капиталға 678,3 млрд. теңге инвестиция құйылды. Бұл – 2016 жылмен салыстырғанда екі есе артық көрсеткіш (2016 жылы – 317,6 млрд. теңге).

Бес жыл ішінде 1,4 трлн. теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілді. Мұнда 2020 жылы – 466,3 млрд. теңге, 2019 жылы – 434 млрд. теңге, 2018 жылы – 217,7 млрд. теңге, 2017 жылы – 171 млрд. теңге, 2016 жылы – 149 млрд. теңге.

Бағдарламаның алғашқы жылымен салыстырғанда, 55 пайызға артық тұрғын үй пайдалануға берілді. Яғни, 2020 жылы – 529,5 мың шаршы метр. 2016 жылы бұл көрсеткіш 341 мың шаршы метрді құраған еді.

Шағын және орта бизнес қарасы ұлғайды. Биылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, әрекеттегі шағын және орта бизнес нысандарының саны 90 196-ны көрсетті. 2016 жылы облыста 79 424 нысан тіркелген еді.

Жұмыссыздың деңгейін төмендетуге мүмкіндік туды. Бес жыл ішінде жұмыссыздық 5 пайыздан 4,6 пайызға кеміді. Ал, номиналды орташа айлық жалақы 62,4 пайызға артып, 204,2 мың теңгені межеледі (2016 жылы – 125,7 мың теңге).

Жетістіктерді тізе келе Азамат Ибрагимұлы кемшіліктер де бар екенін атап өтті. Мәселен, мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу мен іс-шараларды ұйымдастыруда олқылықтар орын алған.

Бірнеше себебі бар. Негізгі себептердің қатарында қызмет ұсынушылардың келісімшартта көрсетілген міндеттерін орындамауы, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мерзімінің алмастырылуы, кәсіпорындардың өндірістік параметрлерін өзгертуі, қаржы жеткіліксіздігі немесе бюджетті нақтылауда қаржының қарастырылмауы және басқа да сыртқы факторлар аталып отыр. Азамат Ибрагимұлы Қарағанды облысының тексеру комиссиясы тарапынан бағдарламаның аяқ алысы жыл сайынғы іс-шаралар шеңберінде қадағаланып отырғандығын жеткізді.

2020 жылы бағдарлама үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылды: экономика, әлеуметтік сала және инфрақұрылым. Түзілген жобаларға барлық қаржы көздерінен 233 487,56 млрд. теңге жұмсау көзделгенімен, іс жүзінде 211 289,68 млрд. теңге тартылды. Қаржыландыру көлемінің кемуі бюджетті нақтылаудағы өзгертулерден, мемлекеттік сатып алулардағы үнемдеулерден, инвестициялық-инновациялық жобаларды шегеруден туындады.

Облыстық мәслихат депутаты Мұрат Әбілов бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы депутаттардың ұдайы назарында екендігіне тоқталды.

Сондай-ақ, сессияда экологиялық қауіпсіздік мәселелерін шешу, инфляциялық процестерді тежеу, өңдеу өнеркәсібін дамыту, салық базасын кеңейту тақырыптары қаузалды.

Депутаттық корпус бюджеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда облыстың басқармаларының жұмысын жетілдіру, бағдарламалар администраторы тарапынан бюджеттік өтінімді сапасыз толтырылуын болдырмау, инвестициялық жобаларды уақытында іске қосу, құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларын енгізу, администраторлардың облыстың даму бағдарламасының мақсатты көрсеткіштері мен іс-шараларын жоғары сапада жоспарлап, орындауына жіті көңіл аударды.

Тұрақты комиссиялардың кеңейтілген отырыстарында әбден пысықталып, сессияның күн тәртібінде көрсетілген тақырыптар бойынша есептер мәслихат тарапынан қолдау тапты. Депутаттардың ұсыныс-тілектерінің енгізілуімен қабылданды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спорт пен дене шынықтыру саласының қолжетімділігін мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі ретінде көрсетті. Бұл саланың дамуы облыстық мәслихаттың ерекше бақылауында тұр. Аймақтағы аталған саланы дамыту мәселесі туралы облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев айтып берді.

