Рухани жаңғыруҰлытау

Бұқараның басын қосқан бәсеке

    Жуырда Ұлытау баурайында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен аймақтық ІІ «Тау марафоны» сайысы өткізілді. Дәстүрлі марафонға аудан аумағындағы әуесқой спортшылармен қатар, Жезқазған және Сәтбаев қалаларының желаяқтары қатысты.

Байрақты бәсекенің ашылу рәсімінде жарыс жолына шығушыларды аудан әкімі Әнуар Омар мен ұлытаулық ардагер спортшы, республикалық және облыстық деңгейдегі марафон сайыстарының жүлдегері Аманбек Баймағанбетов құттықтап, сәттілік тіледі.

Жарысты ұйымдастыру және өткізу ережесіне сәйкес, 18 жастан 30 жасқа дейінгі адамдарға он бес шақырымды еңсеру, ал жасы 30-дан асқандарға он шақырымдық қашықтықты жүгіріп өту шарты белгіленген екен. Соған қарамастан, еркін бағынуы жеңілге соға қоймайтын сынға қатысуға ниет білдірушілер саны аз болмады. Қысқасы, марафон бұқаралық сипатымен ерекшеленді. Олардың қатарынан аудан әкімі Әнуар Омар, аудандық мәслихаттың хатшысы Талғат Сейтжанов, салалық мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары, түрлі жас мөлшеріндегі ауыл тұрғындары да бой көрсетті.

Жарыс жүлделерін ұзақ қашықтықтарды қиналмай өткергендердің ішінен алғашқы үштікке беру жоспарланған екен. Соған орай, он шақырымдық марафонда ІІІ орынға тағайындалған сыйақыны Асқар Октябрь алса, Бауыржан Құрманғалиев ІІ орынның жүлдесін еншіледі. Бәсекелестерінің бәрінен озып келген Асылмұрат Бірімжан жеңімпаз тұғырына көтерілді.

Ал, бұған дейін де сан сынақта сүрінбеген тәжірибелі спортшы Аманбек Баймағанбетов 15 шақырымда тер төккен топтың ортасынан озық шығып, мерейі өсті. ІІ және ІІІ орындарды, тиісінше, Сұңғат Бегаев пен Бағдат Кенжеғалиев өзара бөлісті.

– «Тау марафоны» – қатысушылардың төзімділігі мен ерік-жігерін сынға салатын сайыс, – дейді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марат Оразалин. – Оның дәстүрлі негізде өткізілуі сан жүйрікті сапқа қосары анық.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button