Брифинг

Бала қауіпсіздігі – басты міндет

Жазғы демалыс басталды. Балалар демалысты қызықты өткізу үшін лагерьді күтетіні анық. Биыл оқушылар үшін облыс аумағында 102 шатырлы және киіз үй лагері жұмыс істейді. Олар санитариялық-эпидемиологиялық жағдайларды қатаң сақтай отырып, 190 мыңнан астам оқушыны қабылдауға әзір. Демалушылардың қауіпсіздігін қадағалау үшін құтқару бөлімшелері құрылған. Бұл туралы білім басқармасының басшысы Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Ақылбек АХМЕТЖАНОВ өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Облыста балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша оқушылар, ата-аналар мен мұғалімдер арасында жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Лагерьге келушілердің басым бөлігі – әлеуметтік аз қамтылғандар. Биыл жазғы лагерлер 190 119 оқушыны қабылдауға әзір. 2019 жылы 193 999 баланы қабылдаған. Бұдан бөлек 360 мектеп лагері 40 мыңнан астам оқушыны қабылдауға дайын. 83 мыңнан астам бала арнайы мамандандырылған 386 орынға бара алады. Сауықтыру орталықтары – 35,3 мың оқушыны күтеді.

– Жылда сәуірде «Жарақаттанудың алдын алу» айлығы өткізіледі. Балалар үшін түрлі байқаулар, дәрістер мен қауіпсіздік техникасы бойынша шаралар ұйымдастырылады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Сондықтан, маусымның соңына дейін білім бөлімі «Қауіпсіз жаз» акциясын, облыстық және қалалық, аудандық «Жас құтқарушы» жарысын өткізеді. Оқушылар мен жетекшілер суға батқан адамға алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренеді. Және тағы бір айта кететіні, мектеп басшылары оқушыларды жүзуге үйрету үшін бассейн курсын ашу туралы меморандумға қол қоймақ, – дейді Гүлсім Қожахметова.

Қолда бар деректерге сүйенсек, судағы қайғылы оқиғалардың азаюы байқалады. Былтыр облыстағы су қоймаларда шомылу кезеңінде 12 адам суға батқан. Оның ішінде 4-еуі – бала. Ал 2019 жылы 14 адам суға батса, ішінде 1-еуі бала көрінеді. Биыл осындай 2 жағдай тіркеліп отыр. 1-еуі – жасөспірім. Олар арнайы жабдықталмаған әрі тыйым салынған жерге түскендіктен, осындай жағдай орын алған. Қауіпсіздіктің алдын алу мақсатында өңірдегі барлық су қоймаларына 174 «тыйым салу» белгісі қойылды. Білім беру мекемелерінде белсенді профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, 15 мың студентке қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Сондай-ақ, жұмыспен қамту орталықтарынан 33 адам тартылды. Олар төтенше жағдайлар министрлігінен арнайы оқудан өткен. Алдағы уақытта олардың қатары көбеймек. Сонымен қатар, еріктілер профилактикалық жұмыстарға белсенді қатыстырылады. Құтқару бөлімшелерінің күшін арттыру мақсатында 130 еріктіні қатарға қосқан.

– Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Федоров, Самарқанд, Шерубай-Нұра, Кеңгір су қоймаларында, Балқаш және Айнакөл көліне төтенше жағдайлар министрлігінің 7 құтқару бөлімшесі қойылды. Олар арнайы құрылғылар және жүзу құралдарымен жабдықталған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқару бөлімшелері де жоғары дайындық режиміне көшті. Су айдындарында рейд жүргізіліп, демалушыларға ереже жазылған арнайы парақша таратылуда. 2GIS жүйесінде шомылуға болатын су айдындары мен демалыс аймақтары арнайы белгілермен белгіленді, – деді Ақылбек Ахметжанов.
Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button