Жаңалықтар

БАҚ пен әлеужелі немесе медиакеңістік үшін тартыс

Интернет қарқын алғанда газеттің «жаназасын» шығарып қойғандар әлеуметтік желі күшейгенде баспасөзді, тіпті, «жерлеп» үлгерді. Содан бүгін «газетті ешкім оқымайды», я «оқиды» деген ымырасыз, бірақ, у-шусыз іштей аңдысу, арбасу жүріп жатыр. Қабағына мұз қатқан «қырғи қабақ соғысқа» айнала қойған жоқ. Алайда, зиялы дейтіндердің өздерінің «Газеттің дәурені өтті» деуі – мына қоғамның өре деңгейін таразыға тартты. Қазір жастардың арасында «ниже плинтуса» деген мәтел бар өре жөнінде. Тым дөрекі сөз. Бірақ, базбіреулердің баспасөз туралы жөн-жосықсыз пікірлерді оңды-солды шашқанын көргенде, сол «плинтусы» бар болғыр есімізге түсе береді. Біз бүгін мынау әлем-тапырық дүниедегі әлем-жәлем күй кешкен әлеужелі мен анау дамыған елдердің өздері бас тартпай, сонымен таңғы асын ішіп, оразасын ашатын газеттің қажеті туралы сараптамақпыз…

Бесіктегі баладан бүкшиген қарияға дейін осы күні смартфонсыз ұйықтамайды. Смартфонсыз оянбайды. Көзінің былшығын жумастан жастығының жанында түнеп шыққан ақылды телефонына шұқшию – қазір ешкімге де жат емес. Керісінше, қолда ақылды телефоны жоқты ақылы кем секілді көреді.

Ақпарат әлеужеліде қаңбақша көшіп жүр осы күні. «Басы жастыққа тигенінен бастап, ішкен-жегенін, асқазанның не қорытқанына дейінгі мәнді-мәнсіздің бәрін айдай әлемге айғай салып жария етеді. Осы арада, «БАҚ-пен бақталасатындай әлеуетінің түрі осы ма еді?» деп ойлайсыз. Иә, қоғамдағы кей мәселелер ашық көтеріледі. Ашық жазылады. Содан биліктің өзі әлеужеліні аңдып отыратын күй кешті. Онда айтылғанның ақиқатты қанша пайыз иеленетіні жөнінде де нақты мәлімет жоқ. Негізі, көпшілігінде, әлеужелі күнде барып, айғай салатын жартастың қызметін атқаратынын да мойындау керек. Кейінгі уақытта, тіпті, ластанып кеткенін сондағы белсенділер де жоққа шығармайды. Бейпіл сөз де, бір-бірін кемсіту де сонда. Біреудің айтағымен енді біреу екіншіге үріп жатады. Я керісінше, енді бірі ұзында өші, қысқада қалған кегін әлеужеліде сол адамын мұқату арқылы қайтаруға ұмтылады. Мұның сыртында қолдан жасалған шолақ белсендімарианеткалар тағы бар. Демек, кір деу негізсіз емес. Мәселе – сол ақпарат-мәліметтің ақ-қарасын ажыратып, қорытатын қоғамның санасында.

Интернетті және қоғамды зерттеу орталығының социологы Полина Колозариди «гугл-бабл» туралы айтады. «Бұл – біздің айналамыздағы ақпарат ағынының тек біздің көзқарасымызға сәйкес келуі арқылы топтасатын жағдай. Ол болса, Facebook-те және Google іздеу жүйесінде таспаны қалыптастыру кезінде жұмыс істейді. Егер сіз консерватор болсаңыз, онда сіз консервативті достарыңызда не болып жатқанын көресіз. Либералистердің не ойлайтынын, не жазғанын көрмейсіз», – дейді ол.

