Батыр ұрпағы – барлаушы қыз
Сұрапыл соғыстың аяқталғанына 80 жылға жуықтаса да, Жеңісті жақындатқан ата-бабаларымызды ұмытпай, олардың майдан даласындағы ерлігін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – парызымыз. Әсіресе, сол сұрапыл соғыста ерлермен бірге алғы шепке өз еркімен аттанған қыздарымыз да аз емес-ті. Қазақтың сондай өжет қыздарының бірі – Тілен батырдың ұрпағы Рахила Ералина апамыз еді.
Рахила апайдың үлкен әкесі Есжан 15 жыл бойы болыс болған адам. Өзінің байлығын, малын кедей-кепшікке таратқан. Содан кейін Сәкен Сейфуллин ұсталған күні «Бай кулак» деп оны да ұстап әкеткен. Себебі, Сәкеннің жұбайы Гүлбаһрам мен Рахиланың шешесі Ақкүміс немере, апалы-сіңлілі адамдар болған.
Рахиланың әкесі Ералы, Ақмолада, Омбыда, Орынборда оқып, араб, парсы және орыс тілдерін меңгерген. 1932-1933 жылдары қиын кезеңдерде ауыл шаруашылық саласында басшылық қызмет атқарды. 1933 жылы қастандықпен өлтірілді.
Жолдасы Ақкүміс (Ұлжан қызы) 4 баламен артында қалды. Нүкаш – 12 жаста, Рахила – 7 жаста, Құтпан – 4 жаста.
Рахила Ералықызы Ералина – Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу кентінде 1924 жылы 16 наурызда дүниеге келген. Әкесі қайтыс болғаннан кейін Ақкүміс анасы балаларымен Қарағандыға көшіп келді. Рахила апай орта мектепті Қарағанды қаласында оқып бітірді. Оныншы сыныпты бітіргеннен кейін, 18 жасында 1942 жылдың көктемінде өз еркімен сұранып, Ұлы Отан соғысына Қарағанды қаласынан аттанады. Әскери комиссариат оны Саратов авиациялық барлау мектебінің дайындық курсына жіберген. Онда әскери дайындықтан өтіп, парашютпен секіруді, самолетпен ұшуды, барлау жұмыстарын жүргізуді меңгереді.
Осындай жан-жақты дайындықтан өткен соң, ол Сталинград майданына аттанады. Сталинград майданында әскери барлаушы болған санаулы қазақ қыздарының бірі. Құрамында үш қыз бар экипаж жау шебіне өтіп, онда жаудың әскери объектілерін суретке түсіріп, әскер басшыларына дер кезінде жеткізіп отырған. Барлауда ұшақпен ұшып жүрген уақытта, «Тұтқынға түсіп қалсақ» – деген бастағы ойды өзінің еліне деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімімен жеңіп, тапсырманы тиянақты орындап отырды.
1944 жылы барлауда жүргенде жарақат алып госпитальға түседі. Емделіп шыққан соң майданға сұранғанымен әскери комиссариат рұқсат бермейді. Әскерден босатылып, майдан наградаларымен марапатталып, абыроймен елге оралады.
Қарағанды қаласына келгеннен кейін, жарақатына қарамастан, еңбекке белсене араласты. Шахтадағы кеншілердің комсомол комитетін басқарды. 1949 жылы С.Асфендияров атындағы Алматы медицина институтына түсіп, оны ойдағыдай бітіреді. Кейін қаладағы №1 перзентханада дәрігер болып, 20 жылдан астам еңбек етіп, оның 13 жылын бас дәрігер ретінде қызмет атқарды.
Институтта оқып жүріп тұрмыс құрады. Гүлбаһрам Сейфуллинаның тәрбиесінде болып, сол кісінің қолынан ұзатылған. Өзінің еңбек жолында мыңдаған ана мен бала өміріне араша болды. Қан майданда барлаушы, бейбіт өмірде ана мен баланың қорғаушысы болды. Өмірлік жолдасы өте сыйлы азамат Кәрібай Шоқатаев қызметіне байланысты Көкшетауға қоныс аударып, онда да әйелдер босанатын үйдің бас дәрігері болды.
«Қазақстанның кәсіпкер әйелдері» қайырымдылық қауымдастығының вице-президенті болып, абыройлы қызмет атқарды. Ерен еңбегі лайықты бағаланып «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген дәрігері, Медицина саласының үздігі, Қазақ ССР-і акушер-гинекологтарының І,ІІ съезінің ұйымдастырушысы, Кеңес Одағы акушер гинекологтарының ХІІ съезінің делегаты.
Ол туралы «Қарағандының жауынгер қыздары» жинағында және «Майданда – барлаушы, тылда – дәрігер» тақырыптарында баспасөзде мақалалар жарияланған.
Жолдасы Кәрібай мен Рахила апай Тимур, Дамир атты ұлдарын тәрбиелеп, оқытып жеткізді. Тимур – Ішкі істер министрлігінде жауапты қызметте. Дамир – ғылым жолында. Бес немересі бар. Ең үлкен немересі – Санжар атасының жолымен жүріп, заңгер болды. Кішісі – Сардар мамандандырылған ағылшын мектебін үздік бітіріп, шет елде еңбек етіп жатыр.
Өмірінің соңғы жылдары да кеншілер астанасында өтті. 2005 жылы Қарағанды қаласында қайтыс болды.
Міне, ерлігімен отансүйгіштіктің, ерен еңбегімен еңбексүйгіштіктің үлгісін көрсетіп, соңында өшпес із қалдырған апамыз Рахила Ералина өмірі жас ұрпаққа үлгі-өнеге.
Бикен АХМЕТОВА,
Қазақстанның Құрметті журналисі.