Баланың көңілі – Көрмеде

      Қарағанды облысының оқушылар делегациясы Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО–2017» Халықаралық көрмесі ашылғаннан бастап, апта сайын шараға барып қайтуда. Елордаға тур бюджеттік қаражат есебінен қаржыландырылған. Ол 3750 балаға арналған. Көрмеге тегін барып қайту мүмкіндігі балалар үйінің тәрбиеленушілері, көпбалалы және тұрмыстық жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға, дарынды оқушыларға және жас спортшыларға берілді.

– 12 маусым – 10 қыркүйек аралығында «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесіне Қарағанды облысынан 3750 бала бюджет есебінен барып қайтады. Астанаға бару жолдамаларын сатып алуға 145 миллион теңге бөлінді: қала және аудан бюджеттерінен – 95,4 миллион теңге, облыстық бюджеттен – 49 миллион теңге. Экскурсия екі күнге шақталған. Бірінші күні – Елорданың көрікті жерлерін аралау, екінші күні – «ЭКСПО-ға» бару, – деп мәлімдеді облыстың білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлжан Ахметкәрімова.

Қай бала жолдау алатынын кім және қалай іріктеді? Критерийлерді ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен. Шарт бойынша, басымдылық жетім балаларға, көпбалалы және тұрмыстық жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге, сондай-ақ, оқу мен спортта жетістіктерге жеткен оқушыларға берілді. Балалардың жас мөлшері 12-17 жас аралығында. Тізімді білім бөлімдері құрды.

Қарағандылық 1200-ден астам бүлдіршін Көрмеге тегін бару мүмкіндігін пайдаланып үлгерді. «ЭКСПО-ны» балалар үйінің тәрбиеленушілері мен дарынды балалар көріп қайтты. Ендігі кезекте аудандардан келген бүлдіршіндер сапарға шығады.

Бір жолдама бюджетке 27 мың теңгеге түсті. Олар астаналық туроператорлардың бірінен сатып алынды.

Топтар 150 адамнан құралады. Балаларды Қарағандыдан Астанаға және кері қайтарда пойызбен жеткізеді. Ол автокөлікке қарағанда анағұрлым қауіпсіз. Балалармен бірге, педагогтар мен медициналық қызметкерлер еріп жүреді.

Астанада топтарды туроператор өкілдері қарсы алады. Жолдаманың ішінде тұрғын жағдайы мен тамақтану қарастырылған. Қарағандылықтарды қаланың ескі бөлігіндегі теміржол вокзалына жақын орналасқан политехникалық колледждің жатақханаларына орналастырады.

Мысалы, балалар Ұлттық мұражайда, Бейбітшілік және келісім сарайында, Назарбаев-орталықта болады. Ниет білдіргендер «Бәйтерек» пен «Хан Шатырды» аралайды.

Жуырда облыстық «Құлыншақ» даму мүмкіндігі шектеулі балалар үйінің тәрбиеленушілері  басқа да келушілер секілді «ЭКСПО-ға» өздері туралы естелік қалдырды. Сондай-ақ, қарағандылық балалар үйінің тәрбиеленушілерінің өз планетасы пайда болды. Олар оны электронды терминалда берілген тапсырмаларды орындай отырып, өздері құрды.

Ұл балалар полицей көлігінің рөліне де отырып үлгерді.

Балалар сегіз сағатқа жуық уақыт бойы «ЭКСПО-ны» аралап шықты. Арасында Көрменің аумағында түскі асқа кідірді.

Балаларға Біріккен Араб Әмірлігі павильонының бастамасы ұнады. Мұнда келушілердің қолдарына немесе қағазға олардың есімдері жазылады. Болашақ технологияларымен таныстық виртуалды түрде өтеді – барлығы ауқымды экранда электрондық құрылғылар арқылы көрсетіледі.

Катар өзінің алтынмен жарқыраған үлкен қасбетімен көз жауын алады.

Келушілердің пікірінше, көбіне Германия павильоны ұнады. Қарағандылық балалар үшін де бұл нысан қызықты болды.

Германия павильонының тартымдылығы – еліктірер ғарыш шоуы. Балалар үшін бұл «ЭКСПО» туралы ұмытылмас естелік болды.

 

Өз тілшімізден.

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.