Руханият

Бағдарламалық мақалаға – байыпты талдау

    С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан ОТАРБАЕВПЕН кездесу өтті. Халықаралық Айтматов академиясының академигі ол кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын анағұрлым тереңірек түсіндіріп, мазмұнын барынша ашып берді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төр­ағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблея­сы хатшылығының меңгерушісі Дархан Мыңбайдың бастамасымен қазір қазақ руханиятындағы ықпалды тұлғалар Елбасы мақаласының мәнін ашып, түсіндіру мақсатында аймақтарда кездесулер ұйымдастыруда. Облыс орталығында өткен осы кездесу – соның бірі. Жазушы-дараматург мұнда аталған мақаладағы «Туған жер», «Ұлттық код», «Аударма» мәселелеріне қатысты қадау-қадау ой айтып, ұлттық руханиятта қордаланып қалған біраз тақырыпты көтеріп алып шығып, тамырына қан жүгіртті. Әсіресе, біз бүгіндері қазақтың жанына тиетін туған жер тақырыбы көтерілгенін қуана қолпаштап жатырмыз. Ал, жазушының көзімен қарасақ, туған жер дегеніміз не? Туған жер дегеніміз – өзіңнің кіндік қаның тамған ауыл-елің, аудан, қалаң екені өз алдына. Жазушы үшін туған жер дегеніміз – алыстағы Арал тағдыры, берідегі Байқоңыр. Оның маңындағы елдің жағдайы. Не бар, не жоқ? Олқылығы қайсы, өмір сүру қалпы қалай ондағылардың? Бір кездері бүкіл баспасөз бетін алып кеткен «Арал тағдыры – адам тағдыры» сөзін алғаш осы Рахымжан Отарбаев ағамыздың айт­қанын бүгіндері кім біліпті?!

«Президенттің бағдарламалық мақаласын қазір бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы дерлік талқылап жатыр. Мұны менен жақсы білесіздер. Бірақ, ойға ой қосайық, әлі де талқылайық, болашақ бағдарды анықтайық деген оймен бізді таңдап отыр. Ең бірінші – туған жер тақырыбы. Туған жер – тусаңда керек, өсіп-өнсең де керек, өлсең де керек. Әсіресе, қазақ үшін. Былтыр өздеріңіз білесіздер. Жер сатылады дегенде, халық дүрк көтерілді. Құдайға шүкір, Елбасымыз бір тоқтамға келді. Тоқтатты, халықты басты. Туған жер, Отан деген – тауар емес. Оны ақшаға, дәулетке айырбастай алмайсыз. Ұстасаң, оған деген сүйіспеншілік сезім, рухпен ғана ұстап тұра аласың. Елбасы осыны айтып отыр.

Туған жер топырағындағы үлкен тұл­ғаларды әспеттеп көтеру мәселесі әңгіме болды. Өте дұрыс мәселе. Бізде кейде өмірден өтіп кеткен үлкен тұлғаларды жоқ­қа шығару кездесіп жатады.

Қазір аудан, қалаларға арнап энциклопедия шығаруға құмар. Кім көрінгеннің суреті қылтиып тұрады. Артында бір қарыс өмірбаяны. Кімге керек ол? Сондықтан, бұл да бір мән-жайын біліп барып істейтін жұмыс.

Экология жөнінде айтылды. Кезінде Серік Байхонов деген азаматпен бірге қызыл сирақ болып қыр кезіп, Аралды араладық. Қазақ, Қарақалпақ, Өзбек жағын түгел кездік. Сондағы «Арал тағдыры – адам тағдыры» деген сөзім әлемнің әр тілінде айтылып кетті. Қазаққа Құдай берген екі өзен бар ғой, Аралға құятын. Сырдария, Әмудария. Әмударияны өзбектер бұрды мақта өсіреміз деп. Сырды өзіміз тоқтаттық. Егістік жерге. Аралдың бағы қайдан таймайды? Аралда біз білетін балықтың 34 түрі болған. Соның бірі жоқ. Құм және ондағы тозған кемелер ғана қалды. Экологияны ретке келтірмей, халықтың денсаулығы түзелмейді ғой. Дәріні төге бер, емхананы сала бер. Елбасы осы мәселелерді тереңнен қаузап отыр. Егер туған жердің экологиясын қалыпты жағдайда, тепе-теңдікте ұстамасақ, барлық тірлігің ысырап. Президент мақаласының түбінде сол жатыр. Әлі күнге дейін «Табиғаттану» деген пән бар бізде. Табиғатты қорғау деген пән жоқ.

Туған жерге қатысты тағы бір мәселе. Туған жер, атамекен деп жүріп, таза жершіл де болып кетпеуіміз керек. Бұл жағы да айтылған мақалада. Бір уыс болып Алтайдан шыққан Түркі халқының атажұрты әрі-беріден соң Алтай. Сондықтан, Қазақстанның қай жері болсын әр перзентіне ата жұрт. Көшпелі өмір сүрген ата-бабаларымыздың басы көшіп-қонып жүріп қайда қалмады?! Оны да ескерген жөн.

Аударма мәселесі айтылды, әдебиеттегі. Қазір аударма тоқтап тұр. «Адамзаттың Абайы», «Әлем таныған Әуезов» дейміз. Америка, Африка, Еуропа елдерінің бәрінде болдым. Сонда осы тұлғаларды айтсаң, «ноу-ноу» алатын жауа­бың. Қаптап кетті қазір. Әр университетте журфак. Атырауда журфак бар, айналайын. Ол 300-400 газет шығып жатқан Шымкент емес. Атырауда үш-ақ газет шы­ғады. Облыстық жалғыз арна бар. Жыл сайын 20-25 бала – бітіргендер қайда барады? Жоспар жоқ. Одан да соның бір бөлімін Астанадағы Гумилев университетінен бе, Алматыдағы ҚазҰУ-дан ба, аударма қылып ашсаңыздаршы? Біздің үлкен жазушыларды аударып, әлемдік деңгейге шығарайық та?! Мәселен, жапондардың әлем таныған Мураками деген жазушысын он орайтын жазушылар бізде. Аудара алмай жатырмыз. Абай мен Әуезовті әлем танымай жатса, ол – біздің нашарлығымыз. Жапондар болса, әр он жыл сайын бір жазушысын әлемге танытып отыр. Олар оның шығармаларының аударылуын, насихатын – бәрі-бәрін қамтамасыз етеді сол он жылда» дейді жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев.

Сонымен қатар, одан кейін облыстық бейнелеу өнері мұражайы директорының орынбасары, өлкетанушы Темірғали Аршабеков пен белгілі ақын, журналист Темірғали Көпбаев сөз сөйлеп, пікірге пікір қосты.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button