Бұқаралық спорт пен спорттық инфрақұрылымды дамыту, оны тұрғындар үшін барынша қолжетімді ету және халықаралық аренада ел намысын қорғайтын лайықты резервтер даярлау сынды аса маңызды міндеттер басқармаға зор жауапкершіліктер жүктейді. Қазіргі уақытта осы міндеттерді орындау мақсатында облыста 1341 дене шынықтыру және спорт ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде, спорт түрлері бойынша 72 федерация, 65 спорт клубы, 59 фитнес клубы, 109 аула клубы, 22 балалар мен жеткіншектердің дене дайындығы клубы, жалпы білім беретін мектептерде 2337 спорт секциясы, колледждерде 431 секция, жоғары оқу орындарында 126 спорт секциясы және тағы басқалары бар. Бұдан бөлек, балалар мен жастардың спортпен тұрақты түрде шұғылдануын қамтамасыз ету үшін 42 спорт мектебі, Әлия Молдағұлова атындағы спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледжі, Олимпиадалық резервті даярлау орталығы және Жоғары спорттық шеберлік мектебі жұмыс істейді. Бұл мекемелерде 32 706 бала мен жасөспірім спортпен тегін шұғылданады.

Спорт секцияларына баратын балалар мен жасөспірімдердің саны 146 015 адамды құрайды. Бұл, шамамен, 62,7 пайыз.

Дене шынықтыру және спорт саласының 2021 жылға арналған бюджеті 13,3 млрд. теңгені құрайды (2020 жылы – 13,1 млрд. теңге). Оның 2,6 млрд. теңгесі кәсіби клубтарды дамытуға қарастырылған (2020 жылы – 5,4 млрд. теңге).

Мемлекет басшысының кәсіпқой спорт клубтарын қаржыландыру шығындарын азайтуға қатысты тапсырмасын орындау мақсатында 2,8 млрд. теңге бұқаралық спортты дамытуға бағытталды.

Басқарма жұмысының негізгі бағыттарының бірі – спортпен шұғылданатын тұрғындар санын арттыру. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 30,5 пайызды (419 658 адам) құраса, 2025 жылға дейін 45 пайызға жеткізу көзделген. Әрине, мұндай көрсеткішке жету спорт инфрақұрылымының жеткілікті деңгейде болуына тікелей байланысты.

Бүгінде облыстағы қолжетімді нысандар саны 3155-ті құрайды (2020 жылы – 3046). Оның 1230-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Олардың 1735- і – ашық, 1420-сы – жабық нысан.

Мың адамға шаққандағы халықты спорттық инфрақұрылыммен орташа қамтамасыз ету 59 пайызды құрайды. 2021 жылдың жоспары – 60 пайыз.

Облыста спорт нысандары санының жыл сайын артып келе жатқанын атап өту керек. Мысалы, 2020 жылы 109 жаңа нысан пайдалануға берілді. Бұл 2019 жылмен (80) салыстырғанда 25 пайызға көп.

2020 жылы 4 ірі спорт нысаны, атап айтқанда, Қарқаралы мен Теміртауда дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Қарағандыда үлкен теннис және үстел теннисінің заманауи орталықтары қолданысқа берілді. Аталған теннис орталықтарының ашылу салтанатына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қарағанды облысына жасаған сапары барысында қатысып, жоғары баға берді.

Сонымен қатар, 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында басқармаға қарасты 14 спорт мектебіне 967 млн. 538 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

– Бұған дейін депутаттар тарапынан бірқатар спорт мектептерінің жағдайын жасқарту бойынша ұсыныстар айтылған еді. Осыған орай, қажетті шаралар қабылданып, облыстық бюджет есебінен 10 спорт мектебіне 154,1 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Спорт инфрақұрылымын дамыту бойынша бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мысалы, биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша республикалық бюджет есебінен 2 млрд. 508 млн. теңге 5 спорт нысанының құрылысына бөлінді, – деді Темірхан Серікбайұлы.

