Бәсеке қабілеттілік – әлем талабы

     Әлем Қазақстаннан бәсекеге қабілеттілікті талап етіп отыр. Дамыған елдер отыздығына ұмтылысын сын-сынақтардан өткізіп әлек. Дәлірек айтсақ, олар сан алуан рейтинг арқылы Қазақстанның беліне байлаған шоқпарын көтере алатын, алмайтындығын сараптауда. Отыздықтың ойып ортасынан орын алу үшін өзгенің сынына төтеп беріп, өзіңнің мықтылығыңды дәлелдеу қажет. Демек, әлемдік рейтингтердің отыздыққа қол созған біздің елге мойын бұратын жөні бар. Соның бірегейі – Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің рейтингісі десек, бұл рейтингтің көрсеткіші бойынша жұртымыз былтыр 138 елдің ортасынан 57 орынды місе тұтыпты. Тізімнің соңы, я басы емес, дәп белортасында жүрген қазаққа ілгерілеу үшін қандай қарекет қылмақ керек? Ұлттық экономика министрлігінің Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі аясындағы Қарағандыда өткен көшпелі мәжілісінде отыздыққа апарар жолдағы кедергілер жария етілді.

Асығымыз алшысынан түсті ме?

Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі – осалымызды көзге шұқып, озығымызды ортаға салатын бірден-бір бағалау, яғни, рейтинг. Олай болса, бұл әлемдік бағалаудағы бүгінгі Қазақстанның әлеуеті қандай? Қайтсек аузымен құс тістеген дамыған елдермен терезе теңестіреміз? Дүние жүзі елдерімен бәсекеге түсіп, бәсіміз қайтсе жоғары болмақ? Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері Қазақстанның әлемдегі дамыған отыз елдің қатарынан табылуға талпынысы төрткүл дүниенің назарында екенін атап отыр. Түрлі рейтинг, бағалаулар арқылы қазақ жұртының экономикалық һәм әлеуметтік дамуы таразыға тартылуда. Ұлттық экономика министрлігі Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің сарапшысы Ақтолқын Сүлейменова бәсекеге қабілеттіліктің әлемде 12 негізгі фактормен өлшенетін айтады. Атап айтқанда, олар экономика, инфрақұрылым, денсаулық сақтау, білім беру, технологиялық әзірлік, еңбек, қаржы, тауарлар нарығы іспеттес маңызды салаларды қамтиды.
– Қазақстан осы рейтингте 12 жыл қатарынан келеді. Өткен жыл рейтингінде 138 елден 57 орынға тұрақтадық. Биыл 2017 жылға арналған статистикалық деректерге сүйене отырып, рейтингте жақсаруды күтеміз. 2018 жылға арналған мақсат 45-ші орын.
Мемлекет басшысының озық дамыған 30 елдің қатарына ену міндетін есепке ала отырып, барлық мемлекеттік органдар Дүниежүзілік экономикалық форумының көрсеткіштерін жақсарту бойынша жұмыс істейді.
Осылайша, Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Бәсекелестік жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Ол барлық 114 индикаторлар бойынша шешімдер қабылдайды, олардың өлшемдерін және олардың тиімділігін талдайды.
Барлық мемлекеттік органдарды қамтитын 7 жұмыс тобы бар. Өткен жылдың 27 желтоқсанында 2018-2019 жылдарға арналған Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі көрсеткіштерін жақсарту үшін жаңартылған іс-шаралар жоспары қабылданды, – дейді Ұлттық экономика министрлігі Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің сарапшысы Ақтолқын Сүлейменова.

Факторлардағы фактілер не дейді?

Бірақ, осының барлығында бүгінде асығымыз алшысынан түсіп тұрған жоқ. Мәселен, еліміздің 12 фактор ішінде инфрақұрылым бойынша кенжелеп тұрғанын сарапшы жасырмайды. Инфрақұрылым аталған факторда былтырғы жылы 68-ші орынға табан тіреппіз. Макроэкономикада – 98, тауар нарығының тиімділігінде – 72, қаржы нарығының дамуында – 114, компаниялардың бәсекеге қабілеттілігінде – 108, инновацияларда – 84-ші орын бұйырыпты.
Оған қоса, бұрынғы көзкөрім орындарымыздан қағылып қалғанымыз тағы бар. Айталық, «Институттар» факторы бойынша Қазақстанның позициясы 49-дан 60-қа дейін төмендеп кеткен. Бұл көптеген индикаторлардан құралған фактор болғандықтан, олардың барлығы да сәйкесінше төмендеген. Министрлік «биылғы жылы «Институттар» коэффициентінің 8-ші позициясында жақсаруды күтеміз» дейді. Ол үшін былтырғы жылдың 27 желтоқсанында арнайы шаралар да қабылданса керек. Атап айтқанда, жер қатынастары саласындағы рәсімдерді оңайлату, білікті жеткізушілердің тізілімін қалыптастыру, екінші деңгейлес банктердің қарыз беру уақытын қысқарту, бизнесті оқыту және құзыреттерін арттыру бойынша бағдарламалармен қамту, отандық өндірушілерді ұлттық компаниялармен және жүйеқұраушы кәсіпорындармен ұзақ мерзімді келісім-шарт жасауға ынталандыру сынды шаралар дейді мамандар.
72-ші орындағы «Нарық тауарының тиімділігі» факторында биыл 56-шы орынға жету көзделуде. Ол үшін Қазақстан мен Ресейдің ДСҰ-ға қатысты міндеттіліктеріне сәйкес белгілі бір импорттық тауарларға кедендік баж салығын төмендетуге қатысты жыл сайын шаралар жүргізіліп отырады дейді мамандар. Олардың айтуынша, бұл да Қазақстанның әлемдік рейтингте ауа қармап қалмауына ықпал етпек.
Әлем елдері арасында 108-ші орынды иеленеген компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі факторына келсек, мұнда да министрлік қол қусырып қарап отырғанымыз жоқ дейді. Көрсеткіштері елдің кежегесін кері тартқан отандық компаниялардың бәсекеге түсіп, басып озуы үшін салалық өнеркәсіптердің сұранысын ескере отырып, 100 стандарт әзірленіп, қабылданып та үлгеріпті. Оның арасында – арнайы экономикалық аймақтарда құрылысматериалдары кластері құрылыпты. Шығыс-Қазақстан және Қостанай облыстарында автокөлік кластерін құру бойынша жұмыс қарқын алса керек. Ірі жүйеқұраушы компаниялардың маңайында аралас өндірістерді дамыту шаралары қолға алынбақ екен. Алпауыт компаниялармен ұзақмерзімді кепілді келісім-шарттар жасауда отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетілмек. Сөйтіп, 108-ден осы жылы 85-ші орынға көтерілу жоспарда.

«Көрінген таудың алыстығы жоқ»

Көшпелі мәжілісте құзырлы орындар мәлімдеген көрсеткіштер отыздыққа жету үшін қайратымызды қайрақ қып, намысымызды соған жанып-жанып алып, қамдану қажеттігін көрсетті. Жыл өткен сайын там-тұмдап түзеліп келе жатқан көштің етек-жеңін жинауы тиістігін ұғындық. Былтыр 138 елдің арасында 57-ші орында болсақ, биыл 45-ке құрық тастамақ көрінеміз. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дегенмен, сол тауға алқынбай жету де – қажет-ақ.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.