Ресми

Қазақстан сейсмологтары не дейді?

Түркиядағы зілзала апаттың айтып келмейтінін тағы бір ескертті. Осы орайда, республикамыздағы мамандар жеріміздің тынысына құлақ тосып көрді. Қамсыз қалмауды мақсат еткен алматылық құтқарушылар пилоттық режимде жер сілкінісі туралы ерте хабарлау жүйесін енгізіп, Жапонияның тәжірибесін қабылдады. Бұл жүйе тек автоматтандырылған ғана емес, сонымен қатар, 28 сейсмикалық станция қызметін ілгерілетеді. Өткен жылы бірінші кезең аяқталып, 11 сейсмостанция құрылды. Осы жылдың соңына дейін қосымша 17 сейсмостанция құру жоспары бар. Бұл туралы Сенат депутаттарының Сейсмология институтына жұмыс сапары барысында мәлім болды.

Маңызды жүздесу барысында Парламент Сенатының Халықаралық ынтымақтастық, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері – Ғалиасқар Сарыбаев, Сергей Ершов және Жанна Асанова еліміздің сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зілзала тәуекелдерін төмендету шараларымен танысты. Сейсмология институтының директоры Дәулет Cәрсенбаев Қазақстандағы жер сілкіністерінің мониторингі мен болжамы, Алматы қаласындағы сейсмологиялық бақылау бойынша өзекті проблемаларды шешу жолдары жайына тоқталды.

Жаңа жүйе автоматты режимде жойқын сейсмикалық толқынның қалаға жақындағаны туралы дабылды қолыңыздағы мобильді қосымшаның көмегімен алдын ала хабарлауға арналған. Сейсмостанциялар Алматы сейсмикалық полигонының аумағында, сейсмология институтының қолданыстағы станцияларының базасында, сондай-ақ, Алматы облысының жекелеген жер учаскелерінде орналасатын болады.

Ескерту жүйесі AppStore немесе PlayMarket платформаларынан жүктеуге болатын тегін «Дармен» мобильді қосымшасымен біріктіріледі. Мамандар қала айналасында қауіптің жақындағаны туралы бірнеше ондаған секунд ішінде ескертуге мүмкіндік беретін сейсмикалық датчиктер орнатуда.

Сейсмология институты комиссиясының қорытындысы бойынша, Алматы болжамдық полигонының аумағында биыл қатты жойқын жер сілкінісі күтілмейді.

Алынған деректер мен параметрлердің негізіндегі талдау еліміздің 68 сейсмологиялық станциясынан жіберілген ақпараттардан түзіледі. Жер сілкінісі туралы қысқамерзімді болжам жұмыстары комиссия тарапынан әр сәрсенбі сайын жүргізіледі. Сараптама қорытындысы барлық директивалық органдарға жолданады.

Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында Сенат депутаттарына Қазақстанның бүкіл аумағына сейсмикалық мониторинг жүргізу, станциялар желісін кеңейту қажеттілігі, әзірленіп жатқан көмірсутек шикізаты кен орындарында мониторингтің бірыңғай геодинамикалық жүйесін енгізу, олардың сейсмикалық тұрақтылығын қауіпті өңірлердегі құрылыс талаптарына сәйкестігін бағалау бойынша өзекті мәселелер қарастырылды.

Алайда, бұл салада қауіпті аймақтар картасын бекіту, Қазақстан облыстары мен қалалары аумақтарының сейсмикалық тәуекелдерін бағалауды жүргізу механизмінің болмауы сынды мәселелер шешімін күтіп тұр.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button