Әлеужелі әуеліден топ талғамайды. Көпшілігінде грамматикалық, стильдік, ойдың қатесіне зер салмайды ешкім. Онда сападан гөрі сан басымдыққа ие. Яғни, қанша адам қарады. Неше адам пікір білдірді? Міне, әлеужелінің бүгінгі әлеуеті.

Ал, баспасөзде осы арада – ақсүйектік бар. Соның ішінде, қазақ баспасөзі. Аңдап сөйлейді. Көр-жерді сөз қылмайды. Отбасы, ошақ қасынан алыс. Ол белгілі бір зиялы қауымның сұранысын ғана өтейді. Сөздің қадірін, ойдың қадірін бағамдай алады. Грамматика түгілі стильдік қатеге жол бермеуге тырысады. Бүгінгі соры да сонда. Қазір әлеужелінің тілі – калька. Тым қарабайыр. Біреулер «Жеңіл. Сонысымен жұртқа жақын» деседі. Әйткенмен, ол – дәлел емес. Сонысымен елдің сөйлеу мәдениетін төмендетіп, тілдің қолданыс аясын тарылтып алдық. Баяғыда қазақтың сөйлеу тілінің өзі қандай еді? Шыбынсыз жаз тудыратындай шұрайлы емес пе еді? Қазір сол шұрайдан шөкімдей де қалса, бұйырғаны.

Әйткенмен, қалай десек те, әлеуметтік желінің тап осы күні БАҚ-ты жеп қоятын «каннибализмдік» әлеуеті артып бара жатқанын жоққа шығару мүмкін емес. Мұндай жағдайда баспасөздің «тірі қалу» жоспарында жаңа көзқарас, өзгеше әдіс-тәсіл қажет. Яғни, әлеуметтік желімен «соғыс» абырой әпермейтінін әлем зерттеушілері де ертеректе айтып кеткен. Олар барша БАҚ-тың әлеужеліге жүгінетінін болжаған. Сол болжау расқа шықты. Бұл күні әлеуметтік желіде парақшасы жоқ БАҚ-ты таба алмайсыз. Іштей әлеужеліге жұлдызы қарсы болса да, амалсыз жүгінеді. Сол себепті бүгінде баспасөзге де әлеужелімен жауласпай, оның мүмкіндіктерін пайдалану ғана қалды. «Соғыста барлық әдіс-тәсіл пайдалы» – «на войне все средства хороши» дегенді ұстану. Өйткені, қазір медиакеңістік үшін бәсеке, тартыс қызған. Сол кеңістіктің ұлтарақтай бөлігін иеленуде қария баспасөзге жас әлеужелінің жаңа тәсілдерін меңгеру керек.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, әлеуметтік желіде сапа басты мақсат емес. Оны қолданушылар кішкентай әріппен жазып, грамматикалық қателіктер жіберуі мүмкін. Ойдың аяқталғанын білдіретін тыныс белгілерін қоймай да кетеді. Сондықтан да, жарияланған мәтіндер грамматикалық тұрғыдан кемшін. Әлеужеліде жазылғандар ойдың легінен гөрі, әр адамның санасының көрсеткішіне барынша жақын деген пікірмен келіспеске болмайды. Ал, мұның соңы қайда әкеліп соғарын зерттеушілер де нақты айта алмай дал.

Домаланған дүние сыйып кеткен алақандай ақылды технология медиа кеңістікті меншіктеп алғандай көрінеді. Ақпарат саласында алдына жан түгілі құс салмай жүр. Мұндағы ақпараттар ағыны жолындағыны жапырып өтетін селдің жылдамдығымен тепе-тең. Интернет, сайт журналистикасының жұлдызы жанып тұрғаны да шын. Әлеужелінің жайын айттық. Әйткенмен, ол мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан баспасөздің орнын толық алмастырды деп кесіп-пішіп айтуға әлі ерте. Өйткені, біздің пайымдауымызша, уақыттың тезіне, замананың талай төзіне шыдас берген консервант-баспасөз бұл өліараны да өткереді…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button