Бақытты балалықтың бағдарламасы

    Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі «Балапан» бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа он жылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын және Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын іске асыру мақсатында әзірленген.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген ата-бабамыз ертеңгі күннің иелері жас ұрпақтан зор үміт күтіп, ертеден-ақ баласының бабын жасауға барын салған. Келешек иелеріне деген қамқорлық қазіргі таңда да қажетті деңгейде жасалуда. Бұл үшін елімізде жарқын бастамалар мен бағдарлы бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – «Балапанның» бастамасымен жер-жерлерде көптеген балабақшалар бой көтеріп, балғын балақайлар күлкісімен көмкерілуде. «Балапан» – бақытты балалықтың бағдарламасы.

Оның негізгі мақсаты – халықтың мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының сапалы көрсетілетін қызметтеріне қажеттілігін қанағаттандыру. Ал, міндеттері – 2015 жылға дейін мектеп жасына дейінгі балалардың 77%-ын, 2020 жылға дейін – 100% қамтылуын қамтамасыз ету, мектепке дейінгі ұйымдарға деген тапшылық проблемасын шешу үшін қажетті қаржылық-экономикалық жағдай жасау. Мектепке дейінгі ұйымдарды білікті кадрлармен толық қамтамасыз етуді және олардың біліктілігін тұрақты түрде арттыруды жүзеге асыру, инклюзивті білім беруді дамыту. Сондай-ақ, оқытудың жаңа әдістемелері мен технологияларын енгізу есебімен тәрбиелеу мен оқыту мазмұнын жаңарту.

Бағдарлама елдегі мектепке дейінгі ұйымдардың тапшылығы деңгейін төмендету жөніндегі түбегейлі шаралар қабылдауды, мектепке дейінгі білім беру қызметінің сапасын арттыруды қамтамасыз етеді.

Қаламызда «Балапан» бағдарламасының орындалуы мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды.

«Балапан» бағдарламасының аясында 2010 жылы №2 жалпы орта білім беретін мектепте 50 орынға «Күншуақ» шағын орталығы, 2011 жылы 200 орынға «Еркетай» шағын орталығы, 2015 жылы 200 орынға «Балақай» бөбекжайы ашылды.

Мектепке дейінгі ұйымдарда оқыту Елбасымыздың көптілдік саясатын қолдану мақсатында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүзеге асады.

«Айналайын» бөбекжайында мектепке дейінгі білімді көтеру мақсатында дәстүрлі әдістемемен қатар, М.Монтессори әдістемесін қолдануды жетік меңгерген. Осының дәлелі, 2015 жылы «Айналайын» бөбекжайы инклюзивті білім беру бойынша облыстық семинар өткізіп, Қарағанды облысының оқу-әдістемелік орталығы, білім басқармасының өкілдері мен директорлары, әдіскерлерімен қатар, облыстың барлық аймақтарынан 56 адам қатысты.

Қаламыздың басқа да бөбекжайлары Қарағанды облысының оқу әдістеме орталығының бастамасымен өтетін барлық іс-шараларға белсене қатысады. Бұл ретте «Балбөбек» бөбекжайы «Отбасылық мектеп» атты облыстық жобаға қатысқанын ерекше атап өткен жөн.

2016 жылы республикалық «Үркер» марафонына, «Пони» интеллектуалды ойындарына ересек топтардың тәрбиеленушілері қатысып, сертификаттар мен дипломдар алды. Бөбекжай педагог қызметкерлері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бекітілген «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» бағдарламаларымен және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бойынша жұмыс жүргізеді. Бөбекжайларда «Денсаулық сақтау», «Ақпараттық», «Ойын» және «Монтессори» технология элементтерін қолданады. «Do not have. Letter K», «Біз – балдырған баламыз», «Ана – аса қымбат жан», «Жыл басы – Наурыз» «Жол тәртібін білейік!», «Мен ғарышкер боламын», «Бауырласпыз, дос-туыспыз, біргеміз», «Ұлы Жеңіс жасасын!», «Мектепке барам мен енді», «Бақытты балалық шақ» атты тақырыптарда өткізілген іс-шаралар ата-аналардың да көңілінен шығуда.

Қазіргі заманда білімді ұстаз болу үшін біліктілікті арттыру ең маңызды міндет болып табылады. Білім бөлімі мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтарының кәсіби біліктілік деңгейлерін арттыру мақсатында Қарағанды қаласына біліктілік көтеру курстарына қатысып, білімдерін жетілдіруде.

«Балапан» бағдарламасының орындалуы кішкентай бүлдіршіндеріміздің болашағы жарқын болуына өз үлесін тигізетіні сөзсіз.

Саягүл АХМЕТОВА,

қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы.

ПРИОЗЕРСК қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.