Қазақта ана болса, Сіздей болсын!
Кезінде айтыс ақыны Аманжол Әлтаев Дүйсен Қасейіновтің анасы Күләй әжеге деп ән арнаған: «Қазақта ана болса, Сіздей болсын, Дүйсендей ұл сыйлаған Алашына…». Осы асыл сөздерді Анамызға арнауды жөн көрдік.
Қайғының ең үлкені – асқар таудың құлауы, жарық күннің сөнуі – Ананың перзентке деген махаббатын, аялы алақанының жылуын енді ешқашан сезе алмауы екен…
2017 жылдың 30 маусымы күні тату-тәтті өмір сүріп жатқан үлкен отбасымызға қайғы бұлты үйіріліп, тағдырдың тосыннан келген ауыр сынағына тап болып, ардақты Анамыз, қамқор Әжеміз, әулетіміздің бәйтерегі БАНУ ҚАЛИҚЫЗЫ ДҮЙСЕМБАЙ келінінен айырылып қалдық.
Ойламаған жерден осындай қайғыға душар болдық. Қырқы да таяп қалыпты…
Анамыз Бану (Айтбану) Қалиқызы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының Комсомол шыңы аулында 1927 жылы туған еді.
Еңбек жолын соғыс жылдары бастады. 1944 жылдың көктемінде Атасу станциясында ФЗО-ны бітіріп, Жезқазған қаласында паровоз машинисінің көмекшісі болып жұмыс істеді, күрекпен пешке көмір лақтырды.
Сонау жастық шақта әкеміздің ағасы Әмірқан ата мен оның зайыбы Үкіш апа (жандары жәннатта болғай) екі жасты таныстырып, 1944 жылының қараша айында отау құруға себепшілер болған еді.
Сол отау берекелі шаңыраққа айналды. Айтбану анамыз 60 жылдан астам уақыт бір шаңырықтың түтінін түтеткен, бес ұл мен үш қыз тәрбиелеп өсірген, 17 немеренің қызығын көрген, 27 шөберені аймалаған, көмейінен жылы сөзі төгілген, ерекше сүйкімді жан еді. Ол – «Күміс алқа» және «Алтын алқа» ордендерімен марапатталған. Ана еңбегінің биік бағаланғаны үшін риза еді.
Асыл анамыз ағайын-туысқандарға, құда-құдағиларға, жора-жолдасқа, көршілерге сыйлы болатын. Үйге кім келсе де қарсы алып, дастарқанын жайып отыратын.
Балаларының, немерелерінің, шөберелерінің жоғары білім алып, заманның талабына сай әр салада маман болғанын қалайтын. Қадырхан әкеміз бен Айтбану анамыздың ұрпақтары қазір Дүйсембаевтар әулетінің жақсы істерін жалғастырып келеді. Бәріміз де аяулы анамыздың еңбегін ақтап, білімді маман атандық.
Қыздарын құтты орнына қондырды, ұлдарын аяқтандырды, келіндерін өзіне сай тәрбиелеп, қолдарынан шай ішіп, немере мен шөбере сүйді. Мәуелі бәйтерек анамыздың сенімін ақтауға ант береміз.
Анамыздың нұрлы бейнесі әрдайым жадымызда сақталады.
Мәңгілік, бақилық болып кетсеңіз де өмірден, ардақты Ана, Әже, кетпейсіз ешуақытта жүрегімізден.
Дүйсембаевтар әулеті.