Бейбітшіліктің бесігі
Қазыналы Қарағанды бейбітшіліктің алтын бесігіндей көрінеді. Сонау өткен ғасырдың сырын ақтарсақ, Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінен (ҚарЛаг) қоныстанып қалған өзге ұлт өкілдерін жатсынған жоқ. Мұнымен қоса, қаланы бірге тұрғызу үшін шыңдаған мамандар тартылды. Олар да түрлі этнос өкілдері еді…
Мұндай қадамға сол кездегі партияның «Қарағандыны бүкіл Қазақстанмен, бүкіл Кеңес Одағымен бірге тұрғызамыз!» деген ұраны негіз болды. Мәскеуден, Ленинградтан, Донбасстан және басқа да өңірлерден Қарағандыға жоғары білікті инженерлер мен жұмысшы кадрлар, ғалымдар, педагогтер, медицина және мәдени қызметкерлер ағылды. Олар өздеріне жүктелген міндетті молынан да, оңынан да атқара алды. Содан да болар, Арқа жерінің жұрты оларға құрметпен қарады, біліктілігін бағалады. Осы бір кезеңнен бастап, достық шаһарына айналды.
Ал, қазір ше? Қазірде Қарағанды – бірліктің мызғымас мекені. Бірнеше ұлт өкіліне туған топырағындай қастерлі болып кеткен-ді. Тіпті, осындағы бірнеше этномәдени бірлестіктер бір шаңырақтың астына топтасты. Қарағандының Оңтүстік-Шығыс ауданындағы Кеншілер даңғылының бойынан «Достық» үйі бой көтерді. Яғни, бұл ұлы достықты төріне шығарды деуге болады. Осының өзінен байырғы байыпты құрметтің одан әрмен байығанын, бірліктің мәні маңыздала түскенін айтуымызға болады.
«Достық» үйі – қаламыздағы сәулетті нысандардың бірі ғана емес, өзінің атқарар міндеті нақтыланған шаңырақ. Сәні де бар. Салтанаты да бар. Шаһарымыздағы бұл шаңырақта 25 ұлттың 22 этномәдени бірлестігі бар.
Мұндағы бірлестіктер жұмысын науқаншылдықпен атқарып жатқан жоқ. Керісінше, түрлі бағыт бойынша бас қосады. Басты мақсаттары мынандай: ұлы достықты ұлықтау. Мұндағы шаңырақтан әр ұлттың төл тарихымен, мәдениетімен, тұрмысымен жақын танысуға әбден болады. Көрмелеріндегі түрлі жәдігерлердің өзі көз тартады. Мұнда арнайы экскурсиялар, кездесулер жиі ұйымдастырылады. Түрлі тіл үйренетін курстар, шеберлік сағаттары да осында өткізіледі.
«Достық» үйі тек бір мақсатта ғана жұмыс істеп тұрған жоқ. Қаладағы рухани орталықтың біріне айналып келеді. Неге десеңіз, мәдени, рухани іс-шаралар жиі өтеді.
Мекеменің дөңгелек үстел өтетін үлкен залында ұлы Абайдың мынандай сөзі жазылып тұр. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…». Ұлы кемеңгердің бұл сөзіне кеншілер қаласының тұрғындары әлбетте, құрметпен қарайды.
Тоқсанға толған шаһардың достық, татулық тамыры әріден басталғанын жоғарыда сөз ете кеттік. Қорытынды сөзді былай түйіндесек: Қарағанды ынтымақтың қаласы болса, «Достық» шаңырағы бірліктің бойтұмарына айналып келе жатыр.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz