Желтоқсан оқиғасына - 35 жыл

Азаттықтың ақ таңына жол ашқандар

Бізде жаңсақ пікір бар. «Тәуелсіздік Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін оңай келе салды» деген. Бірақ, түп тамырына үңіле бермейміз. Биыл Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл. Бұл ай – Тәуелсіздікті жақындатқан ай! Жылдар бойы ушығып тұрған жараның жарылған айы.

1986 жылы 16 желтоқсан күні небәрі 18 минутта өткен Қазақстан КП Орталық Комитетінің бесінші Пленумы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты қызметінен босатып, оның орнына қазақ халқы туралы еш хабары жоқ Г.Колбин тағайындалды. Қазақстанда бір күн де жұмыс істемеген және есімі де елге белгісіз Геннадий Колбиннің тағайындалуы көтерілістің негізгі себебі емес еді, көтеріліске шығудың басқа да, бірнеше себептері бар еді. Атап айтсақ намысты қазақ жастарымыз, ұлттық даму деңгейінің тежелуіне, кеңестік салттың кеңінен дәріптелуіне, әміршіл-әкімшіл жүйенің күштеп басқаруына шыдай алмады. Осының бәрі жинала келе қазақ жастарының ашуына түрткі болды…

Оқиғаның салдарынан көптеген жастар түрмеге қамалды, оқу орнынан шығарылды. Тәуелсіздік жолында Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира сияқты қазақ жастары Желтоқсан оқиғасы кезінде қайсарлықпен ерлік көрсетіп, құрбан болды.

Бұл толқудың азабын қарағандылықтар да тартты. Сол уақыттың ақиқаты толық ашылған да жоқ. Дегенмен, нақты деректер бар. Тиісті орындар Қарағандыдағы жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің ұлттық құрамын пайызға шақты. Дүрбелең уақыттағы Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің мəліметінен: «Қарағанды мемлекеттік университеті, Политехникалық, Педагогикалық жəне Кооператив институттары мен Қарағанды металлургия комбинатының жанындағы Жоғары техникалық оқу орындарында барлығы 32 076 студент бар, оның – 19 415-і күндізгі, 9 063-і сырттай, 3 598-і кешкі бөлімдерде оқиды. Осылардың – 10 930-ы орыс, немесе 34%, 13 890-ы қазақ, немесе 43,3%. Күндізгі бөлімде орыс саны – 5 941, немесе 30,6%, қазақ саны – 9 682, немесе 49,9%. Кешкі бөлімде орыс саны – 1 605, немесе 44,6%, қазақ саны – 947, немесе 26,3%, сырттай оқыту бөлімінде орыс саны – 9063, немесе 37,3%, қазақтар да сол шамалас, 36%». Алайда, бұл еш нәтиже бермегеннен кейін, «оқытушы-профессор құрамының саны университет пен Кооператив институтында қазақтарға ауыңқырап кеткен» деп те айып тақты.

Сөйтсе де жоғарыдан түскен нұсқау негізінде Желтоқсан оқиғасына қатысы барларды қудалау, оқудан шығару мен жұмыстан босату, жазалау шарасынан ешкім шет қалмады. Ал, басты соққы 18-20 желтоқсан күндері алаңға шыққан, ішкі істер органдарына жеткізіліп, аты-жөндері қағазға түскендерге тиді. Түрлі сылтаумен жұмыстан шығару жалғаса берді. Көшеге шыққан жастардың əке-шешелері де назардан тыс қалмады. Олардың бала тəрбиесіндегі «қателіктері» беттеріне басылды, жиналыстарға салынды. Коммунист ата-аналар партиялық жаза алды. Бір ғана мысал. Журналист Амантай Сағындықов пен Зарқын Тайшыбаевтардың соңдарына «балалары Желтоқсан оқиғасына қатысқан» деп, шам алып түсті. Партиялық қатаң шара қолданды.

Сонымен қатар, Қарағандыдағы Желтоқсан оқиғасына қатысқан бірнеше адам сот алдында жауапқа тартылды. Соның бірі Қарағанды жүк-автотранспорт басқармасында бухгалтер болып істейтін Р.Сəрсембекова еді. Сот процесі баршаға жария түрде өтті. Бұқаралық ақпарат құралдары Р.Сəрсембекова туралы жарыса жазды. «1986 жылғы 17-18 декабрьде Алматыда бір топ оқушы-жастардың жат құбылыстарды арандатып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы шешіміне қарсы тəртіпсіздік жасағанын естіген Р.Сəрсембекова 19 желтоқсанда Қарағанды аяқ-киім фабрикасының жатақханасында жиналыс ұйымдастырған. Ол жиналғандарды жұмысқа шықпауға жəне бұл қолайсыз жат əрекеттерді қолдауға шақырып, үгіттеген. Оның үгітіне ерген кей бір саяси санасыз жергілікті ұлттың осы фабрикадағы қызметкерлері жұмысқа бармай, өздерінің пленум шешіміне келіспейтіндігін айту мақсатында көшеге шыққан» деген жала жабылды. Қарағанды облыстық соты бұл істі қарап, үкім шығарды. Онда «Р.Сəрсембекова Қазақ ССР-нің Қылмыстық кодексінің 60 статьясында көрсетілгеніндей, қылмысқа айыпты деп танылып, оны жергілікті жерде міндетті түрде еңбекке қатыстырып, шартты түрде екі жылға бас еркінен айыруға үкім шығарды» делінген.

Тәуелсіздік қана оларды ақтауға жол ашты. ҚР Тұңғыш Президентінің 1991 жылғы 12 желтоқсандағы №540 Жарлығына сәйкес елімізде Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауаптылықтан босатылды. Өйткені, олар, Азаттық жолының қарлығаштары еді

Бүгінде еліміздің әр аймағында желтоқсаншыларды адақтау жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ, жүректегі жара жазылар емес. Мысалы, Желтоқсан қаһармандарының ерлігін насихаттау мақсатында көркем фильм шықты. Деректі фильм түсірілуде. Студент жастар арасында Халық қаһарманы Қ.Рысқұлбековтің құрметіне бокстан, Е.Сыпатаевтың құрметіне қазақша күрестен турнир ұйымдастырылуда. Қазақтың батыр қыздары Л.Асанованың, С.Мұхамеджанованың және К.Молданазарованың құрметіне өңірлерде оқушылар арасында шығармашылық патриоттық іс-шаралар өтуде. Тәуелсіздік алған уақыттан бері елімізде Желтоқсан оқиғасы мен оның қатысушылары есімімен 111 нысан ашылды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button