Жаңалықтар

Байланыстың күретамыры

         Ақпараттық-коммуникациялық технология әлемді қазіргі күні алақаныңызға салып беретіндей қауқарлы. Үздіксіз, үдемелі даму үстіндегі бұл салаға қоғамның барлық тетігі тәуелді. Ақпарат және байланыс қызметкерлері тонның ішкі бауындай етене жақын. Екеуі бүтіннің екі жартысы сияқты. Сондықтан, мереке қарсаңында коммуникация қызметкерлерін ақпарат саласынан бөле жармай, «Қазақтелеком» АҚ компаниясының облыстағы филиалының тыныс-тіршілігін білмекке ат басын бұрғанбыз. Біздің бірқатар сауалымызға Қарағанды облыстық телекоммуникация дирекциясының бас директорының орынбасары – Техникалық директоры Игорь Юрьевич Лялин жауап берген еді.

 – Ақпараттық технология қарыштап алға озған бүгінгі кезеңде коммуникация қызметінің замтелекомның орысыан көшінен бір қадам алда жүруін уақыттың өзі талап етіп отырғаны аян. Төрткүл дүние қазіргі таңда осы ақпараттық-коммуникацияға жіпсіз байланған. Бүгінгі коммуникация бұрынғы телеграф емес. Басқаны қайдам, біздің елде ақпаратты уысында ұстап тұрған сала «Қазақтелеком» АҚ компаниясы. Олай болса,  коммуникация мұнымен тоқтап қалмай алға дами бермек емес пе?

– «Қазақтелеком» АҚ компаниясы биылғы жылы өзінің 23 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы уақыт аралығында компанияның ұсынған қызметі ауқымды. Атап айтқанда, тұрақты телефон, Altel және Tele2 операторларымен бірлескен ұялы байланыс бойынша қызмет көрсету, ID TV интерактивті сандық телевидение, жоғары жылдамдықты түрлі қосымша қызметтері бар WorldofTanks-ке арналған 30 күндік премиум-аккаунты бар  Wargaming пакеті, лицензиясы ай сайын жаңартылып отырылатын Kaspersky антивирусы, 300 мбит/сек дейінгі жылдамдықтағы ID Net ғаламторы, сонымен қатар, байланыс қызметтерін жақсартуға арналған басқа да көптеген қызмет түрлері бар. «Қазақтелеком» АҚ компаниясы пайдаланушыларға барлық салада байланыс орнатуға мүмкіндік беретін қызметтерді енгізуде. Мысалы, заңды тұлғалар үшін «Қазақтелеком» АҚ инновациялық қызметтердің әр түрлі спектрларын ұсынады, олардың қатарына «Виртуалды Call-center», «Виртуалды нөмір», «Сайттан қоңырау шалу»,  «Бизнеске арналған Wifi», «Видео online» бейнебақылау қызметін жатқызуға болады.

– Компания қызметі көп қырлы болған соңғы жылдары тұтынушылардың саны да күн сайын ұлғаятыны мәлім. Нарықтық бәсекелестік кезеңінде компания өзгелерден озық болуы үшін қандай басымдылықтарды назарда ұстайды?

– «Қазақтелеком» АҚ Қазақ­стандағы байланыстың кең инфрақұрылымының иесі, жетекші теллекоммуникациялық оператор бола отырып, қандай да болсын соққыға төтеп беруге қабілетті. Дегенмен, компания өзінің 23 жылдық тарихында нарық пен уақыт сынынан сүрінбей өтті. Бірақ, өзіне деген асқан сенімділік ірі компанияларды құрдымға кетіретінін әсте естен шығарған емеспіз. Осыны негізге ала отырып және әлемдік компаниялардың  тәжірибесін зерттей келе, «Қазақтелеком» АҚ басшылығы қатаң бәсекелестік жағдайында уақыт талабына сәйкес, өзінің басқару моделін өзгерту туралы шешімге тоқталды. Компанияда 2014 жылы басталған «Өрлеу» трансформациялау бағдарламасы компанияның бәсекеге қабілеттілігін сақтауға мүмкіндік береді. Үш жыл аралығында «Өрлеу» өзінің тиімділігін дәлелдеді. Бағдарламаның арқасында компанияның абоненттік базасы айтарлықтай ұлғайды. Пакеттік ұсыныстар қалыптастыру есебінен қызметтер сапасы жақсартылды. Тұтынушыларға байланыстың ғана емес, сонымен бірге, ақпараттық технология саласындағы қажеттіліктерін қамтамасыз ететін жаңа өнімдер, қызмет түрлері ұсынылды.

