Бекзада өнер бәйгесі

Қарағандыда II республикалық театр фестивалі басталды. Биылғысы қазақ театрының іргетасын қалаушы, КСРО Халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалибек Қуанышбаевтың туғанына 130 жыл толуына орайлас­тырылған. Кеншілер астанасына еліміздің түпкір-түпкірінен 9 театр мен сахна саңлақтары келді. «Сын – шын болсын» деп аталған фестиваль 5 күнге жалғасады.

Фестиваль шымылдығы баспасөз мәслихатымен ашылды. Әр қиырдан келген театр жұлдыздары, сыншылары келудегі мақсаттарын айтып, Қалибек Қуанышбаевтың шеберлігі мен өнердегі биіктігі хақында ой толғады. Құрметті қонақ болып келген сыншы Еркін Жуасбек сөз алды.

– Қалибек Қуанышбаев ешқандай университетті, академияны оқымай-ақ қазақ театры өнерінің іргетасын қалады. Мұндай тұлғаларды «самородок» деп атайды. Ұлттың маңдайына біткен баға жетпес байлық. Ол – жаратылысынан актер.
Ол сахнада, кинокартинада Абайдың рөлін сомдағаннан кейін хәкімге қойылатын ескерткіштің бәрі сол Қаллекидің бейнесіне келтіріліп жасалған. Осы фестиваль арқылы Арқа жұрты аңызға құрмет көрсетіп жатыр, – деді Еркін Жуасбек.

Арқада дүбірлі той дегенді естіп, сонау Уфа қаласынан Айсұлу Сағитқызы есімді театр сыншысы арнайы келіпті. Ол Қарағандының ғана емес, жалпы еліміздегі театрлардың деңгейіне сырт көз ретінде баға берді.

– Бүгінгі фестивальдің деңгейін көріп, дүбірін естіп, қуанып отырмын. Текті жұрт асылын қадірлейді. Бүгін қазақ театрының іргетасын қалаған абызға осындай құрмет көрсетіліп жатыр. Тауға, биікке қол созған, еліктеген өнерпаз жаман болмас. Қазақстанда театр өнері уақыт өткен сайын өркендеп келеді, – деді құрметті мейман.

Өнертану ғылымдарының кандидаты, Ха­лықаралық театр сыншылары бірлестігінің өкілі Меруерт Жақсылықова да қарағандылық актерлерге баға берді.

– Қарағандылық актерлер өз репертуарларын сарапқа салатын деңгейде. Арқада өзіндік мектеп бар. Біз оған қуанамыз. Сәкен театры – қара шаңырақ. Осы қара шаңыраққа қамқорлық жасап отыраған облыс басшылығына алғыстан өзге айтар жоқ, – деді Меруерт Жақсылықова.

Баспасөз мәслихатынан соң Сәкен театрының дәл алдында Қоянды жәрмеңкесі сахналанды. Арқаның дарынды әншісі Медет Осатаев Біржан салдың «Айтбай» әнін шырқап, ардақты елінің базарлы тойына құтты болсын айтты. Сәкеннің қасқайып отырған ескерткішінен басталған асқақ дауыс Бұқар жырау даңғылымен бойлап, әрі-бері өткен жаяуларды елең еткізді. Қыз, жігіттердің ойын, күлкісі қойылымның сәні болды. Әншілер әнін шарықтатып, бойжеткендер құлпырып би биледі.

Шымылдық ашар спектакльді Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры қойды. Ұжым «Абай» трагедиясын сахналады. Қаллеки тәрізді өнер тарланының төлқұжатындай Абай рөлін бүгінгі ізбасарлары сомдады. Жас Абайды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеулиев, есейген Абайды Қазақстанның халық артисі Тілектес Мейрамов ойнады.

Спектакльдің алдында облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов сөз алып, сахна саңлақтарына сәттілік тіледі.

– Бүгінгі фестивальдің маңызы зор. Қазақ театрының негізін қалаған алып тұлғаны дәріптеу арқылы, театрдың бүгінгі тынысына серпін берілері даусыз. Мұнда шын таланттар табылып, жұлдызы жанады деп сенемін, – деді Ербол Әліқұлов.

Бір апта бойы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры «Бернарда Албаның үйі» драмасын, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры «Аты жоқ жұлдыз» лирикалық драмасын, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры «Ұждан» әфсаналық қойылымын, Семей қаласының «Дариға-ай» жастар театры «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» трагедиясын, Түркістан музыкалық драма театры «Шинель» трагикомедиясын, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры «Көк Түріктер» драмасын сахналайды.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.