Руханият

«Базарың құтты болсын, ардақты елім!»

Қазақ елінің ХІХ ғасырдағы саяси, әлеуметтік-экономикалық қалыптасуында Қоянды жәрмеңкесі ерекше орын алады. Ол тек сауда-саттықты дамытып қана қоймай, саяси-мәдени байланыстың дамуына да даңғыл жол ашты. Сайын даланы салтанатқа бөлеген сол Қоянды жәрмеңкесінің ашылғанына биыл 175 жыл толып отыр.

Саудагерлер керуені

Талды өзенінің бойын думанға бөлеген жәрмеңке орыс көпесі Варнава Ботовтың есімімен тікелей байланысты. Металлургтер отбасында дүниеге келген В.Ботов әкесі Серафимнің жолымен қазақ жеріне табан тірейді. Мәскеу мен Орал арасында жүріп, сауда көрігін қыздырады. Тобылдан ат арбамен шығып, Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Қарқаралы, Аягөзді басып өтіп, Қытайдың Үрімшісіне табан тірейді екен. 1848 жылдың 15 мамырында қару-жарақ, азық-түлік, мата-мақта тиеген ат арбалары Қарқаралыдан 50 шақырым жердегі Талды өзенінің бойына аялдайды. Жан-жағында елді мекендер орналасқандықтан, халық та сауда жүріп жатқанынан құлақтанады. Жұрт ағылып келіп, жас көпестің бар тауарын малға айырбастап алып қалған екен. Жалпы, Қоянды – шөбі шүйгін, жері ылғалды алқап. Мал ұстауға да ыңғайлы. Одан бөлек, тарамдалып аққан төрт өзен – Талды, Молалы, Тастыбай, Қарасудан суаттаған мал мамыражай мамырдан тамылжыған тамызға дейін қоң жинаған. Осындай шұрайлы мекен орыс көпесінің оң жамбасына дөп келсе керек. Көпестердің қызығушылығын тудырған сауда аймағында 1849 жылы саудагерлер съезі өтеді.

Жәрмеңке алғашында ашық аспан астында және киіз үйлерде өткен. Әуелде 16 дүкен, 120 киіз үй болса, кейіннен олардың саны 1000-нан асқан.

Қоянды жәрмеңкесінің ашылуы сауда-саттықтың ғана емес, тау-кен өнеркәсібінің де жандануына ықпал етті. Мәселен, жақын жердегі, шығыны жоқ саудадан мол табыс тапқан қарқаралылық көпестер кен орындарын салуды қолға алды. Соның бірі – Халиолла Бекметов. Гүлшат кенішінде күміс-қорғасын зауытын салды. Бұл 1884 жыл болатын.

Саудагерлер

1869 жылы Қарқаралы уездік әкімшілігі Қоянды сауда орнын ресми жәрмеңке ретінде тану жөнінде қатынас жолдайды. «…Өзін ұйымдастырған Ботовтың құрметіне атасын» деген нұсқаумен 15 маусымнан 15 шілдеге дейін жәрмеңке ұйымдастыру Батыс Сібір губерниясы әкімшілігі тарапынан бекітілді. Сауда айналымы артқан тұста бей-берекет сауда құрылысы салына бастады. Сондай-ақ, пошта бөлімшесі, медпункт, телеграф, мемлекеттік банк, камерасы бар судъя үйі, уезд бастығының барағы, сауда жөніндегі бөлімшелер мен екі қатар сауда көшесі ашылды.

Ен даланы жайлаған халық үшін тұрмыстық бұйымдар қат болған тұста жәрмеңке іздегенге сұраған болды. Мата-мақта, құман-құмыра, айна-тарақ, ине-жіп, кілем малмен бағаланып, сатып алып отырған. Сауданың дені айырбас түрінде болғандықтан, балама ретінде бағасы 2 сом тұратын екі жасар ісек алынады. 1910 жылғы деректер бойынша өгіз бөлшек саудада – 25- 60, көтерме саудада – 25-45, жылқы бөлшек саудада – 22-30, көтерме саудада – 22-28 сом, қой бөлшек саудада – 2-5, көтерме саудада – 2-4 сомға саудаланып отырған. Жәрмеңкенің орта тұсында айналымы 1 млн. 448 мың 460 рубльге жеткен. Ет негізінен Мәскеуге, тері-былғары өнімдері Балтық жағалауына жөнелтіліп отырған.

Қарқаралы мен Баянауыл арасында 12 бекет болған. Ал, Қоянды қаладан санағанда екіншісі болып есептеледі. Әрі телеграф желісі арқылы Орынборға Қарқаралы уезімен қатар Қоянды жәрмеңкесі туралы да ақпарат жіберіліп отырған. Өкінішке қарай, бүгінде телеграф бағандары сақталмады.

– Мен өзім қызмет жасаған мекеме – патша жарлығымен Қоянды жәрмеңкесі үшін арнайы салынған қазынашылық үйі. Ғимараттың сүйегі мықты. Әлі күнге дейін пайдаға жарап тұр. Осы жерде жәрмеңкеден түскен қаражат сақталған. Қабырғасы мен төбесі бір метр болатын кірпіштен қаланған арнайы бөлме бар. Сол жерде сақталған сейф пен сандықты аудандық музейге тапсырдым. Бұл сейфте 1858 жылы 5 млн. рубль жиналған. Сыры да сыны да кетпеген, сапалы дүние. Әрі сейфтің құпия кілті мен қорғаныс жүйесі тағы бар. Темір сандықпен жәрмеңкеден түскен ақша ат арба арқылы қазынашылық үйіне жеткізіліп отырған, – дейді қарқаралылық Мұрат Тойынбеков.

