Бас тақырып

Баланың ойы – шұбар, тілі – айыр

Қоғамдағы қазақ тілінің қазіргі ахуалына қам жеп, қайғы ойлаған жұрт кездесуде әкімнен дат сұрады. Азаттық алғанда мәртебесін бергенімен, мерейін тасытып емес, жасытып жүрген ана тіліміздің тағдырындағы кілтипандарды көзге шұқып көрсетті. Мемлекеттік тілге сұранысының жоқтығын осы күні балабақшадағы бармақтай балдырған да, тарыдай баланы таудай етіп шығаратын мектептегі оқушылар да ұғынған. Содан олар қазақ тілін қажетсінбейді. Дат дескен ағайынның дегені осыған сайды. Шынын айтайық, қазір тіл мәселесі шетін мәселеге айналып барады. Қазақ тілінде білім алатын баланың өзі былай шыға шүлдірлейтінін көріп жүрміз. Аралас мектепте оқитынның тілі де «шұбар» шығып келеді. Тиісті органдар бұл арада қандай да бір қарекет жасауға тиіс. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ ел алдындағы есебінде дүркін-дүркін көтерілген мәселенің бірі – осы. Ана тіліміздің ахуалы. Атап айтқанда, аралас мектептегі оқушыдан бастап, мемлекеттік қызметте жүрген қыз-жігіттердің тілімізге кірпіше жиырылмай, жөн қарауы. Ана тілімізге өзінің уызында жарығанын облысқа келгеннен-ақ көрсеткен аймақ басшысы бұл проблемаға немқұрайлы қарамауға уәде еткен-ді сол есепте…

Облыс әкімнің есебінде қала тұрғындары мен қоғам белсенділері көтерді бұл мәселені. Әуелі, қала тұрғыны, қоғам белсендісі Марат Түсіпов аралас мектептердің Қарағандыда көбейіп, қазақ мектебінің кемдігін тілге тиек етті. Содан соң сол аралас мектепте қазақша білім алатын оқушының тілінің «бұзылып» бара жатқандығына алаңдаушылық білдірген-ді. Бұған қоса, Қарағандыда таза қазақ тілінде білім беретін мектеп санының оннан аса алмай тұрғаны да айтылған еді. Аралас мектептерді жинақтап, қандай да бір шешім қарастырылуын өтінді.

Шынымен де, бұл ойланатын һәм ойландыратын проблема. Тілі жоқ ұлттың ақыр соңында өзі де құрып тынатынын тарихтан білеміз. Олай болса, талай жылдан бері айтыла-айтыла жауырға айналған тіл тақырыбын бұрынғы бәз қалпында, жабылған жауырдың астында тастап кетуге хақымыз жоқ. Кейінгі бірер жыл сүйреп шығарған сол қырат-белесінде, я мекеме-ұйымдардың босағасында қалдыру енді болашаққа жасалған қастандықпен пара-пар.

Расында, бүгінгі таңда Қарағандының басында 80-нен аса мектеп болса, оның 10-ы ғана толық ана тілімізде білім береді. Қалған 48-і аралас. 28-і орыс тілінде. Енді осы аралас мектептердегі орыс тілінде білім алатын балалардың 60-70 пайызы – тағы өз қандастарымыз. Сонда бұл не, қарағандылық қазақтар тілінің болашағына сенбей ме? Әлде, өз қағынан жеріген кұлан ба? Содан барып, аралас мектептегі баланың тілі – айыр һәм шұбар. Ол түгілі, қазақ мектебінде де осы – кеп…

Обалы нешік, бұл орайда аймақ басшысы – оң көзқараста. Аралас мектептерде бұл проблеманың барлығынан хабардар екенін жасырмады. Сондай-ақ бұл мәселенің шешімін табуы тиістігін де жеткізді. Өзінің тікелей бақылауына алатынын айтқан-ды. Оның үстіне, биыл Қарағандыда жаңадан ашылатын мектеп – қазақ мектебі болатынын атады.

– Өздеріңіз білесіздер, осыдан 5-10 жыл бұрын қазақ мектептері қанша болды? Қазір көбейіп келеді. Мысалы, осы жылы Қарағандыда жаңа үлкен қазақ мектебін ашқалы отырмыз. Құрылысы алдағы 2-3 айда аяқталады. Жақсы қазақ мектебі болады. Расында, аралас мектептің проблемалары бар. Балалар сабақта бір тілде, үзілісте басқа тілде сөйлейді. Мен бұл мәселені – өзімнің бақылауыма аламын. Айтқан пікіріңіз дұрыс. Осы мәселені шешу керек. Айтып өткенімдей, 2022 жылға дейін алты мектеп салынады. Оның көбісі қазақ мектептері, – деді аймақ басшысы.

Бұдан кейін мемлекеттік қызметтегі жастардың тілге жатсына қарайтынына қоғам белсендісі Болат Сыздық та тоқталған-ды. Осыған байланысты аймақ басшысына ұсыныстарын да жолдады. Мемлекеттік ұйымда жүрген ұл-қыздардың дәлізде де қазақша сөйлеуін талап ету жөнінде ұсынысы әкім тарапынан қолдау табуы алдағы уақытта тілдің мәртебесін көтеруге жасалған бір қадам деп ұқтық.

Қазақ «тыңдаусыз қалған сөз – жетім» дейді. Кездесуде ана тілге қатысты өтініш-тілектердің барлығы жетімсіреп қалмады. «Қаңғыған күшік секілді ұлып жұртқа қайтқан жоқ» (Абай) абырой болғанда. Әкім бақылауына алуға уәде етті.

Соған қуандық. Ендігі уақытта соның жемісін күтеміз. Асыға һәм тағатсыздана…

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button