Жаңалықтар

Бәсекелестік – сапалы қызмет кепілі

    Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар мақсаты – Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру аясында облыстағы медициналық нысандар жұмысымен танысу және келесі жылдан бастап енгізілетін міндетті медициналық сақтандыруға облыстың медициналық жүйесінің дайындығымен танысу.

Жұмыс сапары барысында министр қаламыздағы Фармацевтикалық кешенде болды. Дәрілік препараттар шығаратын Фармацевтикалық кешен медицина өнеркәсібін дамыту үшін салынған. Бұл жерде шығарылатын дәрілер шетелге де сатылуда. Яғни, кешендегі цехтың басты бағыты – импортты алмастыру және Қазақстанды өзінің дәрілік препараттарымен қамтамасыз ету. Цех еуропалық талаптарға сай жабдықталған. Жылына 4 миллион қаптамаға дейін дәрі шығарады.

Елжан Біртанов «Луч» нейрооңалту орталығының да жұмысымен танысты. Аталмыш орталық – Қарағанды облысы ғана емес, республика бойынша бірден-бір бірегей медициналық мекемелердің бірі. Заманауи медициналық құрал-жабдықпен жабдықталып, ай сайын 60 стационарлық, 95 амбулаториялық емделушіге қызмет көрсететін орталықта жоғары санатты 4 дәрігер, 8 медбике және тағы да басқа медициналық қызметкерлер бар.

Орталық жұмысымен танысқан Елжан Біртанов стационарлық еммен қатар, амбулаториялық емделушілерге қызмет көрсету жағдайына да баса мән беруге кеңес берді. Себебі, бұл әр емделушіге бөлінетін шығынды азайтып қана қоймай, қызмет көрсету ауқымын да кеңейте түспек. «Әзірге ғимараттың екінші қабатын ғана пайдаланып отырған орталық келесі жылдан бастап бірінші қабатты да амбулаториялық ем-шара көрсету үшін пайдалануды жоспарлап отыр», – дейді орталықтың бас дәрігері Руслан Беляев.

Келесі нысан Қарағанды қаласындағы №3 емхана болды. Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған емхана бүгінгі таңда заманауи құрылғылармен жадықталған. 75 мың тұрғын тіркеуде тұрған және күніне мыңнан аса емделушіні қабылдайтын емханада мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі түрінде зертханалық диагностиканың жоғары технологиялық орталығы ашылған. Сонымен қатар, компьютер томографы мен көз клиникасы пайдалануға берілген.

Елжан Біртанов емхананың табысты түрде жұмыс істеп тұрған кешенді медициналық-ақпараттық жүйесімен танысты. Министрдің қызығушылығын тудырған Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының Vienna компаниясымен бірлесе әзірлеген, «SOS қызметімен дистанциялы босануға дейінгі патронаж» мобильді қосымшасы болды. Министр отандық медицинаны еуропалық талаптарға сай ету мақсатында жаңа технологияларды енгізу үшін арнайы жұмыс жүргізілетінін және осындай қосымшаларды дайындау және табысты пайдалану тәжірибесімен бөлісу үшін Қарағанды облысының да ұсыныстарын қарастыратындықтарын айтты.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Қарағанды облысында заманауи нысандардың бар екендігі қуантады. Ресми деректерге сүйенсек, облыстағы мемлекет тарапынан көрсетілетін тегін медициналық қызмет көлемінің 24 пайызын жекеменшік мекемелер атқарып отыр. Бұл – тиімді бизнес модельдің және тиімді басқарудың көрсеткіші. Яғни, бәсекелестік бар жерде сапалы медициналық қызмет көрсету де болады. Болашақта медициналық сақтандырумен қатар, тұрғындар сапалы медициналық көмек алатын болады. Үстіміздегі жылдан бастап Елбасының тапсырмасы бойынша жекеменшік мекемелерге тегін медициналық қызметті беруге теңдей жағдай жасалынатын болады. Қарағандыда жекеменшік клиникалар саны көбеюде, бұл қуантарлық жағдай.

Сонымен, келесі жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Бұл орайда бесінші сәуірден бастап, жергілікті емханаларда тіркеу кампаниялары басталды. Кез келген азамат тегін медициналық көмек алу үшін өзі таңдаған емханасына келіп тіркеліп, өзінің міндетті сақтандыру жүйесі жайлы біле алады. Ол үшін арнайы маман интернеттен қарап, емделуішінің қай санатқа жататыны туралы ақпарат береді.

Ал, барлығы үш санатқа бөлінеді. Бірінші – жұмысшылар. Жұмысшылар үшін 1-ші шілдеден бастап жұмыс беруші сақтандыру қорына жарна төлей бастайды. Екінші – мемлекет тарапынан сақтандырылатын адамдар. Олар зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және жұмыссыздар. Ақпарат мемлекеттік ақпарат жүйесінен алынатыны себепті – барлығы тегіс тексеріледі. Үшінші – санат өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін азаматтар, яғни, жеке кәсіпкерлер.

Ал, жұмыссыз ретінде тіркеуге жатпайтындар ең төменгі айлықтан бес пайыз, яғни, ай сайын 1200 теңгеден міндетті сақтандыру қорына әлеуметтік аударым жасайтын болады.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button