Бұқар жыраудың бұқараға тартуы
Бұқар жырау ауданының бұқараға тартуы мол. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы «Көненің көзі – музейде» атты көрмені тұрғындар мен қала қонақтары тамашалау үшін 7 шілдеге дейін ұйымдастырып отыр. Айтулы көрмеге өз үлесін қосқан өңірімізде Бұқар жырау ауданы тұлғалары, жазушылар, ғалымдар туралы және құтты өңірдің тарихы мен көрікті жерлері туралы баяндайтын 200-ден астам жәдігерді жұрт назарына ұсынды. Бұл жөнінде Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты мәлімдеді.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жетекшісі Ержан Нұрмағамбетов: «Мұражайлар аптасы» ақпараттық-ағартушылық ауқымды жоба көрмеге келушілерді өңір тарихымен толықтай таныстырады» – дейді.
Сондай-ақ, мұражай директоры Ержан Нұрланұлы жаз айларында әсіресе, оқушылар көптеп келіп, туған өлкесінің тарихымен кеңінен танысатындығын айтады.
«Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында және Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының 85 жылдығына орай «Қарағанды облысының мұражайлар аптасы» жобасы үш ай аралығында Экспозицияларын алмастырып отырады. Бұқар жырау ауданының мұражайы көрмесін көпшілік тамашалаған кейін, 10 шілдеден бастап өз экспонаттарын Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайына алып барады.
ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.