Қойманың қазіргі көрінісі

Белгілі жазушы Сапарғали Ләмбековтің Қоянды жәрмеңкесі туралы жазылған мақаласында мынандай деректер келтірілген. «Төрт жерге үлкен-үлкен төрт қоңырау орнатылды. Жұртты бір жерге жинар кезде сол қоңыраулар соғылады. Елдің басы жиналған кезде қызылды-жасылды киінген ат үстіндегі үзеңгілестерімен Біржан сал ортаға шығып,

«Базарың құтты болсын ардақты елім,

Қоянды ту көтерген думан жерім.

Қарқара, сұлу Көкше – жер шоқтығы,

Сарыарқа алтын бесік асқар белім» деп әуелете шырқап, жәрмеңкенің шымылдығын ашады екен. Бағаның нарқын, сауданың парқын білетін Варнава бастаған орыс, өзбек-татар көпестері қазақ өнерпаздарының өнерін паш етуіне мүмкіндік туғызды. Сол арқылы қызу сауда, сәтті олжаға бас қойды десе де болады. Даңқы алыс-жақын көршілес елге тараған сауда салтанатын тамашалаушы өнерпаздар мен балуандар саны артты. Және олар да халық көп шоғырланған ортада өздерін танытып қалуға тырысты. Яғни, Қоянды жәрмеңкесінің ұлы дүбірі қазақ өнерін шыңдауға зор үлес қосты. Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Ғаббас Айтбаев, Майра Уәлиқызы, Мәди Бәпиұлы, Қалибек Қуанышбаев, Иса Байзақов, күй атасы Тәттімбет Қазанғапұлы секілді ақындар мен әншілер, дәулескер күйшілер алғаш рет осы жерде танылды. Қазақтың ұлттық театры да осы өлкеде дүниеге келген.

Ақша таситын темір сандық

Қазақтың бас ақыны Абайдың да ізі Қоянды жәрмеңкесінде қалған екен. Бұл туралы деректі Қарқаралы тарихи-өлкетану мұражайының берген мәліметтерінен кездестіруге болады. Бұл туралы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан оқуға болады: «…Бүгін таңертең Абайға көптеген қонақтар — жас ақындар келді. Олар Абайға оның өлеңдерін халықтың қалай жақсы көретінін, әндері де қазақ даласына кең таралғандығын, Абай есімі бар қазаққа етене таныс екендігі туралы айтады». Сауда жасап, ән тыңдаған, балуан белдестірген жұрттың көңілі сол кезде дана Абайға ауған екен. «Абай деген данышпан, ол халықтың шапағатшысы, әділдікті ту еткен, әділетсіздіктің қас жауы. Руы Тобықты болса да, ол – халықтың баласы» делінген деректер де бар. Сондай-ақ, ұлы Абайдың «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар» өлеңі Қоянды жәрмеңкесінің желісімен жазылған екен.

Мәдени ортаның мәйегін қалыптастырған жәрмеңкеде балуандар белдесіп, білектілер бағын сынаған. Күш атасы Қажымұқан, жауырыны жерге тимеген Балуан Шолақ күш-қайратымен көрермендерді таң қалдырады. Балуан Шолақ осы жерде орыс балуаны Кареньмен күресіп, оның қабырғасын сындырған деген дерек бар. Бірақ, бұл ақпарат Сәбит Мұқанов шығармасында Қызылжар жерінде өткен жәрмеңкеде деп жазылады. Мықтылар күш сынасқан сайыста Қажымұқан мен Балуан Шолақ бір-біріне қарсылас болып түскенімен, белдеспейді. Яғни, Қажымұқан Балуан Шолақтың жасын сыйлаған.

Ақша сақтайтын сейф

Қазақ елін әлемге танытқан Арқадағы кішкентай нүкте 80 жыл бойы дала төсін дүбірге толтырды. Кең даланы ен жайлаған халық сауданың парқын түсінді. Нарыққа бейімделді. Саудаласуға, тіл үйренуге әрекет етті. Кейіннен орыс көпестерінің тілмаштары болуға да жарап жатты. Бай-бағландардың қалтасын ғана қалыңдатып қоймай, Қарқаралы уезінің саяси-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты. Сол аралықтағы сауда айналымының 1 млрд. рубльден асуы халықтың жылдан жылға әлеуметтік жағдайының жақсарғандығын көрсетсе керек-ті. Жоғын тауып, бүлінгенін бүтіндеген жәрмеңкеде халық тауар сапасына да мән берді. Қазақтан шыққан мәдениет, өнер майталмандарымен танысып, білісті. Халықтың көп шоғырлануы жылжымалы халық үйлерінде (қазіргі клуб үйлері) спектакль ұйымдастыруға ұйытқы болды. 3300 орындық залы бар кітапханалар мен балалар алаңдары жұмыс жасап тұрды. 50 шақырымдық аумақта жеке бақылау өкілеттілігі бар шағын мемлекет құрылды десе де болады. Тобылдан басталған жәрмеңке көшінің даңқы Орал, Сібір, Орталық Азия және Батыс Қытай елдеріне кеңінен таралды. Бұл сауда айналымы мен одан түсетін қаражат көлеміне тікелей әсер етті.

Дүйім жұрт жиналған жәрмеңкеде әр ұлттың мәдениеті мен өнері тоғысып жатты. Бұл қазақ халқының да ұлттық өнерінің дамуына, өрісінің кеңеюіне өз әсерін тигізді. Яғни, Қоянды жәрмеңкесі алуан атыраптан жиналған халықтың экономикалық жағдайына ғана емес, мәдени гүлденуінде де орасан зор орын алды.

Сағыныш ӘБІЛ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button