Берлинге барған батыр
Санаулы күндерден соң жер-жаһанды фашизмнің қанды шеңгелінен құтқарған Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесін қарсы аламыз. Ақтоғайлықтар үшін де бұл атаулы күн өте маңызды. Өйткені, осынау қанқұйлы қырғын соғысқа Ақтоғай ауданынан мыңдаған ер-азамат Отанын қаскөй жаудан қорғауға қатысты. Майдан даласында шейіт болды, ұрыс алаңында бірі аяғын, бірі қолын қалдырды, тұтқынға түсіп, ажал исі аңқыған неміс лагерлерінде азап шекті, сұм соғыстан оралмай, мүлде хабар-ошарсыз жоғалды. «Мың жыл қырғын болса да ажалды өледі» дейді атам қазақ. Міне, сол қанды қырғыннан аман қалып, бейбіт өмірге араласып, еңбек етіп, ұрпақ өргізіп, ғибратты ғұмыр кешкен майдангерлердің бірі, һәм бірегейі – Кәрібай Адамбаев әкеміз.
Кәрібай Адамбаев «Қуаныш» колхозында 1923 жылы дүниеге келген. Кәрекеңнің балалық шағы бал татыған жоқ. Нәубет жылдарымен тұспа-тұс келіп, аштық пен қуғынсүргіннің куәсі болып, ер жетті. Арманына аяқ артып, қиялына қанат бітер жасында, ел шетіне жау тиді. Ішкі Ресейдің Селебе (Челябинск) қаласының маңында күні-түні дамыл таппай, қысқа мерзімдік әскери оқу-жаттығудан өтіп, соғыс машығын үйренді. Сөйтіп, араға бір ай уақыт салып, 28 шілдеде ВолгаДон өзендерінің арасында алғы шепке түскен.
Кәрекең №97-ші атқыштар дивизиясының №41-ші артиллерия полкінде 120 миллиметрлік минометтің көздеушісі болып ұрысқа кірген. Қараша айында №41-ші атқыштар полкін майдан шебінің ең ауыр тұсы Сталинград қаласын қорғауға жібереді. Кәрекең дұшпанға қарсы ұрыс салған Сталинград түбіндегі кескілескен майдан жүз сексен бес күнге созылып, соғыс кеңес әскерлерінің пайдасына шешіледі.
Сталинград үшін ұрыста табандылық пен ерен ерлік көрсеткен кеңес жауынгерлері жоғары наградаларға ұсынылады. Награда алған ер жүрек сарбаздардың сапында Кәрібай Адамбаев та бар еді. Полк командирлері алдыңғы шепте ұрыс салып, жау әскерін жайратып, көзге түсіп, ерлік көрсеткен Кәрібай Адамбаевтың омырауына «Майдандағы ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдарын тағады.
Майдан тағдыры шешілген Сталинград ұрысынан соң Кәрекең №254-ші атқыштар дивизиясының №791-ші артилерия полкіне миномет көздеушісі болып ауысады. Аталмыш полктің құрамында 1943 жылы Воронеж майданында өткен айқастарға қатысады. Воронеж қаласын жаудан азат етуге ат салысады. Атақты Курск доғасы ұрысында қорғаныс шебінде болады. Сол арада жаңадан жасақталған №109-шы саперлер батальонына ауысып, Курск доғасы маңында ақырғы күшін салып, өршелене шабуылға көтерілген фашистерге қарсы тұрады. Курск соғысына бастан аяқ қатысқан Кәрібай Адамбаев сол аяғынан жараланады және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Одан әрі майдангердің жорық жолы Беларусь майданына сүрең салып, Гомель қаласын азат етуге ат салысады. 1944 жылы Бобруйск қаласын, әйгілі Брест қамалын жаудан қайтарып, фашист басқыншыларын кеңес жерінен түре қуып шығады. Гитлер езгісінен Поляк Халық Республикасын азат етіп, Варшава, Лодзь қалаларын неміс әскерінен босатады. Познань арқылы Одер өзенінен өтіп гитлерлік фашистерді өз апандарына тығып, Берлинді алып, Жеңіс жалауын желбіретеді. Ақыры бақандай төрт жылға созылған қанды қырғын тиылып, кеңес әскері даңққа бөленеді. Кәрібай Адамбаев бұл кезде ІІІ-дәрежелі «Даңқ» орденін омырауына қадап үлгерген болатын. Елге оралған сәтте Кәрекеңнің кеудесінде «Берлинді алуға қатысқаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы» медальдары күн сәулесімен шағылыса, жарқырап тұрған-ды. Он сегіз жасында қырғын соғысқа аттанған жас жігіт оқ пен оттың ортасында шыңдалып, нағыз ер азамат болып, 1947 жылы елге оралды.
Еңбек майданының алдыңғы шебінде болып, қажырлы еңбек етіп, қарапайым есепшіден, бас бухгалтер, бухгалтер-экономист секілді жауапты қызмет сатыларынан өтеді. Аталмыш мамандық бойынша 41 жыл тынбай еңбек етті.
Майдангер жауынгердің бейбіт күнгі ерлігінің өзі бір төбе. Омырауын жапқан наградалар «Тың жерді игергені үшін» және «Ұлы Жеңістің 30 жылдығы үшін» медальдарымен толыға түскен. 1980 жылдың 30 желтоқсанында әскери комиссариат ресми түрде арнайы «Отан соғысына қатысушы куәлігін» тапсырды. 1985 жылы тұп-тура қырық жылдан соң даңқты жерлесімізді екінші «Отан соғысы» ордені іздеп табады.
Ел басына қатер төнген сұрапыл жылдары Отан қорғап, даңққа бөленген, қаһарман жерлесіміз Кәрібай Адамбаевтың соғыста көрсеткен батырлығын артында қалған ұрпағы ғана емес, барша Ақтоғай жұртшылығы мақтан етеді.
Думан ҚАБЫЛ