Бабасы – тұғырлы, ұрпағы – үлгiлi

  Нұра ауданының Көбетей аулында Арыстанбай баба ұрпағы аталарына арнап ескерткіш орнатты.

Заманының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген кемел ойынан адам өміріндегі ең ұлық, ең мағыналы іс ұрпақ тәрбиесі екені аңғарылады. Ал, ұрпақты өткенін үйретпей тәрбиелеу мүмкін емес.

Осы тұрғыда Арыстанбай бабаның өнегелі де, ұйымшыл ұрпақтарының бүгінгі жұмыла жасап жатқан еңбегі болашақ ұрпақ үшін тасқа қашалған шежіре, өшпес тарих іспетті. «Жеті атасын білмеген жетесіз» дейді дана халқымыз. Заман тартысына түсіп, тоз-тозы шығып жетім қалған ұрпақтың бүгінде өткенін өшірмей қайта жаңғыртып отырған өнегелі ісі кім-кімге де үлгі боларлықтай.

– Рухани жаңғырудың кезеңі келген уақытта жастар кешегі ата-бабаларын іздеп, бүгін жетілген шағында әкем кім, әкемнің әкесі кім деп, өскен тамырына үңілді. Бұл руға бөліну емес, тарихты білу. Кешегі Арғын. Арғыннан Қуандық, Қарпық. Қарпықтан Тоқа, Тоқадан Майлы, Жаулы. Жаулыдан Тілен. Тіленнің 17 ұлының ішіндегі Шымырдан тараған Арыстанбай балалары Басан, Етжемес, Шағатай, Махамбет, Тоқан, Кенжебек – осы алты ұлдан тараған ұрпақ әке-шешесінің жетім-жесір өскенін көрді. Бір атадан тараған арыстай алты атадан бүгінде тұяқ та қалмағаны бар. Кешегі ашаршылықта, одан бері қарай қуғын-сүргінде із-түзсіз кеткендерінің атын бүгінге дейін де іздестіріп жатқан жайы бар. Кешегі ұлы Отан соғысына аттанып, 5 бірдей боздақ туған жерге оралмаған. Міне, осы Арыстанбай бабамыздан тараған ұрпақ ескерусіз қалмасын деп, бүгінгі қойылып жатқан ескерткіште аттары ойылып жазылған. Келіп құран бағыштаған ұрпақтары тасқа қашалған есімдерін атап отырып, ата аруағына дұға етпек, – дейді жерлесіміз, шежіреші, Нұра ауданының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Жарылқасын Бикенов.

Арыстанбай баба ұрпағының атағы шығып, ұрпақтарының бәрі батыл болып кетпегенімен еңбекке адал, еліне сыйлы жандар. Ата ұрпағынан тараған Әбілда Сәрсеков заманының көзі ашық, көкірегі ояу парасатты азаматы болған. Алғашқы сауатын ауыл молдасынан ашқан Әбең Құранды жатқа білген әрі өте терең түсінген, насихаттай да білген. Ақыл ойының тереңдігімен ерекшеленіп, есеп-қисап жағынан замандастарынан оқ бойы озық болып, соңынан ерген ауылдас бауырларына көрсеткен қамқорлығы бір төбе. Көз көргендер күні бүгінге дейін адалдығы мен кішіпейілділігін, өй-өрісінің кеңдігін «Әбең айтқандай деп» әңгімеге арқау етуде.

Махамбет балаларының ішінде Мәжит Қалиұлы Ұлы Отан соғысына қатысқан, шекарашылар әскерінде болған, елге аман-есен оралып, жоғарғы білім алған. Қатардағы мұғалімдік қызметтен мектеп директоры лауазымына дейін көтеріліп еңбек еткен. Зура Мәжитқызы әке жолымен ұстаздық қызметті таңдап, бүгінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы дипломатиялық институтында доцент. Ата ұрпағы Болат Бөстекбаев Целиноградтың ауыл шаруашылық институтында инженер-механик мамандығы бойынша білім алған. Ауған соғысының ардагері. Екі жылдық әскери борышын өтей жүріп, іскери бөлімшені басқарған. Соғыс даласында көрсеткен ерлігі еленіп, кеудесі орден, медальмен көмкеріліп, туған жерге оралған. Мамандығы бойынша Шахтер ауылында адал еңбек еткен жан бүгінде өмірден озған.

Тәрбиелік тағылымдық мәні зор істі басқарып, жастардың басын біріктіріп, тармақтала тарқатылған тарихына үңілдіріп, жеті атасын таратып, кесене қойдырып, алғысқа бөленіп жүрген Әпсамат Ахметжанов есімді азамат. Осы Көбетей ауылының тумасы. Бүгінгі таңда зейнеткер, Астана қаласының тұрғыны.

Баба ұрпағы 1 шілдеде туған жерге Көбетей ауылына жиналып, ас беріп, аруақтарға құран бағыштап, ескерткіштің ашылу салтанатын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.