Жаңалықтар

Баланың бақыты – өз отбасында

«Бала – адамның бауыр еті». (Абай) Ол ата-анасын таңдай алмайды, алайда, отбасында не көрсе, соны үлгі тұтады. Жақсы ана атану, ұл-қызына мейірімді әке болу өкінішке қарай, бәріне тән болмай тұр. Соңғы 10-15 жылда балаларын қоқыс жәшіктеріне тастау, жетімдер үйіне тапсыру деректері жиілеп кетті. Елімізде бүгінде 4200-ге жуық бала интернатта.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын мақұлдап, бала қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды. Бала құқығын қорғап, денсаулығын сақтау жүйесін нығайту аса маңызды екенін атады.

Ата-аналарға мектеп керек

Қоғамда ата-ана құқығынан айырылғандардың көбейгені жетімдер санын көбейтті. Десек те, әлеуметтік жетімдікті азайтуға атсалысып жүргендер аз емес. Мәселен, бала асырап алу ұлттық агенттігінің көмегімен 8 жылдың ішінде 1981 бала отбасын тауыпты. Биыл балаларды асырап алатын отбасында өмір сүруге дайындаудың бірыңғай стандартына негізделген Кәсіби қабылдаушы отбасылар институты жұмысын бастайды.

Бүгінде интернат үлгісіндегі балалар мекемелері бітірушілер үшін сапалы әлеуметтенуді қамтамасыз ете алады. Мамандар мәліметінше, интернат бітірген балалардың 10 пайызы өмірге бейімделеді. 40 пайызы қылмыс жасайды, 50 пайызына еңбек нарығында аса сұраныс жоқ.

Құқық қорғау органдары қызметкерлері ата-ана құқығынан айырылатындардың дені жұмыссыздар, яғни, алимент төлеуден жалтарып жүргендер, сондай-ақ, адамгершілікке жат мінез-құлықпен өмір сүруге еті өліп, спирттік ішімдіктер немесе есірткі, психотроптық заттарға әуестеніп, тағдыр жолында адасқан адамдар екенін айтады. Сондай-ақ, баласының, жұбайының не отбасының басқа да мүшелерінің өмiрiне қауіп төндіріп, денсаулығына қасақана зиян келтірген қатыгездер де ата-ана құқықтарынан айырылады.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан жақында Конституциялық соттың нормативтік қаулысын іске асыру аясында министрлік жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуде ерлі-зайыптылардың басымдығын көздейтін бірқатар заңнамалық нормалар әзірленгенін атады.

– Үміткерлерге қойылатын талаптарды қатайту бойынша шаралар кешені әзірленді. Бұл тұрғыда бала асырап алушы мен асырау­ға берілетін баланың жас айырмашылығын анықтау, бала асырап алушының соттылығы туралы ақпаратты жыл сайын жаңарту, міндетті психологиялық диагностикадан және аккредиттелген ұйымдар арқылы тиісті оқытудан өту ескерілген. Қазір бұл түзетулер мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр. Осы рәсімдерден кейін түзетулер пакеті Парламент қарауына енгізілмек, – деп түсіндірді вице-министр.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, елімізде жыл сайын 2 мыңға жуық ата-ана өз құқығынан айырылады. Бала психологиялық зардап шегіп, тәуелсіз өмірге бейімделмеген, дағдыланбағандықтан балалар үйіне, интернатқа орналастырылады. Мамандардың сөзінше, статистикаға сәйкес, еліміздегі ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың 80%-ы – әлеуметтік жетімдер, ата-аналары немесе жақын туыстары бар.

Дегенмен, ресми мәліметтерге сәйкес, соңғы 5 жылда балаларды балалар үйіне қайтару саны 6 пайызға өскен. Бұған елімізде балаларды асырап алатын отбасында өмір сүруге дайындаудың бірыңғай стандартының жоқтығы себеп. Сондай-ақ, ата-аналарға арналған мектептің жоғынан елімізде ата-аналар баланы асырап алғаннан кейін кез келген туындаған жағдайға дайын болмай шығуы да мәселеге түйткіл. Осы олқылықты жою үшін биыл елімізде Кәсіби қабылдаушы отбасылар институты жүзеге асады.

Кәсіби қабылдаушы отбасылар институты

Әлеуметтік жетімдік мәселесінің шешімі еліміздегі үздік әлемдік тәжірибе – Кәсіби қабылдаушы отбасылар институтын енгізумен байланысты болмақ. Бала асырап алу ұлттық агенттігі ұйымдастырған «Баланың бақытты мекені – Отбасы» тақырыбында дөңгелек үстелде Қазақстанда Кәсіби қабылдаушы отбасы институтын енгізу мәселесі қозғалды. Мәселеге қатысты заң жобасы жақында Мәжілістің бірінші оқылымында қабылданды.

