Байлығымыз-бейбіт өмір

     Қазақстан зайырлы мемлекет болғанымен, «бұл болмасаң, күл бол» деп дін мен мемлекеттік саясатты екі жаққа бөліп тастап қарап отыра алмайды. Өйткені, біздің басты байлығымыз еркіндік пен тату-тәтті бейбіт өмірде. Әлдебір діни мәселелер туып жатса, дін өкілдері мен мемлекеттік саясатты жүргізіп отырғандар бірігіп, ортақ шешімін тауып, тігісін жатқызуы тиіс, әрине. Осы орайда, Қарағанды облысының Орталық мешітінде Қарағанды облысы прокуратурасының «діни мәселелер» бағытындағы «халық сенімі» жобасы аясында мемлекеттік дамудың зайырлылық принциптерін түсіндіру мақсатында семинар-тренинг өтті.

Отанымыз зайырлы мемлекет аталғандықтан да, дін ұстануға келгенде біздің елде еркіндік берілген. Мәселенің шеті осы жерден қылтиып шыға келеді. Дін атын жамылған түрлі келеңсіздіктерді былай қойғанда, жергілікті жерлердегі тұрғындар арасында дәстүрлі дінге байланысты түсінбестіктер туып жатса, не сор?! Мәселен, соның бірі – мектептерде қазақ қыздарының орамал тағуы. Бұл ұлттық дүниетанымымыз бен дәстүрлі дінімізге қайшы келмегенімен, білім ошақтарында бірыңғай форма киілсін деген тәртіпке келгенде – жұмған аузымызды аша алмай далмыз. Осы жерде мектеп міндеттеген бірыңғай форманы ысырып қойып, еркін формаға ауысқан оқушының әдеті орамал таққаннан да сорақы көрінбей ме деген сұрақ қылаң беретіні де жасырын емес. Семинарға қатысушы дін істері басқармасы өкілінің айтуынша, Қазыбек би атындағы ауданда осындай жағдай орын алғанда, олар шешімін таба алмай қиналған. Және Заңда бұған қатысты ештеңе айтылмаған. Мемлекеттік қызметкерлер мен дін өкілдерін ақсататын тұс – тағы осы. Сондай-ақ, бұл жерде орамалды бет-аузын тұмшалаған хиджаппен шатастыруға мүлде болмайды. Ал, теріс ағымдардан сескенетін халықтың басым көпшілігі қазақ қызы орамал байласа, хиджап екен деп қабылдайтыны тағы бар. Сондықтан, имамдарға мемлекеттік дамудың негізгі зайырлылық принциптерін түсіндіру мақсатында облыстық дін істері басқармасы ұйымдастырып отырған мұндай семинар-тренингтер ауадай қажет. Аталған басқарма өкілдері мен облыстың өкіл имамы Өмірзақ Бекқожа мен жергілікті мешіттер имамдары және Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасының қызметкерлеріне саясаттану ғылымдарының кандидаты Дастан Көшербаев зайырлы мемлекеттің дінге деген қарым-қатынасын әлем елдерінің тәжірибесінен мысалдар келтіру арқылы түсіндіріп, дін қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді. Жоғарыдағы мәселеге келгенде біз екіұшты пікірде абдырап қаламыз. Себебі, ол жағы заңда қарастырылмаған. Солай екен деп, жағдайды ушықтырып, қарап отыруға болмайды. Құрығанда, дін істері басқармасы мен имамдар кеңесе келе жоғарыдағы заң қабылдаушы орындарға ұсыныс тастауға болатыны айтылды семинар-тренингте.

Жәнібек ӘЛИМАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.