Бағдарлы Жолдау – қуатты Қарағанды

    Қарағанды шаһарында – Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға алғышарттар бар. Нақтыласақ, қазірдің өзінде Жолдауда айтылған тапсырмалардың бірқатары іске асуда. Қайсыбірі өндіріс орындарында бұған дейін де жолға қойылған көрінеді. Мәселен, Мемлекет басшысының «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» деген міндетіне орай, Қарағандыда алдыңғы қатарлы бірқатар жобалар бар. Оның көшбасында фармацевтика саласы тұр. Атап айтқанда, «Ригер» ЖШС, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС, «Фармация-2010» ЖШС. Бұл туралы Қарағанды қаласы әкімдігінде өткен Жолдауға байланысты қала автивінің отырысында қала әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВ баяндады. Бұған қоса, ел Президенті белгілеп берген он міндетті орындаудағы Қарағандының әлеуеті де назардан тыс қалған жоқ. Сонымен, Қарағанды қаласы Жолдауды жүзеге асыруда қандай қарекет жасамақ?

Жаңа технология адам еңбегін 50 пайызға

азайтады

Елбасы «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиістігін» атап көрсетіп отыр. Бұл бағытта Қарағандыда қолға алынған ілкімді жобалар одан әрі жалғасын таппақ. Мысалы, индустриалды-инновациялық даму аясында осы уақытқа дейін 82 млрд.теңгенің 28 инвестицялық жобасы жүзеге асқан. Бұл күнде олардың өнеркәсіптік үлесі 18 пайызды құраса, жылына шығатын өнімдерінің құны 60 млрд.теңгеден асып жығылады. Соның ішінде, технологияны жаңғыртуға, импортты алмастыруға, энергия алуға бейімделген өнімдер шығаруға бағытталғандары да бар. «Жаңғыру 3.0» бағдарламасының және «Индустрия 4.0.» тұжырымының озық жобасы ретінде машинақұрастыру өндірісіндегі «Maker» ЖШС жобасы танылуда. Бұл адами фактор мен адам еңбегін 50 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан, қала әкімі кәсіпорындарға, жаңа инновациялық өндірістер құруға қолдау көрсету қажеттігін атап, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне өнеркәсіптердің «сандық дәуіріне» арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығы жоспарын дайындауды тапсырды.

Қалдық өңдейтін зауыт салынуда

Ресурстық орталықты дамытудағы Қарағандының бағдары «жасыл экономика» элементтерін енгізу және қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың қызметін кеңейту болып табылады. Бұл бағытта «Бизнестің жол картасы –2020» бағдарламасымен 2011 жылдан бері шаһардың 5 кәсіпорнында 11 жоба жүзеге асыпты. Олардың жалпы құны – 1 млрд.теңгені құраған. Ал, бүгінде «Горкомтранс» ЖШС «SetCleanTech» финдік компаниямен бірлесе қалдық өңдейтін зауыттың құрылысы жобасын бастаған. Жобаның нәтижесі 2020 жылы сағатына 5 Мватт электр қуатын өндіру болады. Осы орайда қаланың қызмет көрсетуші ұйымдарына инвестициялық бағдарламаларында алдағы уақытта қалпына келтірілетін қуат бойынша технологияларды қолдану және жүктелді.

Ірі логистикалық

орталық ашылады

«Ақылды технологиялардың» агроөнеркәсіпкешенін өркендету жобаларын іске асыруда Қарағандыда негіз бар. Соның ішінде, агроөнеркәсіп кешеніндегі жаңалық «Альфарух» ЖШС-нің бөлу-тарату логистикалық орталығы болады деп күтілуде. Бұл жоба – Орталық-Шығыс макроаймағының азық-түлік белдеуіне айналады деп болжануда. Жоба биылғы жылдың 3-ші тоқсанында жұмысын бастайды. Сонымен қатар, «GreenTechnology» ЖШС 2020 жылға дейін 4 гектарға өнеркәсіптік жылыжай салуды жоспарлап отыр. Ол болашақта 8,5 гектарға кеңейеді екен. Жалпы, деректерге сүйенсек, қала өнеркәсіп өнімінің 22,4 пайызы осы агрокешенге тиесілі. Бұл – 74 млрд.теңге. Мұның сыртында, 2017 жылы бастау алған нан зауытының, «Евразиан фудс» ЖШС-нің жобалары бар. Жалпы, ақылды технологияларды агрокешенге көптеп тарту – назарда болмақ.

Әлеумет: биыл тақтайдай жол, жаңа баспана,

жаңа медициналық ұйым

Биыл бірқатар көлік жолдарын жөндеу көзделуде. Атап айтқанда, көлік инфрақұрылымы 6,5 млрд.теңгеге қаржыландырылады. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 11 үйдің құрылысы басталған. Бұл тұрғын үй құрылысы арқылы 2 мың қарағандылық пәтерге қол жеткізеді. Бірінші тоқсанда осы бағдарлама бойынша 600 отбасы баспаналы болады. Ал, жыл соңына дейін жедел жәрдемнің екі бөлімшесі – Майқұдықта және Сұрыптау стансасында ашылады. Аллергологиялық орталық, №8 емхана және кардио-бейімдеу орталығы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.