Бас тақырып

Балқаш билігі неге дәрменсіз?

Балқаш қаласының экономикалық дамуындағы негізгі драйвер – туризм. Қазақстан Республикасының 2019-2025 жылдарға арналған туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, Балқаш курорттық аймағы туристік картасының «ТОП-10» тізіміне енгізілген болатын. Жалпы отандық туризмнің дамуына кедергі келтіріп тұрған мәселелер ретінде инфрақұрылым мен қызмет көрсету жиі аталады. Ал, оның ішіндегі ең негізгісі – дәретхана.

«Ұлы сөзде – ұят жоқ» демекші, айтсаң – ұят, айтпасаң – қиянат боларлық мәселені қозғауға тура келді. Мұны редакцияға хабарласқан балқаштық ағайынның жанайқайы десек те болады. Дәретхана туралы әңгіме қозғала қалса, көбіміз көзімізді төмен салып, ұялатынымыз шындық. Дәрет қысқанда патша жаяу баратын орынды таппай қаланы шарлап кететініміз де өтірік емес. Балқашта аяқасты қысыла қалсаң, баратын жер жоқтың қасы. Жеке дүкен, сауда орындары кіргізбейді, кафе-ресторандар ас ішіп, аяқ босатқандарға ғана қызмет ұсынады. Осы орайда қоғамдық дәретхана неге аз деген заңды сауал туындайды. 80 мың халқы бар Балқаш шаһарында қоғамдық дәретхана жеткілікті десек, жалған болар. Қаланы білетіндерге ештеңе емес, өзге өңірден тіпті, басқа мемлекеттен келген адам қысылса, қайтпек?

Бүгінде туристер үшін тартымды қала Балқаш көлінің жағасында орнатылған қоғамдық дәретханалардың есігі тарс жабық. Қомақты қаржыға салынған М.Хамзин атындағы мәдениет сарайының жанындағы және көл жағалауына жақын орналасқан дәретхана әлі күнге дейін жұмыс істемей тұр. Қазір балқаштықтар мен қала қонақтары намысты қойып, жағалаудағы қамысты жағалап жүргендігін айтады.

– Балқашта био-дәретханалар жетіспейді. Және көз тартатын әрі қымбат дәретхана орнатқанмен, ондағы гигиеналық талаптарды сақтаса игі. Әдемiлiгiнде де, бағасында да емес, оларды тазалап тұратын қызметтің дұрыс болғаны абзал. Жақында Балқаш қаласында Наурыз мерекесі ерекше аталып өтті. Ал, сол жерге барған халық дәретхана таппай сабылды. Туризм саласын дамыту барысында ең бірінші дәретхананың болуын тікелей қадағалау керек. Қоғамдық дәретханаларды жұмыс жасатуға дәрмені жетпей отырған мекемелерге таңым бар, – дейді қала тұрғыны Жақсыбек Есбергенұлы.

Осыдан екі жыл бұрын салынған дәретханалардың жұмыс жасамай тұрғандығын Балқаш қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрболат Бөлеген былайша жеткізді.

– Екі жыл бұрын салынған дәретханаларға былтырғы жылы құжат жасаумен уақытымыз кетті. Қазіргі таңда құжаттар дайын. Техникалық құжаттарын да алдық. Біз оған қаржы қарастырмай белгілі бір мақсаты бар Балқаш қаласының кәсіпкерлеріне беруді жоспарлап отырмыз. Сәуір айында ол жұмыс жүзеге асады. Бизнестерін жүргізіп, дәретханалардың қызметін жандандырам деген кәсіпкерлерге қоғамдық дәретханаларды беруге әзірміз, – дейді басшы міндетін атқарушы.

Қалалықтардың айтуынша, біздің елде қоғамдық дәретханалар дауы ешқашан басылмайтын секілді. «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар?» деп уақыт озып барады. Ал, жұрт болса, түзге қайда отырарын білмей жүгіріп, жар жағалап жүр. Дәретхананың әлегі өткені соншалық, 2002 жылы жыл сайын дүниежүзілік дәретхана күнін атап өтуге шешім қабылданған екен. Балқаш қаласында да мәселенің мән-жайына қанығып, дәретхананың әлегіне тоқтау қояр кез жеткен сияқты.

Нұрдос КӘРІМ,

БАЛҚАШ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button