Бұқар мұрасы – аманат
Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазыбек би ауданы ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығына арналған «Жақсының аты өлмейді» атты әдеби сазды кеш өтті. Бір ерекшелігі, шара қала ортасындағы Бұқар жырау ескерткішінің алдында ашық алаңда болды.
Кеш барысында алдымен «Көмекей әулие» атанған Бұқар жыраудың өмірі мен шығармашылығы туралы айтылды.
– Бұқар жырауды білмейтін қазақ кемде-кем. Алайда, оның қай заманда және қандай миссия арқалап өткенін білмейтіндер баршылық. Жалпы бабалар өткен сара жолдың кейінгі ұрпақ үшін маңызы зор екенін осындай шаралар сараласа керек, – деді кешті жүргізуші Айтбай Жұмағұлов.
Жиналған қауым бірігіп, баба ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова ауыздықпен ат шалдырған бабалар мұрасына тоқталып, мұндай рухани тағылымы мол шаралардың жиілеп ұйымдастырылуын құп көретіндігін жеткізді. Сонымен қатар, ақын Дәулетхан Сұлтан жалынды жыр оқып, шара қонақтарын одан әрі рухтандырып тастады. Ал, шәкірттері Бұқар жырау шығармаларының шоқтығы биік жырларынан шашу шашып, жиналған қонақтарға тарту етті.
– Өткен тарихымыз бен бізге мынадай бейбітшіліктің нендей күшпен келгенін болашақ ұрпақ білуі тиіс. Олар бүгінгі баба мұрасының құндылығын ұғынып, санаға түйіп келешекке аманаттауы тиіс. Қоғамның әр толқыны осыны өзіне міндет етсе, сонда ғана әлемдік деңгейде мәртебеміз биіктейді, – деді Қазыбек би ауданы ардагерлер кеңесінің мүшесі, ардагер ұстаз Өзбек Бимендин.
Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»
Қарағанды.