Осы бағдарлама аясында жоспарланған «Сәтбаев қаласындағы «Юность» стадионын қайта жаңғырту» жобасы қайта қаралып, облыстық бюджет есебінен жұмыстарды биыл бастау жоспарланып отыр.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Ботақара кентінде 320 орынға арналған кешен құрылысы жүргізілуде

Биыл Егіндібұлақ ауылындағы бағдарлама аясында 100 орындық спорт кешені және Шахтер ауылындағы жабық хоккей кортының құрылысы басталып, оларды аяқтау келесі жылға жоспарлануда. Молодежный кентіндегі спорт мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Темірхан Серікбайұлы саламатты өмір салтын насихаттау аясында облыста жыл сайын 9 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара өтетінін айтты. Оларға әр жылы 500 мыңнан астам адам қатысады.

Дәстүрлі, ауқымды шаралар ретінде пандемияға дейін өткізілген «Арманға жол» жартылай марафонын, күзгі жартылай марафон, «Денсаулық фестивалі», «Олимпиада күні» шараларын және бірнеше облыстық спартакиадаларды атап өтуге болады. Аталған іс-шараларға облыс тұрғындарының түрлі санаттары мен жас топтарынан 40 мыңнан астам адам қатысады. Алайда, карантин кезеңінде талапқа сәйкес, спорттық іс-шаралардың дені онлайн-режимге көшірілді.

Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлерін, мүгедектер спортын дамыту, жоғары жетістіктер спорты мәселелері қозғалды. Өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Басқарма басшысы дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерінің жоқтығын, спорт мектептерінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуінің әлсіздігін, спорт мектептеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша жоғары спорттық шеберлік мектебін ашу, маман тапшылығы, жылыту қазандықтарын спорттық нысандардан сыртқа шығару сынды мәселелерді ортаға салды.

Облыстың білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова мектептерді спорттық залдармен қамту туралы баяндама жасады.

Өз кезегінде депутаттар жауапты органдарға дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту бойынша жақын жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұсынды. Ауылдық жерлерде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін тұрғызуда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмін енгізу, мектептерді спорттық құралдармен жабдықтау, аула клубтарын қаржыландыру сомасын ұлғайтып, олардың аймақтағы желісін кеңейтуді назарға алды. Сонымен қатар, жергілікті әкімдерді елдімекендерде әмбебап спорттық алаңдарды тұрғызуға белсенділікпен атсалысуға шақырды.

Сондай-ақ, сессияда Теміртау қаласы мен Бұқар жырау ауданының шекаралары өзгертіліп, Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның, облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің, облыс әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның құрамы бекітіліп, бірқатар білім беру ұйымдарының атауын өзгерту мәселелері депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Сессия отырысының соңында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек аймақтағы қазіргі жағдай және келешек даму жоспары туралы ақпарат берді. – Бірқатар жағымсыз факторларға қарамастан, өткен бес жылдық ішінде оң нәтижелерді қамтамасыз еттік. Экономиканың жыл сайынғы өсіміне қол жеткізілді. Тек, өткен жылдың өзінде экономика көлемі 6,2 трлн. теңгеден асты. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Соның нәтижесінде, жыл санап жұмыс орындарын ашу көрсеткіштері жоғарылады. Егер, бұл көрсеткіш 2016 жылы 12 мың болса, 2020 жылы 30 мыңды құрады. Тау-кен өнеркәсібі өнімінің көлемі – 24,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 15 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығы дақылдары алқабы 20 пайызға ұлғайды. Заманауи технологияларды қолдану арқылы өнім түсімі орта есеппен 10 пайызға көтерілді, – деген аймақ басшысы экономикалық белестерді еңсеру үшін алдағы уақытта қарқынды, кешенді жұмыс жүргізілетінін айтты. Сонымен қатар, вакцинациялау науқанын жандандыруда жергілікті жерлерде белсенділік танытуға шақырды.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button