Жаңалықтар

Батыр бейнесі-тастұғырда

Жоңғармен жағаласып, қазақтың кеңбайтақ даласын найзаның – ұшы, білектің күшімен қорғаған батырдың бірі – дала көкжалы, жекпе-жектің жалқы жанкештісі, қолбасшы Дербісәлі АЙДАБОЛҰЛЫ.

ХVІІІ ғасырдағы аласапыран жаугершілік заманда басын бәйгіге тігіп, елі мен жерін жаудан азат етуге елеулі үлес қосқан батыр баба есімі исі қазаққа белгілі. Оның ерлігі туралы ел арасындағы аңыз-әңгімеде есеп жоқ.

Нұра өзенінің бойындағы Құсмұрын қойнауында оның есімімен аталатын елді мекен жер-су атауы жаппай електен өткен «қызыл империя» кезінде де өзгерген жоқ. Ал, үш ғасыр сақталып, 2002 жылы жаңғыртылған оның алдаспан қылышы қазір жетінші ұрпағы Елубектің үйінде тұр. Бұдан бес жыл бұрын тамызда батыр баба кесенесі басында отыз шақты киіз үй тігіліп, ас беріліп, ұлттық ойын-сауық ұйымдастырылды. Биыл сәуірде Қарағандыдағы «Аманат арена» спорт сарайында әскери қоян-қолтық жекпе-жектен өткен республикалық турнирде бірнеше облыстың оғланы батыр атындағы жүлдені сарапқа салды.

Бұрынғы «Красная Поляна» асыл тұқымды мал шаруашылығының бір бөлімшесіне, ауданда бір көшеге Дербісәлі Айдаболұлының есімі берілген. Таяуда аудан орталығы АқсуАюлы селосында батырдың бюсті ашылды.

Ерлігі ұрпаққа ұран болған тарихи тұлғаның ескерткішін ашу салтанатында аудан әкімі Марат Жандәулетұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Қасымбек Медиұлы, Қазақстанның Құрметті журналисі Төрехан Майбас, баба ұрпағы атынан Төлеуқадыр Рақымжанұлы, осы шараны ұйымдастыру алқасының төрағасы Төлепберген Әбеуұлы сөз сөйледі. Батырдың сегізінші ұрпағы Елдар Төлеубайтегі арнау өлеңін оқыды.

Жанғұтты би атындағы мешіттің имамы Берік Махамбетчин батыр аруағына құран бағыштады. Ұрпағы «Тілек» мейрамханасында ас берді.

ШЕТ ауданы.

Әлібек ӘБДІРАШ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button