Бас тақырып

«Баспана хит», «7-20-25» мәреге жетті

Бұған дейін бұқараны баспанамен қамтуға мемлекеттің өзі араласып келді. «Қолжетімді баспанадан» басталған мемлекеттік бағдарламалар дүркін-дүркін іске қосылды. Елбасының тікелей тапсырмасымен бірнеше бағдарлама жасалып, жүзеге асты. Соның басында «7-20-25», «Баспана хит», «5-10-20» тұр. Осыдан біраз бұрын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА «7-20-25» және «Баспана хит» ипотекалық бағдарламаларын қаржыландыру тоқтатылатынын мәлімдеген еді.

Агенттік басшысы «Мемлекет кредит бағдарламаларынан нарықтық қағидаттарды қолдана отырып біртіндеп бас тартуы керек» деді. Сонымен бірге, ол 2021 жылдың басында Үкімет, Ұлттық банк және агенттік арасында 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіруге қатысты келісімге қол қойылғанын жеткізген. Онда Ұлттық банктің мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудан шығуы көзделеді. Ал, мамандар бұл бағдарламалар тоқтаған соң баспана нарығында «баға тұрақтауы мүмкін» деген болжам айтады. Бағдарламаның халық үшін тиімді болғанын да жоққа шығармайды.

Осылайша, Ұлттық банк 2023 жылдан мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыруды кезең-кезеңімен тоқтатуды жоспарлады. «Баспана хит» ипотекалық бағдарламасы 2021 жылы жабылуы мүмкін. Оған берілген 600 миллиард теңге толық игерілген» дейді ресми деректер. «7-20-25» бағдарламасы мерзімді шектеусіз 1 триллион теңге шегіндегі лимитке жеткенге дейін жүзеге асырылады», – дейді сарапшылар. Мұны «Болашақ» академиясының доценті, экономика ғылымдарының кандидаты, экономист Гүлжан Қадырова да мақұлдайды.

«Иә, баспана нарығында «Баспана хит» және «7-20-25» мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларын Ұлттық банк қаржыландыруды тоқтатады. Бірақ, әлі де кейбір банктер осы бағдарламалармен ипотекалық несие беруді жалғастырады.

Мемлекеттік бағдарламалар тоқтағанда біршама өзгерістер орын алары сөзсіз. Бүгінде барша қазақстандық «Осыдан соң баспана бағасы түсе ме?» дегенге алаң. Себебі, бағдарламалар несиелеуді бастағанда үйдің бағасы 15-20 пайызға дейін өсті. Кейбір аймақтарда бұдан да жоғарылап жатты сұранысқа қарай.

Бағдарламалар тоқтағанда баға тұрақтауы мүмкін. Дегенмен, айтарлықтай түспейді. Неге десеңіз, құрылыс нарығында құрылыс материалы бағасының екі есе қымбаттауы бағаға әсер етіп отыр. Мұндай жағдайда құрылыс компаниясына үй бағасын түсіру – экономикалық тиімсіз. Сондықтан, бағаны күрт түседі дей алмаймыз. Сонымен бірге, басқа мемлекеттік бағдарламалар пайда болуы мүмкіндігі және бар», – дейді Гүлжан Әділқызы.

Сарапшының айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласы жастарына арналған «Елорда жастары» секілді бағдарлама аймақтарда іске қосылуы мүмкін. Бізде, «Қарағанды жастары» дегендей.

Жалпы, сарапшы мұндай мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін ерекше атайды. «Біріншіден, мұның нәтижесінде ішкі көші-қон өсімі тұрақталды. Осының есебінен жылжымайтын мүлікке сұраныс қамтамасыз етілді. Бұл жағдайда бағдарламалар үлкен көмек. «Баспана хит» бағдарламасы бойынша 50 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Тағы бір жайт, халықтың қаржылық сауаттылығы арта түсті. Бұрынғыдай емес, банк арқылы баспана алуда көптеген пайдалы әрі тиімді ақпарат алды. Екіншіден, банктерге де тиімді болды. Дағдарыстан кейін ипотекалық несие нарығындағы клиент легі көбейді. Үшіншіден, мемлекет те ұтты. «Баспана хит» жылжымайтын мүліктің қайталама нарығында қолжетімді ипотеканы қамтамасыз ету міндетін орындады. Үй алу арқылы халықтың әлеуметтік жағдайы да жақсарды», – дейді сарапшы.

Қазіргі таңда мемлекеттің тұрғын үй нарығына араласуы туралы сарапшылардың пікірі сан алуан. Қайсыбірі «жөн» десе, енді бірі «нарықтың тепе-теңдігі бұзылады» деседі. Гүлжан Әділқызы мемлекеттің тұрғын үй нарығына араласуын «орынды» деп санайды.

«Мемлекеттің тұрғын үй нарығына араласуы орынды ма? Әрине, орынды. 2018 жылдан бері бұл бағдарламалар көптеген қазақстандықтың тұрғын үй мәселесін шешіп берді. Ипотекалық несиелеу пайызы төмендеді. Егер, бұрын несиелеу пайызы екінші деңгейлес банктерде 20-24% болса, аталған бағдарламалар арқылы 7%-ға дейін түсті. Болашақта, көрші Ресейдегідей 5-6% мөлшерімен несиелейтін мемлекеттік бағдарламалар өмірге келеді деген сенімдеміз», – дейді сарапшы.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button