Басты тақырып

Басты құндылық- адам капиталы

«Қазмарганец» кен басқармасы елімізде марганец кенін өндіретін ірі кәсіпорынның бірі болып саналады. Металлургия саласына аса қажетті дайын (кондиционды) марганец концентратын өндіріп, «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының өндірістік қуатын арттыруға ғана емес, аймақтың экономикалық тұрғыдан дамуына да өз үлесін қосып келе жатқан кәсіпорынның басты байлығы – адам капиталы.

Кен басқармасының өндіріс алаңдары Нұра ауданы аумағында орналасуы себепті жұмыс вахталық тәсілмен жүзеге асырылады, әрине, сол себепті жұмыскерлер де вахталық кентте тұрып, жұмыс жасауға мәжбүр. 15 күн бойы олардың еңбектерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, отбасыларына аман қайтулары – «Қазмарганец» кәсіпорны басшылығының алдында тұрған басты міндет. Жұмыскерлер тарапынан еңбек қауіпсіздігінің қатаң сақталуы, қауіп-қатерді болдырмау, тиімді еңбек етуге бағытталған іс-шаралар мықтап қолға алынған. Жалпы еңбек қауіпсіздігі жіті бақыланып, түрлі қауіпті жағдайларды болдырмауда ауқымды іс-шаралар толық көлемде жүргізіліп келеді. Өнім өндіру мен өңдеуден бұрын, ең алдымен, адам өмірі мен денсаулығы аса қымбат екендігі белгілі. Кен басқармасының өндірістік қауіпсіздік пен еңбек қауіпсіздігі бойынша техникалық басшысының орынбасары Мақсат Әзірбаевтың айтуынша, мекемедегі қауіпсіздік пен еңбекті қорғау жөніндегі іс-шаралар компанияның арнаулы нұсқаулығы мен еліміздің заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. Атап айтқанда, өндірістік жарақат пен басқарма нысандарындағы төтенше жағдайлардың алдын алу, ескерту, ұйымдастыру-техникалық жұмыстар барынша межелі мерзімде қолға алынып келеді.

Өндірістік жарақат алу, жұмыс барысында қаза табу жағдайлары дендеп тұрған заманда кәсіпорын басшылығы үнемі ел мен әлемде болып жатқан өндірістік оқиғаларды назарда ұстап отырады. Кеніш басшылары мен еңбек қауіпсіздігіне жауапты мамандар орын алған оқыс оқиғаларды сараптап, олардың кен басқармасында орын алмау жағдайларын қарастырып, алдын алу іс-шараларын назардан тыс қалдырған емес. «Қазмарганец» кен басқармасына қарасты «Тур» кеніші мен Көлік колоннасы да барлық қажетті еңбек нормаларын қатаң сақтайды. Оның бір дәлелі – «Казхром» филиалдары ішінде жыл сайынғы еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік көрсеткіштерінің қорытындысы бойынша үнемі алдыңғы орындардан табылатындығында. Бұл – ұжымның жұмыла еңбек етуінің ортақ жемісі деуге болады.Өндіріс болғандықтан аяқ астынан түрлі жағдайлар болмай тұрмайды. Бір айта кетерлігі, кәсіпорын жұмыскерлерінің өзі қатерді болдырмауға, оның алдын-алуға үлес қосады. Айталық, кез келген олқылық, орын алуы мүмкін қауіпсіздікті байқап қалса, кез келген жұмыскер бірден «Дабыл парақшасын» толтырады, егер жұмыс орнында қауіпсіздікті арттыруға себеп болатын ұсыныстары болса, оны да басшылыққа жеткізіп, ойын ашық білдіре алады. Егер жұмыскердің ойы мен басшылықтың пікірі бір жерден шығатын болса немесе оның ұсынысы шын мәнінде маңызды, жұмысқа аса қажетті деп танылса, онда жұмыскер қосқан үлесі үшін сыйақыға ие болады. Бұл – тек жұмыскерлерді қауіпсіздікті сақтауға ынталандыру ғана емес, осы арқылы жұмыскердің өзін ортақ іске тартып, қауіпсіз еңбекке бірлесе, жұмыла қол жеткізу жолындағы іс-шаралардың бірегейі. Талап та мықты, ортақ тәртіпке бағынған, өзінің ғана емес, әріптестерінің де денсаулығы мен қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамаған жұмыскерлерлер де мараптқа ие болады. Әрине, жұмысшы еңбегінің өнімділігі – өндірісті заманауи бағытта ұйымдастырудың жемісі. «Қазхромда» бұл – басты ұстаным. Кеніштегі жылы жатақханалар, демалыс орындары, спорт залдары тұрмыстық-шаруашылық кешендер жұмыскерлер үшін жасалған әлеуметтік жаңғыртудың басты кепілі. Ал, компанияның үздік еңбек озаттарына берілетін «Еңбек сіңірген жұмыскер» және «Құрметті жұмыскер» корпоративтік төсбелгілері адал еңбекке деген ынталандыру белгісі. Компаниядан бөлек «Қазмарганец» кен басқармасының ішінде еңбек қауіпсіздігіне қосқан үлестері үшін жұмыскерлерге бірінші, екінші және үшінші дәрежелі «Еңбекті қорғағаны үшін» төсбелгісі мен сыйақы беру дәстүрге айналған.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button