Жаңалықтар

Балаға қатыгездік қайдан келді?

Соңғы кезде жасөспірімдер арасында жантүршігерлік оқиғалар көбейіп кетті. Түркістан, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында болған жасөспірімдер арасындағы оқиғалар ешкімді бейжай қалдырмады. Тіпті, Алматы облысында қос баланың тағдырын қиған жағдайдан жұрттың жаны түршікті. Ата-ананың көңіліне алаң кірді. Балалар неге қатыгез болып барады? Оның әлеуметтік-психологиялық себебі қандай?

Қазақстанның әр аймағында оқушылар арасында орын алған жантүршігерлік оқиғаларға қоғам үнсіз қала алмады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше өткен Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кеткеніне алаңдайтынын білдірді:

– Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр» дей келе, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау шараларын заңмен күшейту керек екенін, отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлу қажет екенін айтты.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елде балалар арасында орын алған оқиғаларға байланысты жиын ашып, жауапты орындарға бірқатар тапсырмалар бергенін айтқан болатын. «Педагогтер қоғамдастығы мен азаматтық қоғам, атааналар өмірі мен денсаулығын қорғауға, өскелең ұрпақтың өміріне демеу болар құндылықтарын қалыптастыру жолында бүкіл ресурсымызды жұмылдырып, бала тәрбиесінде бірлесе қимыл жасау қажеттілігі туындап отыр, деді министр.

Елімізде жыл басынан бері кәмелетке толмаған 3 бала адам өлтіргені үшін, 12 жеткіншек денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 
Қазір бала неге қатыгез болып барады? Бұл тәрбиеге келіп тіреле ме? Алдын алу үшін не істеуіміз керек? Саясаттанушы әрі әлеуметтанушы Айдос Бәделұлының айтуынша, мемлекеттің идеологиясы мығым болса ғана, қоғамда қатыгездік пен әлімжеттік азаяды.
Әлеуметтанушы Айдос Бәделұлы:
«Тәрбие – әлеуметтік институт. Ол – тәрбиеге қажетті барлық құндылықтарды біріктіретін жүйе. Бүгінде әлеуметтік институт өзінің ролін атқара алмай отыр. Тіпті, ол әлсіз. Тәрбие әлеуметтік институт ретінде өзінің ролін атқара алмаса, әлімжеттік, қатыгездік болуы заңды құбылыс.
Тәртіпсіз, тәрбиесіз бала қайдан шығады дейміз. Қоғамда қазір ата-аналардың жағдайы балаға тәрбие беруден гөрі күнкөрістен аса алмай қалды. Яғни, жұмысбастылық, табыстың аздығы, несие, тағы басқасы. Отбасы жағынан мемлекет тәрбиеге тарту керек. Жапония, Германияның жастарды тәрбиелеудегі мемлекеттік идеологиясы мықты. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, сол идеологияның арқасында мемлекетті аяққа тұрғызып, әлемдік аренада өзіндік орнын айшықтап алды.
Біздің мемлекетте тәрбие дінмен, мемлекеттің саясатымен, салт-дәстүрмен, ұлттың менталитетімен үйлесуі керек. Сонда ол өзінің ролін атқарып, нәтижесін береді. Балалар арасында да әлімжеттік, тәртіпсіздік, қатыгездік тәрбие институтының құндылық ретінде жойылып кетуінен болып отыр».
Осы орайда кәмелетке толмағандар арасындағы әлімжеттік туралы балалардың өзінен де сұрап көрдік.
9-сынып оқушысы Марғұлан Бейсенов (аты-жөні өзгертілді):

«Оқушылар арасында түсініспеушілік болған жағдайда оны төбелессіз шешуге болады. Әрдайым шешімін табуға, келісімге келуге де болады. Егер проблема шешілмейтіндей болса, онда біз басқа балалардан ақыл, сол жағдайды білетіндерден жөн сұраймыз. Мен оқитын мектепте ұлдар арасында ақша жинау болған жоқ. Оқушылар арасында жәбір көрген бала ата-анасына айтуға қорқады. Себебі, ата-анасы шу көтереді. Ол баланың басқалардың алдында беделі түседі. Ал, бұзақы балалар ол оқушыны екінші рет ұруы мүмкін».
9-сынып оқитын Гүлден Кәрімова (аты-жөні өзгертілді):
«Кез келген мәселені ақылдасып шешкен дұрыс. Ұрып-соғу – мәселенің шешімі емес. Егер мұндай нәрсе бола қалған жағдайда сынып жетекші мен директордың тәрбие жөніндегі орынбасарларына айтып шешуге болады. Мен өз құқығымды білемін. Көп жағдайда оқушылар арасында әлімжеттік болғанда, балалар қорыққаннан ата-анасына айта алмайды. Себебі, оның неге апаратынын өздері де жақсы біледі»
Полиция департаментінің ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы Факизат Төлтаева өңірде кәмелетке толмағандар арасында қылмыстық жауапкершілікке тартылған балалар жоқ екенін айтты. Тек сот шешімі бойынша кәмелетке толмаған үш жасөспірім ерекше режимдегі арнайы мектепке жіберілген. Бес девиантты мінез-құлықты бала Алматы, Қызылорда, Тараз қаласындағы арнайы мекемеге жіберілген.

– Қарағанды облысында кәмелетке толмағандар арасында әлімжеттік жасау фактісі тіркелмеді. Биыл қала мектептерінің бірінен осындай шағым түскенімен, тексеру барысында қылмыстық әрекет анықталған жоқ. Қазір, көбінесе, балалардың қолы бос. Көп жағдайда қолайсыз отбасынан шыққан, қараусыз қалған балалар қылмысқа барады, бұзақылық жасайды, мүлік ұрлайды, түнде көшеде жүреді. Ал кейбір ата-аналар таңертеңнен кешке дейін жұмыста, баласының тәрбиесіне, олардың немен айналысып жүргеніне бас қатыруға шамалары келмей қалады. Бұл тексеру барысында белгілі болады. Былтыр өңірде кәмелетке толмағандар арасында 48 қылмыс тіркелсе, биыл 33-і тіркелді. Сондай-ақ, балалар интернет желісіне кіріп, психикасын бұзатын ойындар ойнайды. Олардың қылмысқа, қатыгездікке баруына осы нәрсе де себеп болуы мүмкін, деді аға инспектор.

Түйін: Әлеуматтанушы қатыгездіктің көбейгенін әлеуметтік институттың әлсіреуінен десе, оқушылар түсініспеушілікті ұрып-соқпай, өзара шешуге болады деп санайды. Ал, инспектор балалар арасындағы қатыгездікті ата-ананың жұмысбастылығымен және оқушылардың бос уақытының көп екенімен байланыстырады. Әрине, әр оқиғаның себеп-салдары әрқилы екені анық. Десе де, мұндай мәселенің қозғалуының өзі ұрпақ тәрбиесінде бағамдап қарайтын, жүйеге келтіретін шаруа көп екенін айғақтайды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button