Балқаштағы туризм: тозған жол, қазылған ор
Қарағандыдан шығатын кез келген бағыттағы жолдың жағдайы мәз емес. Тек, бұл тізімге Теміртаудан әрі асып, астанаға апаратын күрежолды қоспайық. Ал, Қарқаралы, Жаңаарқа, Ақтоғай немесе Ақсу-Аюлыға жету – бір қиямет.
Бұл тақырыпты біздің газет дүркін-дүркін көтеріп келеді. Әлі де қайта оралар кез келер. Сондықтан, бүгінгі сөз – Балқаш қаласы көшелеріндегі жол сапасы туралы…
Балқаш көшелеріндегі жол сапасына қатысты шағым көп. Көлік жөндейтін орындардың маңында «радиаторымды тесіп алдым», «шаровыйымды» жұлып алдым» деп үйірілген кісі қалың.
Өзіміз де көрдік. Шұқырдан қашып, шұңқырға ұрынып жатқандарды да кездестірдік.
Шаһар билігі жолдың сапасы төмен екенін мойындап отыр. Және қала әкімі Ораз Тәуірбеков жолды жөндеуде қолбайлау болып тұрған мәселелер туралы да ашып айтты.
– Ашығын айту керек, жол – нашар. Бірақ, жылу, ауыз су желілерінің де тозығы жетіп тұр. 85 пайызын алмастыру қажет. Әуелі сол құбырларды ауыстырмай үстіне асфальт төсей алмаймыз. Қазір асфальтпен жауып тастап, келесі жылы құбыр салу үшін қайта қопарып жатсақ, мемлекетке екі есе шығын келтірер едік. Күлкіге де, сөзге де қаламыз. Сондықтан, халыққа сәл шыдай тұру керек деп кездесулерде айтып жүрмін. Қалалық мәслихат депутаттарымен, қоғам белсенділерімен ақылдаса отырып қабылдаған шешіміміз, – дейді әкім.
Әкімнің айтуынша, қала көшелерінің 45 пайызындағы асфальт жабынының жағдайы сын көтермейді. Бұдан бөлек, коммуналдық инфрақұрылымның да әбден тозығы жеткен. Яғни, 225 шақырым жылу желісін ауыстыру қажет. Бұл – қаладағы жылу жүйесінің 85 пайызы. Жобаның құны – 5,5 млрд. теңге. Бір бастап кетсең, 10 айда тәмамдалуы тиісті…
Сөйтіп, былтыр жұмыс басталды. Алайда, қаражат толық түспей, сарсаңға салды. Алдымен қажет қаржының 10 пайызы бөлінді. Биыл тағы 10 пайызы берілді. Осылайша, 10 айға жоспар- ланған жоба екінші жыл жалғасуда.
– «Бұл – бір» деңіз, – дейді Ораз Қайсаұлы, – Екінші себеп – ауыз су желісі де тозып тұр. Мұнда да 85 пайызы ескірді. 125 шақырым құбыр жаңартуды қажет етеді. Жалпы құны – 4,8 млрд. теңге. Биыл республикалық бюджеттен ІІ, ІІІ кезеңдегі жұмыстарға 700 млн. теңге бөлінді. Аталған шаруаның барлығы қаланың орталық шағын аудандарында жасалуы тиіс. Байқасаңыз, қаланың біраз көшелері қазылып жатыр. Міне, осы коммуналдық желіні реттеп алмай асфальт төсеу мүмкін емес.
Әкімнің уәжі көңілге қонымды шықты. Әйтпесе, бүгін жол салып, ертең қайта қопарып, құбыр тарту – үлкенді-кішілі әкімдердің әдетіне айналып кеткен дейді.
Дегенмен, бұл жаз балқаштық жол жөндеушілерді жұмыссыз дей алмайсыз. Қаланың шеткері аудандарындағы жолдар ретке келіп қалыпты. Жерасты желілері жоқ «Жұмысшылар» шағын ауданында, 64-ші, 90-шы орамдарда «Қазақмыстың» көмегімен тас жол салынбақ.
Ал, бұрынғы Ленин – қазіргі Абай көшесі 2018 жылдан бері жарқырап тұруы тиіс еді. Алайда, «Асмир строй» деген фирма жайратып кетті. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Фирманы «қара тізімге» енгізген әкімдік 130 млн. теңгені даулап жүр.
Әйтсе де, қыс түскенше Балқаштағы бес көшенің халі жақсарып қалуы бек мүмкін. Әкімнің жоспарынша, Қазбекова, Желтоқсан, Әбуғалиев, Островский және Қараменде би көшелеріне асфальт төселмек. Ол үшін, әрине, алдымен жерасты жұмыстары уақытында бітуі – міндет.
Әзірге, еліміздегі мықты деген туристік орындардың ондығына кірген Балқашта жол мәселесі өткір тұр. Турист ағылуы тиіс күрежолдың да, қаладағы ішкі жолдың да жағдайы мүшкіл. Және кейбір көше бойы – қазылған ор. Құбырдың бірін алып, бірін салып жанталасқан жұмысшы қауым…
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.
СУРЕТТЕРДЕ: Балқаш көшелерінен көріністер.
Суреттерді түсірген автор.
БАЛҚАШ қаласы.