– Қазіргі таңда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы отбасына қабылдаудың төрт түрі бар. Асырап алу, қамқоршылық-қорғаншылыққа қабылдау, патронаттық тәрбие және қабылдаушы отбасы. Алдағы уақытта бесінші түрі енгізілмекші. Бұл – Кәсіби қабылдаушы отбасы. Негізгі мақсаты – балалардың балалар үйіне түспей, бірден отбасында тәрбиеленуі. Қазіргі таңда мекемеде тәрбиеленіп жатқан жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны 4000-ға жуық. Олардың көбісін отбасында қабылдауға дайын үміткерлер аз. Себебі олардың көбісі ағайынды, әрі диагнозы бар балалар.

Ал, баланы отбасына қабылдауға үміткерлердің көбісі дені сау нәрестені отбасына қабылдағысы келеді. Барлық балалардың отбасында өмір сүруін жүзеге асыру мақсатында Кәсіби қабылдаушы институтын енгізу мақсаты көзделді, – деп атап өтті Ұлттық бала асырап алу агенттігінің жетекшісі Фарида Рахметова.

Агенттік жетекшісі атап өткендей, бұрын ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мекемеге түсетін. Кәсіби қабылдаушы институты негізінде баладан бас тартқан ата-аналардың балалары арнайы тереңдетіліп дайындықтан өткен отбасына орналастырылады. Бір отбасына төрт баладан артық берілмейді.

– Кәсіби қабылдаушы отбасына үміткерлер 30 жастан зейнет жасына дейінгі үміткерлер болуы тиіс. Толық отбасы болуы – міндетті. Мемлекеттен төленетін арнайы жәрдемақы әр балаға 10 айлық есептік көрсеткіш, ата-­анасына жасаған қызметі үшін жеке-жеке 70 айлық есептік көрсеткіш ретінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді, – деді Фарида Мырзаханқызы.

Мамандардың айтуынша, кәсіби қабылдаушы отбасына іріктеу тереңдетіліп жүргізіледі. Өйткені, ол – күрделі жұмыс. Отбасылар арнайы оқудан, тексерістен өтуі керек. Барлығы жергілікті қамқоршылық органына арыз жазу арқылы жүзеге асады.

Қарағандыда балалар үйі азайып келеді

– Қарағанды өңірі еліміз бойынша балалар үйінің және ата-­анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны көп аймақ қатарында. Оған өңірде 1930 жылдары ҚарЛаг лагерінің әсері болғаны рас. Ол уақытта баласынан айырылған аналардың да саны көбейді.

2019 жылдан бергі мәліметке сүйенсек, Қарағанды облысында жетім балалар саны азайды. Бұған дейін өңірде 14 балалар үйі болса, қазір олардың саны жетеу, – деді кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор Ғайни Карисова.

Қазіргі таңда аймақта ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 1 869 бала бар. Оның 69-ы – жетім бала санатында. Сондай-ақ, ішінде патронат тәрбиесіндегі және балалар үйінде тұратын және мекемелерде тәрбиеленетіндер.

– Елімізде жетім және ата-­анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдар мен орталықтардың бірнеше түрі бар. Мәселен, балалар үйі, мектеп-интернаты, балаларды бейімдеу орталықтары, қолдау орталықтары және отбасы үлгісіндегі SOS балалар ауылы. Бұл аталған ұйымдардың барлығы балаларды өмір сүруге, оқытуға және тәрбие­леуге жағдай жасайды.

Балалар бақытын патронаттық отбасыларынан табады. Отбасын таппағандар балалар үйінде топтасып, отбасы болып тұрады. Олар мемлекеттік мекемеде өз міндеттері мен құқықтарын сезініп, өздерін отбасындағыдай сезінеді.

Облыста балаларды қолдаумен қатар отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Облыс бойынша Қарағанды, Балқаш, Теміртауда қолдау орталықтары бар, – деді Ғайни Сәтжанқызы.

Бүгінде елімізде 6,8 миллион бала бар екенін ескерсек, бұл көрсеткіш үнемі өсу үстінде. Әр жылы 400 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Қазір еліміздегі 7 мыңнан астам мектепте 3,8 млн бала білім алуда. Аймақтағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Ирина Киселева өңірде балалар құқығы лайықты қорғалуда екенін айтады.

