АймақБас тақырып

Баспана бақыты: бағыт пен бағдар

Тұрғын үй. Президент баспана мәселесі нарықтағы ахуалға байланысты екенін айта келе, тұрғын үй саясатын мұқият қарау керегін айтты.

Президент пәрмені – құрылыс кодексі

– Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Маған азаматтардан күн сайын жүздеген өтініш келеді. Оның ішінде, қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді сұраған хаттар өте көп. Бұл түйткіл мемлекет тарапынан мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Тағы да қайталап айтамын, мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді. Тұрғын үй саясаты нарықтағы ахуалға тығыз байланысты. Сондықтан біз осы саладағы саясатымызды қайта қарап, оның мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз етуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Елорданы дамыту кеңесінде Мемлекет басшысы үлескерлер қаражатын заңсыз иемденіп, заңды айналып кетуге әрекет етіп жүрген құрылыс компанияларына да жеке тоқталды. Бұл ретте Үкімет мемлекеттік реттеу шараларын қатаңдатуы керек.

Президент пәрменін іске асыруға кіріскен әкімдіктер нақты объектілерді және оларды іске асыру мерзімдерін көрсете отырып, Жол карталарын бекітті. «Биыл 15,3 млн.шаршы метр тұрғын үй немесе 143,5 мың тұрғын үй салу көзделді», – деп хабарлады Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері. Өткен жеті айдың өзінде 8,5 млн.шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл жоспардан 14%-ға жоғары.

Бұдан бөлек, биыл өңірлерде 1 500 апатты және тозығы жеткен үйді бұзу бо­йынша жергілікті жөндеу бағдарламалары қабылданады. Құрылыс кодексі әзірленеді, ол саланың көптеген жүйелік мәселелерін шешуге және оның ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Қарағандының қарамағында

Бұл орайда Қарағанды облысында тұрғын үй құрылысының өсуі жалғасуда. Өткен сегіз айдың ішінде ғана шамамен 300 мың шаршы метр қолданысқа еніп, жыл соңына дейін әлеуметтік қорғалатын санаттағы 950-ге жуық отбасы қоныстойын тойламақ. Оның арасында көпбалалы мәртебесі бар 199 отбасы бар.

– Облысымыз бойынша «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде барлық қаржыландыру көздері есебінен 282,712 мың шаршы метр немесе өткен жылдың деңгейіне 100,4% пайдалануға берілді. Облыс бо­йынша тұрғын үй құрылысына инвестициялар 36,4 млрд. теңгені құрады, – деді құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұрат Мағзин.

Биыл төрт жалдамалы үй сәтті аяқталып, пайдалануға берілді. Олардың ішінде Шахтинск қаласындағы 60 пәтерлі үй, Абай қаласындағы 80 пәтерлі үй және Шет ауданы Ақадыр кентіндегі 12 пәтерлі екі үй бар. Құрылыс барлық өңірлерде қарқынды. Басқарма басшысының айтуынша, жыл соңына дейін 400 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілмек. Кезекте тұрған 346 адам үшін республикалық бюджеттен дайын жалға берілетін тұрғын үйді сатып алуға қаражат бөлінді. «Отбасы банкі» салымшылары үшін кредиттік тұрғын үй құрылысы бойынша сегіз жоба іске асырылуда. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жүріп жатыр.

«Лашық қалашық» атанып кетпейміз бе?

Алайда, бұл келтірілген «керемет» дәйектерге қала тұрғындарының өзіндік пікірі бар. Олардың ойынша, мұндай қарқын қаланың эстетикалық қалыбына кері әсер етуде. Қарағандының бірнеше шағын аудандарының тұрғындары тұрғын үйлердің аулаларындағы құрылысқа наразы. Мысалы, Көгілдір тоғандар шағынауданының №6,7,9 үйлерінің тұрғындары жаңа құрылыс нысанына қарсы. Айтуынша, жаңа алты қабатты үй №9 үйден 17 метр қашықтықта салынып жатыр, бұл құрылыс нормалары мен ережелерін бұзады.

– Бастапқыда мұнда ойын алаңы болды. 2013 жылы бұл маң автотұраққа айналды. 2020 жылы бұл жер сатылып, осы үйдің құрылысы басталды. Үйіміздің терезесінен 14-17 метр аралық. Жаз бойы тереземізді жауып қоюға мәжбүрміз. Өйткені шаң мен шу дегбірімізді алады. Бұл дегеніміз құрылыс біздің пәтерге де енді деген сөз! – деді №9 үйдің тұрғыны Любовь Азоркевич.

Жосықсыз құрылыс «Бесобаның» кебін жамылуы мүмкін. Өйт­кені бұл аумақтың топырағы саздауыт әрі биік ғимараттар салуға жарамсыз. Тұрғындар құрылысқа қарсы петиция ұйымдастырып, аудандық және қалалық әкімдіктерге шағым түсірген. Аймақ бас­шысының қабылдауында да болған. Алайда, барлық мемлекеттік органдар құрылыс компаниясының барлық рұқсат құжаттары бар екенін айтады.

– Мұндағы құрылыс – Қарағандының бас мәселесі. Егер қалада осындай құрылыс жалғасатын болса, көп ұзамай біздің Қарағанды лашық қалашық кейпіне енеді. Басқа қалаларда сәулеттік келбеті мен біркелкілігі аз да, болса қарастырылады. Билік жұртшылықтың пікірін тыңдауы үшін оны заңнамалық тұрғыдан бекіту керек, – дейді қоғам белсендісі Мұрат Нұрғалымов.

Таразы

Баспана бақытының шамын жағу жолында әр адам түрліше әрекет етуде. Президенттен бастап, жергілікті атқарушы мекемелерге дейін қарап отырмағаны аңғарылады. Әлбетте, үлкен істің сын-қатері де аласа болмасы аян. Өзегінде «Өз үйім – өлең төсегім» ұялаған әрбір жанға мүмкіндік бар екендігі белгілі болды. Бұл бағыттағы бағдарламалар да жетерлік. Айналып келгенде ақылы ақшасынан асып түскен дегдарлар қайт­кенде де, боранда боз үй тігеріне уақыт куәгер.

Соңғы бес жылда Қазақстанда жылжымайтын мүлік бағасы рекордтық қарқынмен өсті. Тұрғын жайға салынған инвестициялар – қазақстандықтар арасында жинақтарды сақтаудың ең танымал үш тәсілінің бірі. ҚР Ұлттық Банкінің қаңтар айындағы сауалнамасының деректеріне сәйкес, жылжымайтын мүлікті сатып алуды еліміздің жеке жинақтары бар әрбір оныншы тұрғыны таңдайды.

Сондай-ақ, екінші үйін отан тұрмақ шетелде алып қойған жандар да жоқ емес. Үйдегі көңіл күйді тыстағы нарық өзгертетінін білеміз. «Үй – бұл біздің тарихымыз басталатын жер…» деген екен бір ақылман. Өз тарихыңызды қазірден бастаңыз!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button