«Бақшалының» жемісті жылы

    Ішкі нарықтағы өнімдердің басым көпшілігі жеке қосалқы шаруашылықтардың еншісіне тиесілі болғандықтан, аз уақыт ішінде солардың басын біріктірген ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бағдарламасы еліміз бойынша өткен жылдан бері қолға алынған болатын.

Ауданымыз үшін ғана емес, облыс бойынша жүрексінбей, алғашқылардың қатарында Бұқар жырау ауданының Гагарин және Садовое ауылдарының тұрғындарының «Бақшалы» деп біріккен ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 2016 жылдың аяқ шенінде құрылды.

Бүгінде Бұқар жырау ауданы бойынша «Бақшалының» ізін жалғаған 16 елді мекенде 20 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, ет және сүт бағытында жұмыс істеп келеді. Бірқатары мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекті тиімді пай­дала­нып, арнайы модульді пункттерді алып, жұмысын дөңгелетіп отыр.

– Әрине, бастапқы кезде халыққа түсіндіру жұмыстары, құжаттарды рет­­тестіру кезеңінде бірталай қиындықтар болды. Соған қарамастан, атқа­рушы билік тарапынан, кооператив мүшелерінен қолдау көргендіктен, жұмысымызды тоқтатпай, жалғастыра бердік, – дейді бүгінде «Бақшалы» кооперативінің басқарушысы Нұрболат Хамысбай.

Осылай небәрі бір жыл бұрын құрылған кооператив құрамына қатар тұрған Гагарин мен Садовое ауылдарының 36 тұрғыны мүше болып кіріп, несиеге құжаттарын жинастыра бастады. Әрине, «алма піс, аузыма түс» дегенге болмайтынын ауыл тұрғындары сол кезде түсінді. Несиеге үйдің құжаттарын реттестіріп, жинау үлкен жауапкершілік пен табандылықты қажет етті.

Соған қарамастан, Нұрболат Хамысбайдың айтуынша, кооператив мүшелерінің табандылығымен 98 миллион теңге несие алынып, мал сатып алу жұмысы қолға алынды. Қазіргі уақытта кооператив базасында 600-ге тарта ірі қара тіркеліп, бордақылауға қойылған.

Ауылды жердегі негізгі тіршілік көзі – мал, оның еті мен сүті. Күнде­лік­ті отбасы қамында атқаратын жұмыс­тардың ауқымы несие алған соң біраз артты. Ауыл азаматтары 10-20 бас көлемінде ірі қара алып, соларды бордақылап, арнайы жем-шөп әзірлеп, күтім жасады.

«Еңбек бәрін жеңбек» демекші, ерінбей тер төккен азаматтар қыс уа­қы­тына қарамастан, несие алған соң қора-қопсыларын кеңейтіп, мал басын сақтайтын, бордақылайтын арнайы орындарды да қамдап үлгерген. Кооператив мүшесінің бірі Қуандық Мектепханның айтуынша, ірі қараны бордақылау үшін жіті күтім қажет.

– Жем-шөппен, сумен уақытылы қамтамасыз етіп қана қоймай, қосымша азық түрлері берілуі қажет. Кебектің өзі ғана құнарсыз болатындықтан, ал таза жемнің бағасы қымбатқа түсетіндіктен, біз арпа мен бидайды тартып, кебекпен араластырып, бордақылауда тұрған малды жемдедік, – дейді табысты еңбек сырымен бөлісіп. Соның нәтижесі болса керек, алған 2 миллион теңге несиесіне 12 бас тайынша, торпақ сатып алған Қуандық оларды көтеріп, саудалап, жарты жылдық несие төлемін де өтеп үлгерген.

«Жалпы қалай, пайдасы бар ма?» деген сауалымызға да мүдірместен бар екендігін айтып жауап қатты.

Қуантарлығы, бір жаз ішінде қос ауылда 50,70,100 ірі қараға дейін сиятын бордақылауға арналған қоралар салына бастаған. 120 ірі қараға арналған бордақылау қорасы Садовое ауылында бой көтерген.

– Өткен қыс бойы малды жеке қора-жайларда ұстадық. Содан ақылдаса келе, жер алып, жаз уақытында қора салудың қамына кірістік. Әрбір ірі қараның тұратын орнына жем-шөп салынатын, су құйылатын арнайы оттықтар дайындадық. Жалпы, құрылыс жұмыстары тәмамдалды. Ендігі уақытта электр жарығын тарту жұмысы ғана қалды, – дейді кооператив мүшесі Жанболат Қожабай.