– Жылына облыста бала құқығын қорғауға қатысты 120-ға жуық сұраныс түседі. Көп жағдайда көпбалалы отбасылар баланы тамақпен қамти алмай, әлеуметтік қолдау сұрайды. Балаларын жиі ұратын әкелер жайлы мәселеге араласамыз. Қарағандыда баласын қалдырған ата-ана жайлы мәселе көтерілді. Бұл жағдайда жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргіздім, – дейді Ирина Киселева.

Ақбергеновтердің орындалған арманы

Қоғамда балаларын жиі ұратын әкелер, тастап кететін аналар бар болғанымен, мейірім төгіп бала іздеп шарқ ұратындар да бар. Мәселен, Қарқаралы ауданы, Бесоба ауылының тұрғындары Ақбергеновтер отбасының «бір баланы бақытты етсек» деген арманы болған екен.

Ақбергенов Серік пен Зәмзәгүл жетім қалған сәбиді жылатпай, шын жүректен ата-ана махаббаты мен отбасы жылулығын сыйлауға ниеттенген. Ұлдарын аяққа тұрғыз­ғаннан кейін 2 жарым ай үздіксіз қабылдаушы ата-ана мектебінде оқыды. Еліміздің оңтүстігіне де, солтүстігіне де барып, бала іздейді, бірақ, жүректерін тартқан баланы алуды дұрыс көрген.

Бір күні күтпеген жерден республикалық жетім балалардың дерекқорынан Карима есімді қыз­ды көріп қалып, жүректеріне жылулық сезімі ұялайды. Ақбергеновтер көп кідірмей, кішкентай қызбен танысуға бел буыпты.

Танысқан кезде Кариманың балалар үйінде тағы екі ағасы бар екені анықталады. Осылайша бір баланы бақытты етеміз деген ата-ананың арманы еселеніп, олар бақыты мен шаттығы тасыған көп балалы отбасыға айналды.

«Ана үйінің» міндеті қандай?

Ақбергеновтер отбасына көмек қолын созған «Ана үйі» қоғамдық қоры – балалардың бақытты отбасында өмір сүруіне көмектеседі. Жалпы, қазақстандық бизнесмендердің жобасы болып табылатын «Ана үйі» қоғамдық қоры 11 жылдан астам уақыт бойы әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және жыл сайын балалар үйіне түсетін балалар санын азайту мақсатында өз қызметін жүзеге асырып келеді. Бүгінгі таңда Ұлттық бала асырап алу агенттігінің көмегімен 1330 қазақстандық отбасына 1981 бала орналастырылған. Барлығы 18 112 азаматқа кеңес беріліп, олардың 6199-ы Қабылдаушы ата-аналар мектебінен өтті.

– «Ана үйі» қоғамдық қорының негізгі міндеті көмек беріп, игі іс жасағысы келетін және бүгінде осы қамқорлық пен көмекке мұқтаж жандарды байланыстырады. Жоғарыда атап өткеніміз жай ғана сандар емес, бұл – жетімдік мәселесін шешуге атсалысуымыздың нәтижесі. Өйткені, ата-­анасыз өсетін баланың қайғысы біздің жалпы қайғымыз. Мейірім мен жанашырлық қазақстандықтардың айрықша қасиеті екендігі көңіл қуантады, – дейді Фарида Мырзаханқызы.

Ұлттық бала асырап алу агенттігінің миссиясы да қазақстандық қоғамда бала асырап алу мәдениетін дамыту, қабылдаушы отбасыларды сүйемелдеу және кәсіби даярлауға негізделген.

Бүгінде Қазақстанның 20 қаласында балалар үйлері мен сәби үйлерінен балаларды өз отбасыларына қабылдағысы келетін отбасыларға мамандар кеңес беретін консультациялық кабинеттер жұмыс істейді.

Ал, психологтар Қабылдаушы ата-аналар мектептерінде әлеуетті асырап алушыларды дайындайды. Орталық мамандары жетім балалар мен асырап алушылар арасында байланыс орнату үшін жұмыс істейді. Егер бір қаладағы асырап алушылар өздері қалаған балақайларды таба алмаса, басқа аймақтардағы балалар үйімен интернет арқылы байланысқа шығып алдын ала баланы көре алады. Ата-ана баланы асырап алуға келісім берсе, олар ата-аналарды қабылдау курсынан өтеді. Орталықтар баланы асырап алуға қатысты құжаттарды реттеуге көмектеседі.

Қазақстанда қазіргі таңда 21 387 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Бір баланы асырауға жылына шамамен 425 мың теңге көзделген. «Ана үйінің» өкілдері «Әрбір ата-ана өз баласының тәрбиесі үшін Құдайдың да, қоғамның да алдында жауапты екенін ешқашан ұмытпаса екен» дейді.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button