Қажетсізі мамандық па, әлде маман ба?
Қоғамдағы онсыз да жұмыссыз 500 мың адамның қатарын толтырмайтындай мамандықты игеру қажет. Олай болмағанда қоғамға қажетсіз болып қалуың әбден мүмкін. Бұл әсіресе, пандемия тұсында айқын көрінді. Тасы өрге домалап тұрғандар керісінше құлдырап, қоғамда елеусіз болып жүрген мамандарға қажеттілік артты. Әу баста дұрыс таңдау жасамасаңыз да қазір кез келген кәсіби машықты игеріп алуға мүмкіндік бар. Ол үшін оқу курстары, қайта даярлау курстары жетіп артылады. Кезінде менсінбеген күзетшіге бүгін зәру боламыз деп кім ойлаған. Біз емес, ресми деректер солай дейді
РЕСМИ ДЕРЕК
«Еңбек» электрондық биржасында бүгінгі күннің ең қажетті деген мамандықтарының қатарында есепке алу жөніндегі техник, әлеуметтік қызметкерлер, күзетші, аула сыпырушы, мейіргер, автокөлік жүргізушісі, курьер, тәрбиеші тұр. Ал, жұмыс берушілердің тең жартысы қосалқы жұмысшылар іздейді. Мамандық бойынша ең жоғарғы жалақы алатындар бұрынғыдай мұнай-газ саласында емес, білім беру ісінде екен. Оны да осы биржа тайға таңба басқандай көрсетіп қойыпты. Бұл – айтпаса да түсінікті. Мемлекет білім беру саласына қолдауды айтарлықтай арттырды. Десе де, дәл осы салада ел бойынша бос орындардың көп болуы – түсініксіз. Мұнда 11 350 маманға қажеттілік бар.
Жалпы өңдеу өнеркәсібі саласы, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау саласы, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет пен құрылыста еңбек етіп жүргендер ең жоғары еңбекақы алатындарға жатады.
Қоғамға бүгін мемлекеттік басқару және қорғаныс, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер, әкімшілік және қосалқы қызметтер көрсету салаларындағы мамандар ауадай қажет болып тұр.
ЖҰМЫССЫЗДАР АРТА МА?
Елдің ұлттық статистика бюросы жариялаған мәлімет бойынша өткен жылдың ІІІ тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 5% болған. Ал, жұмыссыздар саны 454,8 мың адамды көрсеткен. 9,2 млн. адам – негізгі жұмыс күші. Жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 6,7 млн. адам – жалдамалы қызметкерлер, 1,5 млн. – жеке кәсіпкерлер, 4,3 мың адам – жеке практикамен айналысатындар.
Олардың көп бөлігі өз қызметін сауда саласында (16,3%), ауыл шаруашылығында (13,9%), өндірісте (12,4%), білім беру ісінде (12,7%) жүзеге асыруда. Жұмыссыздық деңгейінің өзгеруіне көптеген факторлар, соның ішінде, елдегі эпидемиологиялық ахуал әсер етеді. Сондықтан, көптеген мамандар жұмыссыздық деңгейі бойынша нақты болжам айта алмай отыр.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының ақпаратына сәйкес, егер эпидемиологиялық жағдай осы күйінде сақталатын болса, Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 5% деңгейінде қалады. Ал, егер шектеу шаралары күшейтілсе, 2020 жылғы III тоқсан қорытындысы бойынша жұмыссыз қалған 455 мыңнан бөлек біліктілігі төмен 162,5 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұл негізінен сауда және тамақтану, өнер, ойын-сауық және демалыс салаларында еңбек еткендер.
БОЛАШАҚҚА БОЛЖАМ
ТМД көлемінде белгілі «SuperJob» жұмыс іздеу қызметінің президенті Алексей Захаров алдағы 10 жылда есепшілер, жүк көлігі мен такси жүргізушілерінің қызметіне сұраныс азаятынын болжады. Маманның айтуынша, есепшілер қызметіне сұраныс цифрландырудың өсуі мен электронды құжат айналымына жаппай көшу аясында төмендеуде, ал жүргізушілерді болашақта дрондар ығыстыруы мүмкін.
«Конвейерден шығатын барлық жаңа жүк көліктерінде қазірдің өзінде жүргізушісіз пайдалану үшін қайта жабдықтау мүмкіндігі қарастырылуда немесе мұндай мүмкіндікті барлық өндірушілер жақын арада іске асыратын болады», – деп атап өтті сарапшы.
Бұл пікірмен Президенттің ойы да үндес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында өткен жасанды интеллект және деректерге талдау жасаудың өзекті мәселелеріне арналған «Artificial Intelligence Journey» атты онлайн конференцияда банкир, курьер және жүргізуші мамандықтарының жойылып кетуі мүмкін деген пікір білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше ғасырдан кейін жасанды интеллектінің дамуы сонша, ақылды машиналар көшбасшы таңдауға шешім қабылдайтындай деңгейге жетуі мүмкін деп болжады. Алайда, алдағы 50-100 жылда жасанды интеллект мемлекет басшыларын функционалды түрде алмастыра алмайтынын да атап өтті.
«Жаңа дәуірге, жаңа парадигмаға дайын болу үшін біз шығармашылық зияткерлік еңбектің перспективалық қажеттіліктеріне бейімделуіміз керек, бұл білім беру мен тәрбие жүйесін барынша қайта қарауды талап етеді», – деп есептейді Қазақстан Президенті.
Бұл бүгін-ертең техника заманы орнайды деген сөз емес. Бірақ, түбінде соған барамыз, сондықтан әзірлікті бүгіннен бастауымыз керек деп ұғынған жөн.
Осыдан он шақты жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасын жариялаған болатын. Сонда бағдарламаның «бісмілләсі» – «Әлемнің әміршісі – еңбек» еді. Қарапайым еңбек адамын қолдау мен еңбек мамандарын даярлау туралы сол уақытта тапсырылған-ды. Сол дер шағында қолға алынғанда сантехник, механик, фермер, дәнекерлеуші деген мамандарға қажеттілік бүгінгідей өткір болмас еді.
***
Әр заманның өз адамы, өз маманы бар. Кеңес кезінде шопандар мен механизаторлар құрметке ие болды. Одан кейін заңгерлер мен экономистер көбейіп кетті деп шуластық. Ширек ғасырға жуық уақытта сол қарапайым деген мамандарға қайта зәруміз. Экономика туралы терең толғайтын сарапшы таба алмаймыз. Соған қарағанда мамандық бір күннің ісі емес екенін ұғынатын кез келген сияқты. Уақыт ағымынан қалып қоймай, қажетіне жауап бере білген маман да, қоғам да озады. Білікті болса, қажетсіз маман болмас…
Жансая ОМАРБЕК.