Жаңалықтар

«Барыстың» байыпты әңгімесі

       Жиров3«Балқаштың барысы» Қарағандыға келді. Сенбі күні даңқты Василий ЖИРОВ облыс орталығында журналистер қауымымен кездесті.

Василий – Атланта Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогінің иегері. Жиырма жылдан астам уақыттан бері АҚШ-та тұрады.

Атланта Олимпиадасынан кейін көзге түскен «Балқаш барысы» мұхит асып, Америкаға аттанған еді. Кәсіпқой бокста 42 кездесу өткізіп, 38-інде жеңіске жетті. Оның 90 пайызын нокаутпен ұтты.

Туған жеріне сирек соғатын боксшыны күтіп алушылар қарасы мол болды. Бұл жолы Балқашта өткен бокс турниріне арнайы келген ол қарағандылық ақпарат құралдарымен шешіле әңгіме өрбітті.

– Қазақстан күн санап көркейіп келеді. Осы сапарымда да біраз көзімді жеткіздім. Жаңалық көп екен. Жерлестерімнің менің ұмытпағанына қуанып қалдым. Барған жерімде жеке өміріме, кәсібіме қатысты сұрақтар қойып жатыр. Мен қуана-қуана жауап берудемін, – деді чемпион.

Бүгінде Василий Аризонадан Техас штатына қоныс аударыпты. Мұнда да сол жұдырықтасу өнерін дамытуға баса ден қоюда. Жас боксшыларды қарамағына алып, боксқа баулуда. Василийдің пікірінше, кез келген спортшының табысқа қол жеткізуі – промоутерінің біліктілігіне байланысты.

– Жерлестеріме бұл тұрғыда көмектесе аламын. Бұл – бизнес. Ал, бизнесте жетістікке жету үшін серіктесің мықты болуы керек. Шетелге шыққан боксшыларға жанашыр адамның жәрдемі қажет. Егер, спортшылар топпен келсе, шығын аз болады. АҚШ-та ақшасыз жүру мүмкін емес. Жаттығулар, тұрғын үй, тамақ, жарнама үшін қыруар қаржы керек. Ал, адам саны көбейген сайын шығын да азая түседі, – деді Василий.

Емен-жарқын сұхбат соңында Василий бапкері, марқұм Александр Апачинскийді есіне алды.

– Бапкерім жаттығуда өте қатал адам еді. Мен тез жүгіруім үшін ит қосатын, Балқаш көлінің ортасына апарып, қайықтан түсіріп жіберетін. Қазір өзім де Александрдың әдіс-тәсілдерін қолданамын. Бірақ, барлығын емес. Әйтпесе, сотталып кететін шығармын, – деді ол.

Нұрқанат ҚАНАФИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button