Ақпараттық-коммуникативтік оператор ретіне де белсенді түрде дамуда. Компания нарыққа «Әмбебап нөмір» конвергентті қызметтерді, үй және мобильді интернеттің бірыңғай пакеттерін, iD Net Wirelles, бизнеске арналған қызмет пакеттерін шығарды. Мемлекеттік маңызға ие Қазыналық деректер операторы қызметін іске қосу ерекше маңызға ие болды.

Үш жыл ішінде компания Tele2 ірі халықаралық операторының бір бөлігімен мобильдік бөлімшесін біріктіріп, ондаған жаңа өнімдер мен қызметтерді ұсынды. Бірнеше процестер оңтайландырылып, іс-әрекет тәсілдері жаңартылуда. Іргелес салалар бойынша жаңа бизнестер іске қосылуда. «Өрлеу» трансформациялық бағдарламасы болашақ үшін мүлдем басқа, үдемелі, инновациялық, табысты «Қазақтелекомның» жаңа іргетасын қалауға көмектеседі.

– Еліміздегі ірі компанияның бірі саналатын «Қазақтелеком» АҚ әлеуметтік жауапкершілікті жіті назарда ұстайтынын білеміз. Өз мамандарының әлеуметтік жағдайына қатысты компания бірқатар міндеттерді мойнына алғаны да мәлім. Сол міндеттер мүлтіксіз орындалып отыр ма?

– Қарағанды облыстық телекоммуникация дирекциясында «Қарағанды облысы байланыс қызметкерлерінің желілік кәсіподағы» қоғамдық ұйымының қатысуымен жұмыс беруші мен қызметкерлер арасында ұжымдық шарт қарастырылған. Ұжымдық шартта қызметкердің алдындағы жұмыс берушінің, сонымен қатар, қызметкердің жұмыс берушінің алдындағы құқықтары мен міндеттері көрсетілген. Еңбек және демалыс режимінің шарттары, еңбекақы төлеу формалары, еңбекті қорғау мәселелері айқындалған. Мысалы, кәсіпорын ұжымдық шартқа сәйкес, қызметкердің еңбек міндеттерін орындау кезінде өмірі мен денсаулығына зиян келтірілгені үшін кәсіпорын жұмыс берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасуды қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, 3 жыл аралығында кәсіпорында табысты түрде еңбек ететін қызметкерлерді ерікті медициналық сақтандыру  көзделген. Әлеуметтік жеңілдіктер мен қызметкерлерді қорғаумен бірге, кәсіпорын ардагерлерге материалдық төлемдер, мерейтойлық атаулы күндерге сыйлықтар түрінде көмек көрсетеді.

– Айталық, «Жастелеком», жаңылмасақ, қызметкерлердің бірыңғай пұлы сияқты тың жобалар сіздің компания тарапынан кейінгі жылдары ұдайы іске асуда. Бұл туралы толығырақ білсек дейміз?

– «Жастелекомның» негізгі мақсаты – жас қызметкерлерге патриоттық тәрбие беру мен жас қызметкерлердің құқықтарын қорғау. «Жастелеком» ЖҰ іс-әрекетіне мәдени-бұқаралық іс-шаралар, спорттық жарыстар, қызметкерлерге арналған тренингтер, қалалық қайырымдылық іс-шараларға қатысу кіреді. Мысалы, өткен жылы «Жастелеком» ЖҰ қатарындағы қызметкерлер Қарағанды қаласындағы «Рахмет» дүкенімен бірге қайырымдылық акциясы үшін заттар жинауды ұйымдастырды. Биылғы жылы «жастелекомдықтар» Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне көмек көрсету мақсатында «Жеңіс» жобасымен бірлесе отырып, қайырымдылық рейдтерін өткізуді жоспарлап отыр. Бүгінгі күні Қарағанды ОТД-ның «Жастелеком» құрамында жүзге тарта адам бар, болашақта жас қызметкерлерді көбірек тартуды да жоспарлап отырмыз.

 

– Қандай компания болмасын, білікті, білімді мамандарға тәуелді. «Қазақтелеком» АҚ Қарағанды облыстық филиалында неше бөлімше бар, осы бөлімшелерде қанша маман халыққа қызмет көрсетуде?

– Қарағанды филиалында бүгінде облыста 1872 маман жұмыс істейді. Компания абоненттерімен өзара байланысатын екі негізгі – коммерциялық және техникалық блокқа бөлінеді. Коммерциялық блок құрамында қызмет көрсету желісінің пункттері бар. Онда абоненттерге қызмет көрсету, байланыс орталығы, белсенді сату орталығы және тағы сол сияқтылар қызмет түрлері қамтылады. Кәсіпорындағы техникалық бөлімшеге байланыс желілеріне жөндеу мен қызмет көрсетуді жүргізетін жергілікті желілерге техникалық қызмет көрсету орталықтары, телекоммуникация желілерін пайдалану мен дамыту қызметтері кіреді.

 

Сұхбаттасқан

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button