4 миллион теңге қаржыға салынған бордақылау қорасында қазіргі уақытта 70-ке тарта ірі қара тұр. Осыған дейін 80 басқа дейін ірі қараны бордақылап, тиісті орындарға тапсырып үлгергендерін де айтты Жанболат Қожабай.

Осыған дейін «Антрекот» дүкендер желісімен келісім жасап, мал басын тапсырса, арнайы байланыстарды орнату нәтижесінде ет алушылар бір мезгілде келіп, күйі жеткен ірі қараны сатып алып кетеді екен.

Кооператив мүшесі, Гагарин ауы­лының тұрғыны Әділжан Әбдуқадыров та кооперативтің пайдасын болжай білгендердің бірі. Осыған дейін де мал өсірумен айналысқан азамат қосымша мүмкіндікті тиімді пайдаланып, үйін кепілдікке қойып, қосымша мал басына қаржы алады. Бүгінде үйінің жанынан 44 түлікке арналған қора салып, солардың күтімімен айналысып, орайы келген сәтте сатып, шаруасын дөңгелетіп отыр.

Жары Анар екеуінің болашаққа деген жоспарлары да көп. Негізгі ойлары шикізат өндіруші ғана болып қоймай, өз өнімдерін тікелей халыққа ұсынатын ет сататын дүкен ашу да ойларында бар.

Кооперативтің тың серпілісі Гагарин мен Садовое ауылының қоғамдық малына да әсерін тигізуде. Қоғамдық табынды асылдандыру мақсатында кооператив мүшелері 20 бас асыл тұқымды ақбас бұқа сатып алып, табынға қосқан.

Таңның атысынан кештің батысына дейін жіті назар мен үздіксіз күтімді қажет ететін мал шаруашылығын қолға алған азаматтардың дені бір жұмыскерден болсын қанаттарының астына алып, жұмыспен қамтуда. Мұның өзі ауыл өміріне серпіліс тудырып, экономикалық-әлеуметтік ахуалының артуына мұрындық болып отыр.

Төгілген тер мен атқарылған еңбектің ең жақсы өтемі – дайындаған өнімнің сұранысқа ие болуы. Ала жаздай қорада тұрып, күйі келіп, бордақыланған ірі қараға кім қызықпасын?! Сондықтан, ет іздеп, сұраныс тудырып отырғандар кооператив мүшелерінің сұраған сомасын қолдарына ұстатып, бас-аяғы бірер сағаттың ішінде қорадан әкетіп жатады.

Міне, осылай шаруасын дөңгелеткен «Бақшалы» кооперативіне өкпе­лілер жоқ. «Тек қана ерінбей еңбек ете білу керек» дейді ауылдастар. Алға қойған жоспар-мақсаттары да бар­шылық. Мемлекет тарапынан көрсетілетін субсидиялық көмекке де құжаттар тапсырған.

– Ол мәселе уақыттың еншісінде, – дейді кооперативтің алға қойған мақсаттарымен таныстырған Нұрболат Хамысбай.

Кооператив басқарушысының айтуынша, жақын уақытта терең мұздату, ветеринарлық зертханасы бар модульды сою пунктін алу жоспарда бар екен. 22 миллион теңге тұратын құрылғының жарты сомасын мемлекет субсидия есебінен төлесе, қалған сома 7 жылға несие ретінде берілмек.

– Бұл өз кезегінде барлық стандарттарға сай сою жұмыстарын жүргізуге, болашақта Қарағанды немесе Теміртау қалаларынан ашуды қолға алып отырған кооператив дүкенінің жұмысына да септігін тигізбек, – дейді Нұрболат Хамысбай.

Бір жыл ішінде 300 басқа арналған отбасылық бордақылау алаңдары ашы­лып, материалдық-техникалық ба­за­сын қалыптастырған кооператив биылғы жылдан бастап арнайы азық­тық жемдерді алмақ. Ол өз кезегінде өнімнің сапасына, дәмдік қасиеттеріне де оң әсерін тигізбек.

Назерке ӘБІКЕЕВА.

БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.