Жаңалықтар

Бас прокуратура Инвесторларды қорғау жөніндегі сарапшылық кеңестің жұмысын бастады

Бүгін Бас Прокурор Берік Асыловтың бұйрығымен құрылған Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі сарапшылық кеңестің алғашқы отырысы өтті.

Аталған іс-шара мемлекеттік органдарды, отандық және шетелдік ірі бизнесті, еліміздің жетекші заңгерлері мен экономистерін біріктірген тұрақты жұмыс істейтін беделді диалог алаңының іске қосылғанын білдіреді.

Кеңес жұмысына Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев, Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы, мемлекеттік органдардың, «Астана» халықаралық қаржы орталығының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ-ның, бизнес пен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Берік Асылов қатысушыларды Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуімен құттықтап, онда айқындалған «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарының бүкіл мемлекеттік жүйенің басты бағдарына айналғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын (2025 жылғы 17 желтоқсандағы Жарлық) іске асыру аясында Инвестициялық омбудсменнің өкілеттіктері берілген Бас Прокурор қатысушыларға бизнесті қорғаудың кешенді жүйесін таныстырды.

Мұнда прокурорлар инвесторлар заңмен және мемлекетпен өзара іс-қимыл жасайтын барлық кезеңде қадағалауды қамтамасыз етеді.

«Бүгінде мемлекеттер арасындағы бәсекелестік ресурстар үшін емес, сенім үшін жүріп жатыр. Біз заңды Қазақстанның бәсекелестік артықшылығына айналдыруға міндеттіміз. Ол үшін үстірт өзгерістер емес, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара қарым-қатынасты жүйелі түрде жетілдіру қажет», – деді Берік Асылов.

Қазіргі уақытта прокуратураның сүйемелдеуімен жалпы инвестиция көлемі 112 триллион теңгені құрайтын 3,3 мың инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Бүгінгі күні үш мыңнан астам инвестордың құқықтары қорғалып, 30 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 270-тен астам инвестициялық жобаның іске асырылуы қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар әкімшілік қысымды жүйелі түрде төмендету жұмыстары жүргізілуде.

Кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы сот дауларының саны шамамен 40%-ға қысқарды, бизнесті әкімшілік жауаптылыққа тарту жағдайлары 16%-ға азайды, сондай-ақ кәсіпкерлерді қылмыстық қудалауды төмендету үрдісі сақталуда. Тек жыл басынан бері прокуратура инвесторлардың құқықтарын бұзуы мүмкін мемлекеттік органдардың 800-ден астам шешімін келісуден бас тартты.

Бас Прокурор бизнесті қорғаудың мемлекеттік кепілдіктерін едәуір күшейткен заңнамалық өзгерістерге ерекше тоқталды.

Енді инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша прокурорлық қадағалау актілері, оның ішінде нұсқама нысанындағы актілер мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар үшін міндетті болып табылады. Бұдан бөлек, Бас Прокурорға еліміздің барлық өңірінде инвестициялық жобаларды прокурорлық сүйемелдеудің бірыңғай тәртібін айқындау өкілеттігі берілді.

Бұл «өңірлік әркелікті» болдырмай, Қазақстанның кез келген өңірінде инвесторлардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай әрі қатаң стандарттарын қамтамасыз етеді.

Кеңес отырысында әкімшілік кедергілердің дәстүрлі түрде бастамашылдықты тежейтін құрылыс саласын одан әрі жетілдіруге бағытталған шешімдер әзірленді.

Қазақстан Бас прокуратурасы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button