Байтолланың иісі қалған

Алпыс қажы Мөшекеұлының есімі Қарқаралы өңіріне жақсы мәлім. Жан-жағына қайырымдылығын ти­гізген, қапияда жол тапқан, ескіше оқыған бақуатты тұлға болған. Осы өңірді имандылық жолына салуға атсалысқан мүміндердің бірі.

Сол кісі және осы өңірден шыққан Байтемірұлы Сейіл қажы өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Мек­кеге қажылық сапарымен барып­ты. Сол сапарында екі жыл, сегіз ай жүрген дейді.

Атам қазақтың қасиетті Қағбаны Байтолла деп атайтыны белгілі. Тура мағынасы Алланың үйі дегенді білдіреді. Қағба бұрыштары әлемнің төрт бұрышына бағытталған және әрқайсының өзіндік атауы бар: йемен дегені түстікті, ирак дегені теріскейді, левант дегені батысты және «қара тас» шығысты білдіреді. Қағба үнемі кисуах деп аталатын арнайы жібек матамен жабылып тұрады. Алтын жіппен тігілген оның ұзындығы қырық бір метрді құрайды екен. Мақта қосылған жібек матаның түсі – қара түс. Ол сегіз бөліктен тұрады. Онда қасиетті құранның 3:96 аяты, 3,9,18,19,20,39,67 сүрелері алтын әріптермен жазылған. Бір жамылғыға 670 келі жібек, 150 келі алтын мен күміс кетеді екен.

Жамылғыны жылына бір рет қажылық айының 9/10 күнінде ауыс­тырады.

Алпыс қажылар сол сәтке тап болып, қасиетті кисуахтан тәберік алады. Сол тәберігін аман-есен туған жерге жеткізеді.

Көңілі жеткен ел тәберікті бөліс­еді. Қалғанын құрметтеп сандық түбіне сақтап қояды.

Сол жамылғы қаламызда тұра­тын Алпыс қажының немересі Айт­бану апамыздың ұлы Серік қажы Сәтмағанбетұлының қолында сақтаулы екен. Имандылық жолында жүрген ол да қажылыққа екі рет жүрген.

Қасиетті Құрбан айт мерекесінің соңғы күнінде осы жамылғының көрсетілімі болды. Бұл шара Құрма ауылында өтті. Оның тұсаукесеріне өңіріміздің бірқатар қажылары, Алла жолында жүрген мүміндер қатысты. Қолда тұрған бұл жамылғының ұзындығы екі метр, ал көлденеңі тоқсан сантиметр.

Бұл жамылғыға бір жарым ғасыр болған екен. Содан бері бірде-бір жуылмаған. Жазулары өшпеген. Өңін бермеген. Ең ғажабы Байтолланың хош иісі сақталып қалған.

Бүгінде тәберік ретінде кисуах алу мүмкін емес. Жылына қажылыққа жүретін 12 миллион адамға 41 метр қайдан жетсін?!

Төрехан Майбас

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.