Бұқар Жырау мен башқұрттың Байық шешені
Түбі Түркі болып табылатын екі ел –қазақ пен башқұрт ежелден iргелес жатқан, ілгері замандарда көшпелi өмiр кешіп, қарым-қатынастары үзілмеген жұрт. Тілдері түбірлес, тегi бiр екi халықтың етене байланысын Бұқар жырау Қалқаманұлы мен башқұрттың Байық шешен Байназарұлының арасындағы мына бір әзiл-оспақты қағысуынан да аңғарамыз. Бiр қызығы, башқұрттардың татар халқыментiлi туыстас, төрi ортақ болса да, тұрмысы қазаққа бiр табан жақын. Көне замандарда көшпелi тiрлiк кешiп, үйiрлеп жылқы айдап, бие байлап, қымыз ұстаған. Қазақ пен екi арада барымта-сырымтасы да үзiлмеген.
Бiр қызығы, башқұрттардың татар халқымен тiлi туыстас, төрi ортақ болса да, тұрмысы қазаққа бiр табан жақын. Көне замандарда көшпелi тiрлiк кешiп, үйiрлеп жылқы айдап, бие байлап, қымыз ұстаған. Қазақ пен екi арада барымта-сырымтасы да үзiлмеген.
Белгiлi жазушы, мұрағатшы, марқұм Амантай Сатаевтың жазуынша, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары башқұрт тарихшылары өздерiнiң қолжазба қорынан Қанжығалы Бөгенбай батырдың әкесi Ақша батыр мен башқұрттың Қараш атты ақынының айтысы табылғанын қазақ ғалымдарына хабарлаған екен. Бiрақ, кезiнде оны ешкiм назарға ала қоймаса керек. Төменде екібастұздық өлкетанушы, қаламгер Серiк Жақсыбаевтың бізге ұсынған осы бір дерегі Амантай Сатаевтың сол сөзiн растай түсетiн секiлдi.
Бұл айтыстың мәтiнi Башқұрт республикасының мерзiмдi әдеби басылымы “Ақедiл” журналының 1970 жылғы 7-санында басылған екен. Сол жылдары қызмет бабымен Башқұртстанның Кемертау қаласына іссапармен барған Серік Жақсыбаев ағамыздың қолына түседі.
Байық шешеннiң кезiнде «тархан» атағын алған әкесi Байназар Бұқар жыраудың әкесi Қалқаман секiлдi қолбасы, батыр болған деседі. Байық шешен 1710 жылы Башқұртстанның қазiргi Үшалы ауданында дүниеге келген.
Байық шешеннiң Бұқар жыраумен кездесу себебi былай болған. Байназар тарханның Байық, Танып, Тайып, Қайып, Танһық есiмдi бес ұлы болған екен. Байықтың iнiсi Тайып башқұрттың Азыналы деген ауқатты адамының қызымен жасырын көңiл қосып, қазақ елiне қашады. Осы жағдайға байланысты Байық та қазақ даласына кетуге мәжбүр болыпты. Сонда Бұқар жырау Байықпен кездесiп қалып, оған мысқылды түрде жұмбақтап айтқаны:
“Естек болдың, бар болдың,
Кең далада зар болдың.
Өзiңе жұмбақ айтайын,
Тапсаң, ұлым етейiн
Таппасаң, құлым етейiн,
Күндiз қойды күтерсiң,
Кешке жүндi түтерсiң.
Ұйқым келдi демессiң,
Күндiз дамыл етерсiң.
Кең далада қос ағаш,
Қос ағаштың қос басы
Бiр қазанға сыймастай.
Қос қошқардың қос басы,
Бар екен ел қасқасы.
Тұрған бейне тақырға,
Ала бөтен қақ емес.
Ай мен күндей екеуi,
Жалғыз-жалқы тақ емес.
Бұқар жыраудың бұл жұмбақ өлеңiн Байық шешен былай шешедi:
Кең далам деп айтқаның,
Елiнен қашқан бұл естек.
Мақтасын деп күткенiң,
Мен де көрген жер екен
Сен де бiлген жер екен.
Ағатасы ту болып,
Жабу жапқан нар қылған,
Жатаған тау сазарып,
Ағаштары қуарып
Төбе-төбе құм қылған.
Емшегiнен сүт тамбас,
Шөлдеген жұтым су таппас
Дала дегенiң – сол екен.
Үрке қашып қасқырдан,
Өз ботасын қорғаған,
Аруана боздаған
Өзге мұңы болмаған,
Мүлгiп жатқан шөл екен.
Жартастағы бүркiтiн,
Тұлпар мiнген жiгiтiн
Алмастырған бiр бүтiн.
Түйе үстiнде жалбаңдап,
Құлақшыны салпаңдап
Қазақ деген ер екен.
Қос ағашым дегенiң –
Кең далада қос ылаш*
Қазағыңды кептiрген.
Кең далада Қос Алаш –
Қос ағаштың қос басы,
Тап алаштың қасқасы –
Бiр қазанға қос антын
Салып бiрге қайнатқан,
Тоқалдай күйеу сыйлатқан
Абылай сұлтан хан екен.
Сонан соң қазақ билерi қолға түсiру үшiн Байықты iздете бастапты. “Елге айдар, жүрекке қанжар болғысы келедi екен”, – деп, оның көзiн құртуға ұйғарыпты, ал Байық болса қашып, Оралына қайтып кетiптi…
Бұқар жырау мен Байық шешеннiң айтысын қазақ тiлiне аударған белгілі жазушы, марқұм Машқар Гумеров.
Башқұртстанның тарих және әдебиет институты фольклор секторының меңгерушiсi, филология ғылымдарының кандидаты Нұр Зайыповтың айтуынша, аталмыш айтыс ХVII ғасырдың ортасында болған секілді.
Сайлау БАЙБОСЫН,
ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.
*Ылаш – құрт кептiретiн биiк өре.