Жаңалықтар

Балқашта туризм қанат жаймақ

     unnamedБалқаш қаласы әкімдігінің бастамасымен 16 маусым күні көкше теңіздің жағасындағы «Жемчужина» демалыс үйінде аймақтағы туризм саласын өркендету бойынша «Балқаш Туризм – 2017» форумы ұйымдастырылды. Форумда ішкі туризмді дамыту, өңір экономикасын көтеру, инвестициялық ахуалды жандандыру мәселелері қарастырылды.

Көл жағалауындағы келелі кездесуге облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева, Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов, республикалық туроператорлар, жергілікті туризм ісінің мамандары қа­тысты.

Алғашқы болып сөз алған Балқаш қаласының әкімі Александр Аглиулин Балқаш жағалауындағы туризмді дамытудағы мүмкіндіктерге тоқталды.

Сондай-ақ, Балқаш қалалық мәслихатының хатшысы Қ.Тейлянов, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Т.Аблаева, Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Е.Күлпейісов, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Қ.Нөкеш, тағы басқа жиынға қатысушылар баяндама жасап, аймақтағы туристік объектілерді маркетинг саласында жандандыру қажеттігін айтып, жарнамалау жағын да басты назарда ұстауды тілге тиек етті.

Балқаш қалалық кәсіпкер және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Байзақ Әлмағамбетовтің айтуынша, өткен жылы Балқаш өңіріне 16 мың адам келіп демалып, қалалық бюджетке 350 млн. теңге пайда түскен. Демалушылар шет елдерден көптеп тартылуда. Қаладағы шағын және орта бизнеспен айналысатын 4500 кәсіпкердің бүгінде отызға жуығы тікелей туризм бағытында жұмыс жасайды. Жаз айында туризм саласымен айналысатын адамдар саны 1500-ге дейін артады екен.

Сонымен қоса, Орталық Қазақстан туризм ресторандық іс және қонақ үйлер бизнесі қауымдастығының президенті Майра Ақәділова туризм Қазақстанның өсуі мен өркендеуіне зор ықпалын тигізетіндігін жеткізді. «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясында облысқа туристер легі көптеп ағылмақшы. Балқаш аймағына демалушылар саны жылдағыдан 20 пайызға көбеймек. Осы ретте туроператор Мәдина Әбілдина Қазақстанды қызықтағысы келген саяхатшыларға сапалы қызмет көрсетуге дайын екендігін мәлімдеді.

Осы күні туристік кластерді дамыту бойынша атқарылатын жобалар мен жергілікті қолөнер шеберлерінің төл туындылары таныстырылды. Қоғамдық тамақтану орындарында шеберлік сыныптары өткізілді. Жиын барысында қонақтарға Балқаш аймағының туристік әлеуеті паш етіліп, туроператорлар мен туризммен айналысатын кәсіпкерлер арасында келісім орнап, меморандумдарға қол қойылды.

Сонымен қатар, Балқаш қаласы­ның 80 жылдық мерейтойы және «Балқаш Туризм – 2017» форумы аясында шаһардағы шағын және орта кәсіпкерліктің өкілдері арнайы номинациялармен марапатталды. «Ең үздік ғимарат қасбеті және маңайдағы аумақты абаттандыру» аталымы бойынша «Respect HoteI» қонақ үйі І орынды, «Нұрсая» тойханасы ІІ орынды, «Космос» банкет залы ІІІ орынды еншіледі. «Ең үздік жол бойындағы бизнес кәсіпорны» номинациясы бойынша «777» кемпинг І орынды, «Азербайжан» кафесі ІІ орынды, «Арзу» кафесі ІІІ орынды иеленді. «Ең үздік қоғамдық тамақтану кәсіпорны» номинациясы бойынша «Мерей» сауда ойын-сауық кешені І орынды, «Бақыт» мейрамханасы ІІ орынды, «Атилла» мейрамханасы ІІІ орынды иемденді. «Ең үздік таксист» номинациясы бойынша Жанғазы Ермеков І орынға, Мағжан Байтөкешов ІІ орынға, Қайрат Ибраев ІІІ орынға тұрақтады. Сондай-ақ, қала әкімінің Алғыс хатымен бірнеше такси жүргізушілері марапатталды.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button