Балалар киінеді, ата-ана сүйінеді
Қарағанды облысы орталығында оқушы киімін тігетін өндірушілер өнімдерін сатылымға шығарады. «Алтын арба» базарынан мектеп формаларын сататын үлкен бөлім ашылады. Бұл жерде жергілікті отандық киім өндірушілерінің спорттық киім-кешектері де сауда сөрелеріне қойылады деп күтілуде.
– Біздің компаниялардың көпшілігі жаңа бағытта мектеп формасын тігуде. Қарағанды және Астана көрмелеріне қатысқан компаниялардың тәжірибесі мол. Қазірдің өзінде барлық мектептер бойынша келісім-шарттар жасалды. Ақырындап мемлекеттік тапсырыстарды қабылдап, нарыққа шығамыз. Бұл келісімнің арқасында жұмыстардың құрамы ұлғаяды деп үміттенеміз,– дейді Қарағанды облыстық Кәсіпкерлер палатасының жеңіл өнеркәсіп комитетінің төрағасы Андрей Шмарин.
Басты мақсаты – тігін компаниялары сауда нарығын сапасыз киім ұсынуына жол бермеу. «Galex plus» кәсіпорны директоры Галина Бланкинаның айтуынша, мектептің сұранысына және санитарлық талаптарға сай жұмыс істеуге қуатты. Өнімдері денсаулыққа зиянсыз, оқушыға қолжетімді. 2-3 балалары бар отбасыларға жеңілдік қарастырылған.
Сонымен қатар, бренд қалыптастырушы 10-нан астам өндірушілер киім материалдарының жоғары сапалы, барлық талаптарға жауап бере алатындығын айтады. Қарағандылық өндірушілер Түркия, Өзбекстан, Қытай және Ресей пайдаланатын таңдаулы тоқыма өндірушілерінің шикізаттарын тұтынады. «Фортуна», «Стежок», «Картель», «TEMIRTAU ASSOCIATES AND ANCILLARIES», «Galex plus», «Триксат», «Тандем», «Азиятекс» сияқты тігін фабрикалары білікті дизайнерлермен жұмыс істеп, мектеп киімін ыңғайлы, әдемі етіп тігуде. Тіпті, ата-аналар комитеттерімен тізе қоса жұмыс істеуге әзір. Бірыңғай бренд идеясы Қаражалдағы тігін кәсіпорнының иесі Г.Муртазинаға тиесілі.
Сондай-ақ, қарағандылық өндірушілер өз киім үлгілерін сатылымға қойып, сапасын да көрсетіп отыр. Осылайша облыстың тігіншілері жергілікті өнімдерімен балаларды киіндіріп, ата-аналарды сүйіндірмекші.
Нұрдос КӘРІМ.