Қарағанды облысындағы ең ескі жылу-электр орталығының бірі – Балқаш ЖЭО-да қуаттылық кеңейеді. Мұнда жаңа, бесінші қазандық салынуда. Бұл жылу тапшылығы мәселесін шешуге және қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді.
Балқашқа жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ЖЭО-да болып қайтты. Аймақ басшысы жылу көзінің жұмысын тексерді.
Облыс әкіміне жылыту маусымының өтуі туралы баяндалды. Станцияны жаңғырту және бесінші қазандықты салу бойынша жұмыстардың барысы туралы айтылды.
Ермағанбет Бөлекпаев сондай-ақ балқаштықтардың өтінішімен салынған жаңа емхана құрылысының барысымен танысты.
Бұдан әрі облыс әкімі Балқаш-1 станциясында болды, онда таунхаус үлгісіндегі тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Екі қабатты үйлер әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға, оның ішінде көп балалы отбасыларға және кезекте тұрған жетім балаларға арналған. Екі таунхаустың құрылысы аяқталды, тағы төртеуі салынады. Сонымен қатар, биыл Балқашта 45 пәтерлі екі үй қолданысқа беріліп, екі көпқабатты үй салынады.
Нысандарды аралағаннан кейін Ермағанбет Бөлекпаев Балқаш тұрғындарымен кездесті. Ашық диалог өтті. Қала тұрғындары көкейлеріндегі өзекті сұрақтарын қойды. Олар негізінен ТКШ, абаттандыру, жолдар және қоғамдық көлік жұмыстарына қатысты болды.
Балқаштықтар ескірген автобус паркін жаңартуды сұрады. Оларға бұл мәселе жақын арада шешілетіні айтылды. Қалаға жаңа автобустар сатып алатын жаңа тасымалдаушы келді. Өз кезегінде бюджеттен жолаушылар тасымалына субсидиялар ұлғаяды.
Балқаш эко белсенділері өз кезегінде көл жағалауындағы табиғи полигондарға шағымданды. Олар бейнекамералар орнатуды ұсынады. Олардың өтініші тыңдалды. Жағалауды абаттандыру кезінде бейнебақылау қарастырылған.
– Біздің басты міндетіміз –Балқаш тұрғындарының өмірін жақсарту, тұрақты жылу және сумен қамтамасыз ету. Желілер мен жолдарды жөндеу, абаттандыру жалғасады. Тұрғындардың барлық сұрақтары мен шағымдары жазылып, пысықталатын болады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Кездесу соңында өңір басшысы азаматтарды жеке қабылдады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.